ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР, ОҚУЛЫҚСЫЗ БАЛАЛАР…

7 шілде күні өткен Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру мен ғылымды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында іске асыру мәселесі жөнінде баяндама жасады. Министрдің сөзінен аңғарғанымыз, соңғы жылдардағы орта білім беретін мекемелердегі оқулықтың жетіспеушілігі, үш ауысымды мектеп секілді проблемалар сол қалпында екен.
Республикалық бюджет есебінен жыл сайын 170-ке жуық мектеп салынса да, үш ауысымды және апатты жағдайдағы орта білім беру мекемелерінің мәселесін үлкен қалаларда жан басына қаржыландыру механизмі арқылы шешеміз деген министр:
— Бүгінгі күні елде үш ауысымдағы 120-ға жуық мектеп бар. Оның ішінде, Алматы облысында 27, Ақтөбе облысында 24, Түркістан облысында 12, Ақмола облысында 12, Атырау облысында 11 мектептің оқушылары үш ауысым бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар, елде 44 мектеп апатты жағдайда тұр. Оның көбі Түркістан облысына тиесілі. Мұнда тозығы жеткен 12 мектеп болса, дәл осындай білім ошағы Жамбылда — 7, Атырау мен БҚО-да алтаудан бар, — деп «ә» дегеннен-ақ нақты цифрларды сөйлете бастады.
Әрине, халық көп шоғырланған Түркістан облысында мұндай мектептердің көп болуы қауіпті. Ал үш ауысымда оқитын мектептердің әлі күнге сақталуының себебі — демографиялық процестерге тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Әйтсе де, Астана қаласы мектептерінің мәселесі басқа аймақтарға қарағанда сәл өзгешелеу екен. Бұл жөнінде:
— 2017 жылы Астанаға еліміздің басқа аймағынан 80 мыңға жуық адам көшіп келсе, олардың 17 мыңға жуығы — мектеп жасындағы балалар. Бұл жыл сайын шамамен 15 жаңа үлкен мектеп салу қажет екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта мемлекет мектепті жаппай салуға бұрын болмаған қаражат бөлсе де, осы мәселені толығымен шешу үшін жан басына қаржыландыру, яғни, жекеменшік компанияларды мектептер салуға тарту жұмысын барлық қалада қазірден бастап қолға алуға мәжбүрміз, — деді Е.Сағадиев.
Еліміздегі білім саласына қатысты түйткілді мәселенің бірі — оқулықтардың сапасы және олардың жетіспеушілігі екені баршаға мәлім. Дәл осы «оқулықтардың жырына» келгенде министрдің де, кітаптарды құрастырушылардың да жексұрын болғанына екі-үш жылдың жүзі болды. Былтырдан бастап 1, 2, 5 және 7-сынып оқушылары жаңа оқу бағдарламасының оқулықтары бойынша, ал, жаңа оқу жылынан бастап, 3, 6 және 8-сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшпек. Министрдің айтуынша, оқулықтар дайын, түгелдей сараптамадан өткен және басылған. Облыстарға жеткізу жұмыстары жергілікті әкімдіктердің мойнында болғандықтан, әзірге оқулықтарды алуға асықпай отырған бірнеше өңір бар. Олар – Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысындағы Зерен ауданы, Түркістан облысындағы 4 аудан. Жаңа оқу жылына жиырма күн қалғанда бұл жұмыстар қолға алынбағандықтан, ертеңгі күні ел арасында «оқулық жетіспейді» деген сарындағы дау туу әбден ықтимал. Бұған Е.Сағадиевтің де көзі анық жетіп отыр және ол жергілікті билік өкілдерінен осы іске жауапкершілікпен қарауларын сұрайды. Дегенмен министр оқулықтардың санынан сапасы маңыздырақ екенін тағы да ескермеген сыңайлы. Сараптамадан өткені ғана белгілі болғандықтан, жаңа оқулықтарда мектеп жасындағы балаларды қандай «жаңалық» күтіп тұрғаны әзірге беймәлім.
Министрдің жақсы жаңалықтары да жоқ емес. Мәселен, электронды үкімет пен әкімдіктің интеграциясының арқасында елдегі 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске  асырылған екен. Сонымен бірге Е.Сағадиев  жыл соңына дейін аталмыш жүйеге барлық өңірдің қосылатынын да жеткізді. Жоғарыда жаңартылған мазмұн бойынша оқулықтардың басылып шыққанын айтқан едік. Білім және ғылым министрінің айтуынша, алдағы оқу жылының соңына дейін республика бойынша оқушылардың 75%-ы жаңартылған мазмұн бойынша оқитын болса, бұл тұрғыда шамамен 150 мың мұғалім арнайы оқудан өткен.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(16)