Мен айтпасам, сен айтпасаң кім айтар?!

Қазіргі қазақ әдебиетінің  белгілі  тұлғаларының  бірі  Өтеген  Оралбайұлының  «Шуақты шақ»  атты жыр жинағы  азаматтық поэзияның  ақындық болмыспен көркем көрінуіне нақты мысал бола алады.
Әр дәуірде ақын — заман тамыршысы, сыншысы, әрі оның рухани өмірінің жазбагері.Өйткені, ақын жүрек — сезімтал, аңғарымпаз өнер иесі. Осы бір қасиеттерді табиғат  ақынға сыйлаған. Қай дәуірде болмасын жыраулар мен жыршылар, ақындар халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, шындықты шырқырата айтып, әділет жолындағы  күрескер болып қана қоймай, жеме-жемге келгенде бес қаруын асынып атқа қонған. Біз кітабын парақтап отырған ақынымыз Өтеген Оралбайұлы — сол дәстүрді жалғастырушы, ел көкейіндегі сөзді айтушы. Оқып қараңыз:
Мен айтпасам, сен айтпасаң, кім айтар,
Өгей айтар, өтірігі мұңайтар.
Мысық тілеу мақтағандар есепшіл,
Ақын айтса адал айтар, шын айтар, — дейді ол кітаптың алғашқы ашылуындағы «Тәуелсіздікке тағзым» атты салтанатты, сындарлы өлеңінде.
Ақын осы кредоны  Құбылаға  ала отырып, бодандықтың қамытын қалай кигенімізді жырға қосып, өткеннің өкініші мен бүгіннің қажетті қарекетін, қазіргі таңдағы тәуелсіздіктің тұғырын бекітудің баянын барынша жеткізген. Бүгінде әлемде бізге көз тіккен үлкенді-кішілі елдердің бар екендігін ескертіп, олардың қазақ жұртына сын көзімен қарап отырғанын назарға бере отырып, «тек намысың қалғып-ұйықтап кетпесін» — деп тарихтың сабағын ұмытпауға, қоғамдық-саяси сергектікке шақырады:
Озған жылдар өнегесін жолдайды,
Отқа жансын, суға батсын сол қайғы.
Тәуелсіздік болу үшін мәңгілік,
Ұмытпасты ұмытуға болмайды!
Біз көріп отырған бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтыр мен кемшіліктер ақын жүрегін мазалайды, ренжітеді, ойға салады. Ел аңсаған тәуелсіздік,ел еншілеген еркіндік, теңдік, әділдік, шындық сияқты рухани ұғымдардың кейде жалаң ұранға айналғанына назаланып, астарлы ойды аңдатып, шебер сарказммен сын нысанасына іледі:
Сыңқ етіп, сыпсыңдап сауысқан,
(Қулықтың оқуын тауысқан).
Аққуға қарайды мысқылмен,
Дегендей: Сұлулық ауысқан.

