Америка университетінің профессоры атанған қазақ

Сулейман Демирел университетінің түлегі Мейрам Мырзаболатов Пенсильвания штаты университетінің профессоры атанды. 33 жасар алматылық Мейрам Мырзаболатовтың жетістігі СДУ түлектері мен студенттеріне зор үлгі болды. Орасан тәжірибесі, білімі мен қабілетінің арқасында ол жеке кәсібін ашып, IT-технологиясы саласында табысты кәсіпкер атанып, шетелді бағындырар мүмкіндігі бар еді. Алайда ол ғылымды таңдап, өмірін оқытушылық қызметке арнады. Табанды еңбегінің арқасында докторлық диссертация қорғап, АҚШ-тың белді мемлекеттік оқу орнының профессоры атағына ие болды.

Сапарға шығар алдында жас ғалым СДУ қабыр-ғасына келіп, жеке жетістігімен бөлісті. Мейрамның айтуынша, математика ғылымына деген құштарлық оның бойына мектепте сабақ берген анасынан дарыған.
— Бала кезімнен, математикалық тапсырмаларды, ойжұмбақтарды шешуге құмартып, ақтөбелік қазақ-түрік лицейінің қабырғасында жүргенде-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болатынмын. СДУ-ды таңдауым кездейсоқ емес, өйткені оқу орнының шетелге жол ашатын басты ерекшелігі — ағылшын тілінде білім беруі болды. Жаратылыстану факультетінің үшінші курсында жүріп, мен оқытушының көмекшісі ретінде алғаш рет сабақ бере бастадым, — дейді Мейрам.
Бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған соң, 2012 жылы Мейрам Пенсильвания штатының университетіне компьютерлік ғылымдар саласы бойынша докторантураға қабылданды. Содан бері алты жыл бойы Мейрам университет қабырғасында дәріс беріп, докторлық диссертациясын қорғаған. Профессор дәрежесін иеленген жас ғалым, санаулы күндер аралығында жаңа ғылыми дәрежеде өз жұмысына кіріспек.
Ол СДУ-дағы тәжірибесі жайлы ерекше ықыласпен еске алады және мансабының алғашқы қадамы осы білім ордасында бастау алғанын айтады.
— Бакалавриатты аяқтаған соң, мен СДУ магистратурасына математика ғылымы саласына түстім. Сол кезеңнен-ақ, мен ғылыммен айналысып, профессор болу үшін, маған докторлық дәреже қажет екендігін нақты түсіндім. Дәл осы кезде білімімді шетелде жалғастырамын деп бел будым, — дейді Мырзаболатов.
Отанынан шалғайда, Пенсильвания университетіндегі әріптестері арасында жалғыз қазақ баласы бола тұра, Мейрамды елдегі ғылымның дамуы толғандырды. Ол отандастарын сағынып, ағайын-туыс пен ұлттық тағамды, туған жердің топырағын аңсаса да, қайтсем білімімді шыңдап, елге оралып, ғылымды дамытамын деген ой санасына тыным бермеген. Қазір де бұл ой оған күш-қуат беріп, болашаққа жол сілтейді.
— Қазіргі таңда елдегі ғылымның дәре-жесі ойдағыдай емес екендігі баршамызға белгілі. Әрине ғылым деңгейін көтеріп, батыстан да жоғары дәрежеге жеткізу арманы маған маза бермейді. Алайда бұл үшін білімдар адамдар керек. Мүмкін менің қарапайым мысалым өзге де жас ұрпақ өкілдеріне түрткі болып, олар шетелден білім алып, отанымызға келіп тәжірибесімен бөлісер, — деген үмітте профессор.
Бұл күні жастар тез табыс тауып, жетістікке жылдам қол жеткізуге құмар болса да, Мейрам жақын арада ғылымның құны артып, білімді жас буын өкілдері елдегі білім саласын көркейтеді деген зор сенімде.
Батыстық білім мен отандық білім айырмашылықтарына тоқтала отырып, Мейрам біздегі білім жүйесінің кемшіл тұстары мен жетістігін ашық айтты.
— Айта кететін жайт, біздің мемлекетте бакалавриат, әсіресе IТ бағыты бойынша батыстық дәрежеден еш кем емес. Алдың-ғы қатарлы техникалық оқу орындары заманауи үрдісте білім беруде әрі студенттер батыстық жүйе бойынша толық ақпаратты алуда, деп нақты айта аламын. Бірақ магистратура мен ғылыми-зерттеу бағыттары елімізде кенже қалған, — деген пікірде жас ғалым.
Студенттік қауымдастыққа келсек, Мейрамның пікірінше, біздің жастар батыстық құрбыластарына қарағанда әлдеқайда қарапайым. Шетелдік жастар бала кезінен өздерін көшбасшы санап, бар білімін көрсетуден қымсынбайды, кейде бойларында менмендік те басым, — дейді ол.
20-тамыздан бастап, Мейрам АҚШ-қа қайта оралып күнделікті жұмысына кіріседі. Оқытушылық қызметпен қатар жас профессор ғылыми жұмыстарын жоғары импакт-факторлы ғылыми баспаларға шығаруды жоспарлауда. Мырзаболатовтың бірқатар ғылыми жұмыстары диссертациялық еңбегін қорғау барысында баспа беттерінде жарық көрген. Бұл профессорлық қызметтің негізгі бөлігі, — дейді Мейрам.
— Американдықтардан не үйренуге болады? Бұл көздеген мақсатыңды бірнеше жыл бұрын нақты жоспарлау қасиеті. Неліктен шетелдегі білім сапалы? Онда профессорлар грантқа тапсырыс береді, жоспар құрып, өз жобаларына сәйкес грантқа ие болады. Осы орайда грант оқу ақысы мен шәкіртақысын толықтай қамтиды. Осындай шарт бойынша менің де жетекшім мені жұмысқа алып отыр. Нәтижесінде әрқайсысымыз мойнымызға жүктелген міндетті терең сезінеміз, — деп бөлісті Мейрам.
Туған білім ошағында Мейрамды әріптестері мен достары құшақ жая қарсы алып, ақ жол тілеп, биік белестерді бағындыруға баталарын жаудырды. Санаулы күндердің аралығында ол қайта мұхит асып, өз қызметіне кірісіп кетеді. Алайда оның елім деп соққан, патриоттық сезімге толы жүрегі кіндік қаны тамған жерінде қалады. Отаныма оралам деген ой оны кез келген атақ-дәреже, мансаптан да жоғары қанаттандырып, жаңа жетістіктерге жетелейді. Міне, Пенсильвания штаты білім ордасының ең жас профессорының табыс кілті мен қарапайым оқиғасы осындай.
— Отандық жастарға айтарым, әрдайым алдарыңа биік мақсат қойып, оған қол жеткізуге аянбай күш салу қажет. Еш уақытта жалқаулыққа жол бермей, алдын ала бәрін жоспарлап, қиындыққа мойымау. Жарым жол жүріп те жетістіктің тең жартысына қол жеткізуге болады. Әрдайым шыншыл болып, егер өзіңнен білімі асқан адам кездессе, оған жол беру қажет. Бәлкім, менің өмірлік ұстаным мен ұраным осы болар, — деген пікірін білдірді Мейрам Мырзаболатов.

Құрметпен, Сүлейман Демирел университетінің
PR және маркетинг Департамент

(36)