«Қазақ ырымдарына сенбесем де, жақсы өмір сүрем» демеңіз!

Өмір сүру дегеннің өзі де бірнеше түрлі. Соның арасында тек қана бүгінмен өмір сүру бар. Қазіргі кезеңде осындай тағылымдыға айналған ауқаттылар алдымен артынан не боларын ойлай алмайды. Мынау тіршіліктің қуанышты күйі осы қалпымен қанша жылға барады? Сезіне алсаңыз, жаңа қазақ үшін бұл күрделі сұрақ. Өткен өмірді есіне түсіргісі келмейтін, ертеңгі істерді кешегімен салыстыра бағалауды ұнамайтын осы күнгі жаңа қазақтар тым өзімшіл. Сол себептен де қазақы ырымдарды надандықтың белгісі деп жүрсіз. Десек те, тереңнен жеткен сол наным-сенімдерге кісінің илану-иланбауы оның ми жүйесіндегі қабілетімен тікелей байланысты. Еріншек, милы, жалқау пенде ойланғанды жек көреді. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәрсені ғана мойындайды. «Сонда да болса, олар қалталы ғой» — деп бұндайларға қызыға қарайтындар көп.

Қазақы ырымдарды еске алу тұрмақ, бүгінде сол қазақтың жалпы атауына намыстанатын дүбәра қанды қазақ беттілер көше бойында молайған сайын ұлттың ертеңі байқаусыз түрде жіңішкеріп барады. Болашаққа апаратын үлкен даңғылды өзіміз солай тарылтып тұрмыз. Жүрген ортаңда кемтар балалар мен сырқатты аналар көп. Жасына жетпей қартайған ер жігіттер бар. Үйлене сала ажырасқандар жүр. Қызмет бабын жеке бастың қамы үшін асыра пайдаланып, келе-келе жасырын құлдар ұстауға дейін жеткен төре қазақтар шықты. Сондай төре қазақтардың биік қамалды қора жайының сыртындағы көше бойында кімдер жүргеніне мән бердіңіз бе?
Қазақы жүрек бар жерде ырымшылдық болады. Ырымдарды еске алу арқылы керек болса әлемдік саясатты да алдын ала болжап білуге әр қазақтың мүмкіндігі бар. Жаңа замандағылар тұтастай институт ұйымдастырып, соған лайықты деген зерттеушілерін ғылыми атақ-даңқпен баптау арқылы саяси болжам жасатады. Сондағы ол болжамның бар дәлдігі 1  пайыз мөлшерден ары аспайды. Осыны Ауғанстандағы соғыс дәлелдеді. Ал енді, қазақы ырымдарға сүйенсеңіз, тұтастай институттың бүкіл жұмысын бір-ақ кісі атқарып, сіздер күткен саяси болжамды ең болмағанда 75 пайыз мөлшердегі дәлдікпен жеткізер еді. Баяғы Кеңес Үкіметінің дүркіреп тұрған кезінде оның ертеңі қалай боларын алдын ала болжап білгендер болды.
Кеңес Одағы күшейіп тұрған 1960 жылдардың өзінде дәл сол Одаққа қарай Ауғанстан жақтан төнетін қауіп барын алдын ала болжап білетін ырымшылдар болды. Десек те, дәл сол саяси болжамдарды қазақы ырымдарға сүйеніп дәл жасау кез келгеннің қолынан келетін оңай нәрсе емес. Ол үшін сіздегі дүниетаным жетік болу керек. Кісінің ойлау қабілеті жоғарғы кеңістік көлемінде болса ғана, қазақы ырымдарды ісіңде дөп басып қолданасың. Бұл жерде математикалық логика басты рөлде. Қазақы ырымның кез келгені кісідегі ми қуатының математкиалық логика күшімен сыртқы дүниенің өріс күшін ұштастыра білуге негізделген өте ауыр жұмыс. Сол себептен де танымы төмен қазіргі тұрғындар қазақы ырымдарға мүлдем сүйенбей қалды. Ми жүйедегі логика күші әлсіз болған соң «ондайдың болуы мүмкін емес» деген сылтаумен ырым атаулыны жоққа балайсың. Болатын оқиға маңдайға сарт етіп тиген сәтте бірақ көресің. Мысалы, қазіргі тұрғындар мүлдем есепке алмайтын басты пәле — көше бойындағы үйлердің бұрышынан байқаусыз сәтте шыға келіп, жаяудың алдын кесетін алуан түрлі мысықтар. Ол мысықтардың жүрісі кісінің ертеңгі жұмыстарына қандай деңгейде ықпалды екеніне сіз мән бермейсіз. Ислам дінді халықтар бұндайға көңіл бөле ме, жоқ па, ол жағын білмейміз. Мынау кезеңде Ислам дінді болуға бет алған жаңа қазақтар бұндаймен байланысты ұлттық ырымға басы бүтін қарсы. Сонысымен де орасан кедергі жасайды.
