«Алтын адамдардың» атасы табылды

Тар-бағатай-дағы Елеке сазы жайлауынан тағы бір «Алтын адам» табылды. Сап алтынмен апталған сақ сардарының сүйегін жоба жетекшісі Зейнолла Самашев Өскемендегі облыстық өлкетану мұражайына жеткізіп, облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге баспасөз мәслихатын өткізді.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл «Алтын адам» бұрынғы табылған алтын киімділерден бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, бұл — біздің эрамызға дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген көне сақ дәуірінің адамы. Яғни, бұған дейінгі табылған жәдігерлерден төрт ғасыр бұрын жерленген. Екіншіден, бұл — еліміздегі табылған «Алтын адамдардың» ішіндегі тоналмай бізге жеткен екінші «Алтын адам». Алғашқысы осыдан жарты ғасыр бұрын Есіктен табылғаны белгілі. Бірақ ол адамның қазірге дейін бас сүйегі табылмай келе жатқанын айтады ғалымдар.

— Біз Елеке сазы жайлауынан екі қабірді қаздық. Оның біріншісі су шайып, апаттық жағдайда тұрған еді. Ішінен алтын бұйымдар мен айна сияқты жәдігерлер табылды. Ал екінші қорымнан тоналмаған «Алтын адам» шықты. Негізі осы «Алтын адамның» жанында тағы бір үлкен қорым болыпты. Өкінішке қарай, ол тоналып кеткен. Ал қасында жатқан бұл адамды тонаушылар байқамаса керек, тас үйіндісінің астында қалыпты, — дейді Зейнолла Самашев.
Бұған дейінгі Шығыс жерінен табылған «Алтын адамдардың» көбі тоналып кеткені белгілі. Ал тарбағатайлық  азаматтың алтыннан таққан дүниелері қаз-қалпында сақталған. Бас киімнің қос құлақшынына тағылған алтын әшекейлерден басталатын жауһар жәдігерлер кез келген адамды жолдан тайдырардай жайнап тұр. Әртүрлі аңдар бейнеленген зергерлік бұйымдардың жасалуының өзі ерекше. Әсіресе анау мойнына таққан бір келілік сап алтыннан жасалған алқасы мәйіттің қарапайым адамдардың қатарынан емес екенін аңғартады. Киімінің өңірінде барыс бейнелі сом алтыннан соғылған әшекей бұйымдар болса, белбеудегі зергерлік өнер тіптен айрықша. Сол жағына қорамсақ асыныпты. Қорамсақ ішінде бірнеше тал жебе тұр. Оң жағына қанжар ілінген. Қанжардың қыны да ерекше ықыласпен алтынмен безендірілген. Ал қылыштың өзі басқа металдан жасалған. Қазба барысында ең көп ұсақ алтын аяқ киімнен табылған. Аяқ киімнің неден жасалғаны белгісіз, бірақ алтынмен әспеттеген әшекей бұйымдардың кейбірін ұлғайтқыш әйнектің көмегімен әзер көресің. Анау қорамсақтың түбіне қарай салынған сүзіскелі тұрған екі бұғының суреті сол дәуірдің мәдениеті мен өнері жайлы көп әңгіме айтып тұр. Тіпті зергерлік бұйымдардағы кейбір өрнектерді бүгінгі заманауи техникалардың өзі сала алмайтынын айтады мамандар.