Барлығы, баршасы ауысты,
Ақиқат аңызбен қауышты.
Кешегі коммунист молда боп,
Оқудың төтесін тауысты.
Бұл шындықты көбіміз біліп, іштен тынып қалатын жағдайлар да бар екенін жасыруға бола ма? Әрине, жоқ. Шындық ащы, бірақ оның кермек дәмі ақын жүрегі арқылы өтіп жатыр.
«Мен сені Құбылам деп Хақтан етемін», — деп сөз сертін берген ақын ел сенген шенділер мен шекпенділер халқына адал еңбек етсе, ел несібесі молайып, ырыздығы арта түсер еді азаматтық көзқарасын ақиқат тілімен береді.
Сөз қозғап отырған ақынымыз, қоғамдағы болып жатқан қайшылықтарды сырттан байқап,  жадағай тон пішуші емес, саясаттың қазанында қайнаған қоғам қайраткері, өз көзімен көріп, құлағымен естіп, бетпе-бет келген келеңсіздіктерді «шекпенім су болып қалар» демей, ашық айтады. Ақын жинағында мұндай ащы болса да ақиқат жырлар баршылық.
Ақиқатты тайсалмай айтып салса да, бір сәт өткен тарихқа көз салып, елеп екшеп, «батыр аңқау, ер күдек» дегендей, әрідегі Қазтуған мен Шалкиіздің, одан берідегі  Махамбет пен Исатайдың,  қаһарлы күндерде  басын берсе де, намысын бермеген Кенесарының, кеңестік кезеңнің кермек дәмін жұтқан Қасым мен Мұқағалидың, берідегі шындықты шырқыратқандардың кейінгі тағдырлары ақынды  қатты толғандырған:
Біреулер бар келеңсіз,
Біреулер бар еренсіз.
Батыр деген бір оқтық,
Өлтіре алмай, өлерсіз, — дейді ол бір жырында.
Ақындық жолдың ауырлығын «Өлең мені алып шықты сан төрге,өлең мені салды кейде күйікке» дей келе,  қазақ жырының, ұлт сөзінің ұлағаты алдында қашанда арға жүгінгенін ашып айтады. Жинақтағы мұндай намысты, аршынды жолдар оқырман рухын оятып, қазіргі Рухани жаңғыру процесіне парасат пернесі болып қосылған.
Шындықты айтқан ақын көңіл бір сәт жабырқау тартып, сонау бір алыста қалған алаңсыз күндерді аңсайды :
Күн төбеде тұрғанда, бәрі жарық,
Жақсылықты жатушы ек танып алып.
Дос та бізде көп еді, қас жоқ еді,
Сағынсақ біз сол күнді сағыналық
Ақын көңіл қызық, табиғат сыйға тартқан  жыл мезгілдері сияқты, аумалы төппелі, лезде өзгеріп сала береді, бірақ достықты «өкпеге қиса да, өлімге қимайды»:
Досқа сендім. Ақаусыз, алаңдамай,
Жанымды алып жетуші ем оған қарай
Атым озып келгенде араз болды,
Үн қатпастан кеттім мен жамандамай.
Бұл жерде азаматтық арлылық, жолдастық парасаттылық көрінеді. Жел сөзге иық бермейтін мінездің көркем көрінісі бар. Мархабатты мінез бар.
Туған жерге келгенде жаны нәзік ақын қоғамдағы әлеуметтік кемшілікті көргенде, жатырқанып, шамданып, жең ұшынан жалғасып, дүниені жалпағынан басып жүрген даңғойлықтың ерсі қылықтары мен рухани жұтаңдығын ашып көрсетіп, қоғам үшін оның салдарының аса қауіпті екендігін ескертіп, қанағат пен тәубеге шақырады:
Тәкаппарсып, тасынып, талтаңдаған,
Мынау кім-ей, бармағы бал таңдаған?
Араны үлкен анау ғой, таныдың ба,
Зорды көрсе қорынып,  жалпаңдаған.

Пәленшенің балдызы, жиендері,
Пәленшенің жалғызы, күйеулері.
Ішкендері алдында, ішпегі артта,
Анау үйде, ана үйде сүйеулері.
Ақын — заман перзенті. «Ақын болу мақсат емес, азамат болу парыз» деген қағиданы көп айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде ақын Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағы ақындықтың азаматтық болмысын қапысыз танытқан қазыналы сыбаға екенін айтуды өзіме парыз санадым. Біз ақын-ның өлең кітабын парақтағанда, қайраткерлік қырын танытқан өлеңдеріне деген бек сүйіспеншілігімізді арқау еттік. Ақынның махаббат, табиғат лирикаларының өзі бөлек әңгіме.
Мен тарихшы ғалым ретінде оның «Нығмет айы — Наурыз» және «Соғыс балалары» деген дастандары қазақ әдебиетіне тың тақырыпты ала келген туындылар деген пікірдемін.
Бір ғана «Ұлт ұраны — Ұлытау» дас-танының көтеріп тұрған жүгі қаншама кітаптарға татырлық қазына. Қазақ жерінің батысында туып-өскен ақынның бүкіл қазаққа ортақ Ұлытауды осынша білгірлікпен, ділгірлікпен, дәйектілікпен, аса зор сүйіспеншілікпен, заманға ұштастырып, жоғары пафоспен жырлауы Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Ел алдындағы парызы мен қарызын шыншылдықты ту етіп, адал орындап келе жатқан отаншыл ақынның «Шуақты шақ» атты жыр жинағы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықпен аталып өтуге әбден лайықты деп сенеміз.

Абат  Үржанов,
Ө.Байқоңыров атындағы  Жезқазған  университетінің доценті,
Тарих ғылымдарының кандидаты,
Қарағанды облысы.

(19)