Жалпы алғанда кез келген халықтың алуан түрлі ырымдары бар. Содан баршаға ортағы қара мысықпен байланысты ырымдар. Мысықты жақсы көретін орыстардың өзі де қара мысық алдын кессе жаман қорқады. Ислам дінді болуға бет бұрған кейбір қазақтар бұндайға мән бермеуді көпшілікке уағыздап жүр. Білер болсақ, осының өзі де барып тұрған діни сауатсыздық. Байсың ба, әлде кедей тұрмыстағы халықсың ба, әйтеуір жер бетіндегілердің бәрінде ұлттық ырымдар бар екені рас. Бұндай бар нәрсенің қайсысы да бізді күнделікті ойландыруға тиісті.
Халықтың тарихымен бірге жа-сасқан наным-сенімдер — ғылыми философиялық негіздегі шынайы дүние. Ондайды танып білуге қазіргілердің ми қабілеті жетпейді екен деп өмірдегі атқарар ісін олар тоқтатпайды. Мысалы, осы кезеңде үйсіз-күйсіз жүрген сығандар бар. Соның өзінде олар наным-сенімін жоғалтпаған. Сығандардың ерлері өзге түгілі өз әйелінің етегі тиген ыдысқа қол тигізбейтін ырымшыл. Бұнысы дұрыс. Қазақтың қазіргі жас жігіттері ондай сақтық түгілі көше бойындағы скамейкалар үстінде құрбысының ұрғашылардың алдында еркелей жатып, оның кір джинсиіне басын жиренбей қояды.
Әйел затының кіндіктен төменгі тұсына басын қойып, өзінше еркелейтін жаңа замандық жас жігіттер отыздан ары ас-қанда түгелдей ми ауруына шалдығарын білмейтіні анық. Әйелінің етегі тиіп кеткен ыдысты одан кейін қолға ұстамайтын анау сыған еркегі қаншалықты ауыр тұрмысты бастан өткерсе де мейлі, тағы да бір бес мың жылға дейін сығандардың өлмей жететіні анық.
Аштықта жүрсе де, мейлі, оның ер азамат ретіндегі ми қабілеті бүтін дейсің. Ал енді, байлық пен баршылыққа тойып секірген мынау сәттегі қазақтар ше? Ұлттық наным-сенімді жаппай аяқасты етіп, еуропаланған дәстүрліміз. Осындай қалыппен өмір жасты ұзартқыңыз келе ме? Болмайды. Ұлттық наным-сенімді жоққа шығарғандардың өмір жасы бұдан былай қысқара түспесе ұзармайтыны анық.
Көйлегінің етегі «мода» ретінде әдейі жырымдалған кейбір сәттегі бойжеткендер болашақта бүтін үйдің иесі болмасын  деп үстіндегі киім үлгісімен қазір ескертіп тұрғандай. Тыртиған қап-қара майканы кеудеге іліп алып, кіндік-белді ашып жүрген сұлулар болашақта бедеу болуға Құдай алдында өтінішті бүгін жасап жүргендер. Иә, қазақы ырым бәрін де алдын ала білдіреді, сендіреді. Жартылай жалаңаш сән-салтанатымен тойға жиналғандардың көзін тойдыратын қалыңдықтың әрбіреуі осыдан он-он бес жыл өткенде жүйке дертін жамайды деп қазірден айта беріңіз. Үйлене салып, ажырасатын жұптар өзінің кім екенін үйленбей тұрып-ақ ерте танытады. Шынайы мағынасы мынау кезеңдегі жаңа қазаққа танылмай тұрған қазақы ырымдарға мән беру арқылы біздің әрбіреуіміз тиесілі болашақты ғана алдын ала сезіп білмейміз. Көшеде өткен арғы замандардың уақыттық қалың қабатында жасырын қалған көне тарихты еске түсіруге де сол қазақы ырымдардың көмегі тиеді. Дәл сол арада сенің қазақ тілді маман болуың бірінші қажеттілік. Қазақы ырымдарды түсінуге тек қана қазақ тілі басшылық жасайды. Қазақ тілін тамырына дейін жете білсеңіз, ырымдардың құпиясы да алдыңда ашылып тұрады.

Мағрипа Жылқыбаева

(43)