— Атақты археолог Зейнолла Самашев тағы бір үлкен жаңалықтың бетін ашып отыр. Ол бұған дейін басқа бір қазба жұмысты аяқтаған болатын. Өткен заманның сегізінші ғасырында қандай тамаша жұмыстар істелгенін қараңыздар. Біз осындай «Алтын адамдар» арқылы ата-бабаларымыздың өркениетімен мақтанатын боламыз. Бұл жерде тек өнер ғана емес, үлкен индустриялық жұмыстар жүргізілгенін аңғару қиын емес, — деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Алтынмен апталған азаматтың жасын 17-18-дер шамасында деп тұрақтандырыпты антропологтар. Зер салып қараған адам  мәйіттің жіліктері бірнеше жерден тесілгенін аңғарады. Сондай-ақ бастың жақ сүйегінің тұсында түтікше тәріздес бөгде зат бар. Сөйтсек мәйітті мумиялау үшін әуелі жілік майын алып тастайды екен. Жаңағы жілік сүйектегі тесіктер сол бальзамдау барысында пайда болыпты. Ал сізге арғы бабаларымыздың медицина деңгейі мен өнері керек болса! Соның арқасында араға 2800 жыл салып бізге жетіп отыр.
— Бұл сүйек те көшпенділердің әдісімен мумияланған. Сүйектері тесілген. Бірақ жас жігіттің денесінде басқадай жарақаттар болмағандықтан, неден өлгенін айту әзірше қиын, — дейді Мәскеуден арнайы келген антрополог Егор Китов.
Сол заманның тұрғысынан қарағанда, жас жігіт өте ірі денелі болғанын айтқан Зейнолла Самашев «бұл бұған дейін табылған «Алтын адамдардың» атасы деуге болады», — деді. Әрине, жас мөлшері кіші болғанымен, өмір сүрген кездеріне қарап берілген баға ғой бұл.
Сүйекті жатқан топырағымен бірге табытқа салып облыс орталығына  әкелген археологтар енді сауыт-саймандарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын істеп, жәдігердің көшірмесін жасауды қолға алатындарын айтады. Бұйырса, өлкетану мұражайының жаңа ғимаратындағы негізгі жәдігерлердің бірі болып осы адам тұратын болады. Бірақ қарт археолог көшірмесін үштен асырмаймыз деп отыр. Өйткені көшірмесі көбейген жәдігердің құндылығы әлсірейтін көрінеді.
Елеке сазы жайлауын аталмыш археологиялық жұмыс тобы соңғы жеті-сегіз жылдан бері назарға алып келе жатқанымен, былтырдан бері жүйелі жұмыс жүргізген. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бес өңірдегі; Қырық үңгір, Шілікті, Берел, Абылайкит және осы Тарбағатай жайлауында қазба жұмыстары жүргізіле бастаған болатын. З.Самашевтың айтуынша, Елеке сазындағы патшалар жазығынан табылған бұл алғашқы адам болғанымен, соңғысы болмауы тиіс. Тонаушылардың сүзгісіне ілінбей қалған талай жәдігерлер жасырынып жатқаны бек мүмкін.
Мәңгілікке тыныштық тапқан бабалар қорғанын не үшін қопарып  жүрміз,  «Рухани жаңғыру» дегеніміз бабалардың рухын үркіту емес қой дейтіндер де бар. Археологтарды қызықтырып жүрген алтын емес, алтыннан да қымбат баба тарихы. Солардың өркениеті. Осы жолы табылған «Алтын адам» арқылы біз, біріншіден, ерте сақ дәуіріндегі бабалардың өркениеті мен өндірістік технологиясын аңғардық. Әйтпесе, көзге көрінер-көрінбес алтыннан мынадай әшекей бұйымдар жасау бүгіннің өзінде екінің бірінің қолынан келмесі ақиқат.  Бүгінгі айтып жүргеніміздей, біздің бабалар білім мен ғылымды өзгелерден үйренбеген. Екіншіден, бұл «Алтын адам» толықтай сақталғандықтан, сол дәуірдің салт-санасынан, тұрмыс-қарекетінен, наным-сенімінен толықтай ақпарат береді. Бұрын тоналып кеткен қабірлерді ақтарып, болжау арқылы шешім шығарса, енді бар дүниелерді ғылыми талқыға салып, арнайы аспаптармен анығын айтады. Сайын даладан табылған саф алтынды салмақтап, сүйектік тегін тектеу көрші елдің ғалымдарының еншісінде.

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Тілеубек Шаяхметов

(18)