«ҚАЗАҚ БОТАНИКАСЫ»?

Иә, мына сөз тіркесін көрген адам, мұндай да ботаника бола ма деп жақтырмай қалуы сөзсіз. Өйткені бодандық сана қазақтарды өз құндылығын менсінбейтін рухани дертке ұшыратып кеткен. Сырттан әдейі жасалған қастандық, «қазақта жалғыз ақын бар — Абай», «Тұңғыш шыққан ғалымы — Шоқан ғана» міне, советтік идеология біздің басымызды осылай айландырып тастаған. Бұрын-cоңды ештеңесі болмаған жабайы, бәрін орыстан үйреніп көзі жаңа ашылған сорлы халық деп. Ал енді осындай рухани сырқаттан құтылудың жалғыз жолы, әдейі ұмыттырылған рухани құндылықтарымызды қайта тауып тану, қолданысқа енгізу. Әрине, қазақ — қазақ болғалы мың жыл бойы жасаған ғылымымыз бен мәдениетіміздің шегі жоқ.

Қазақтар астрономия ғылымына да жетік болған, қараңғы көк жүзіндегі көрінетін бүкіл жұлдыздың аты-жөні бар, планетаны таныған, оны «қыдырма жұлдыз» деген, жылдық ай есебінде мүлт жібермеген, «он екі мүшел жылмен» бүкіл тарихи даталарын айнытбай белгілеген, «амал есебі» арқылы ауа райы құбылысын дәл болжаған… Әрбірі бір-бір кітап, әрине.
«Қазақ медицинасы» ол да өте мықты болған, қаншама ауру аттары анықталған, оны емдеу жолдары, бүкіл дәрілік шөп, шипалық арасын су, мал, аң-құстың ет-сүтімен емдеу, сынықшылық… Бұлар да том-том кітап. (Мың жыл бойы бізді қай Еуропа, қай Қытай келіп емдеп беріпті?!.) Зоология — ол да ғажап, малдың мүше-құрылысына қазақтай атау қойып атаған халық көп емес. Тіл ғылымында да қазақ озық тұр, бүкіл түркі тектестер оның атауларын бізден үйренді. Септік, жалғау, жұрнақ, одағай, шылау сөз, бастауыш, пысықтауыш, көсемше, есімше. Бұл атау сөздердің өзі ғажап емес пе? Осы ғылыми атауларды қай ағылшыннан қарыздап алдық, өз сөз қорымызда бұрыннан бар сөзден ғылыми термин жасадық қой. Оны аз десеңіз, физика, химия, алгебрадағы және басқа ғылыми пәндердегі атамсөздерден де бір-бір сөздік кітап жасап шығаруға әбден болады, мәселен:  үдемелі қозғалыс, тоқтың керінеуі, үйкеліс заңы…, қышқыл, сілті, қос тотық, сутегі, оттегі, көміртегі…
Бұл белгілі әңгімені неге еске түсірдік? «Ғылым тілі — жалғыз ағылшын тілі» деген, өз тілімізді менсінбеуге үндейтін тағы бір жаңа дерттің басталғанына аз ынсабы бар адамға, қазақ тілі де ешкімнен кем емес ғылымға бай тілі екеніне дәлел үшін, әрі жоғарыдағы  «Қазақ ботаникасы» деген атауды алдын ала «ақтап» алу мақсатындағы аз кіріспе сөз еді.
«Қазақтың  гүл  мәдениеті» деген кітаптың ең алдымен атауына таңырқап қалдық, бұрын айтылмаған сөз тіркесі секілді, бірақ бөтендігі жоқ жарасып тұр. Осы кітапта қазақ сахарасында өсетін гүл текті өсімдіктердің 255 түрінің  қазақша аты аталып, түсі түстелген  және осы гүлдердің 27 жақтан туысатын тұқымдық ерекшеліктеріне 14 топқа бөліп ғылыми талдау жасалған. Иә, ойлап көріңіз, біз жеке адам қанша гүлдің атын білеміз өзі? Мақтағанда он-жиырмадан  артық  гүлдің атын атап бере алмаймыз ғой. Олай болса, анау жоғарыда көрсетілген гүлдің саны бүтін халқымыздың, сан жылдар бойы санасын жұмсап жасаған ғылымы емес деп кім айта алады?!
Сонымен кітапты қызыға қолға алғанда, бірінші топқа Қызғалдақ гүлдер тұқымдасымен басталатын қазақ біткеннің құлағына таныс  Бәйшешек, Қызғалдақ, Шұғынық  Жолжелкен, Нәргүл деп әр гүлдің түсті суретімен таныстыру басталыпты. Мысалы, Қызғалдақ гүлі көктем кезінде гүл ашады, шешектейді. Оның жіңішке ұзын сабақты түрі сәуір айының соңында, мамыр айының басында гүл ашады. Қызғалдақ дала гүлдері туысына жатады. Сол гүлдермен тұқымдас, көп жылдық, шөптесін өсімдік. Қызғалдақтың гүлі ірі, ашық түсті. Гүл қоңырауы ақ, қызыл, сары, сұр, қара болып  келеді. Сабағы тамырымен жалғасып тұрады, буынында пиязшығы болады. Қызғалдақтың пиязшығын күз айларында гүлі әбден пісіп болғанында жинап алады. Оны әсемдік үшін, хош иісті заттар алу үшін өсіреді.
Күрделі гүлдер тұқымдасы Кәріқыз деп аталатын гүлдің түрімен басталыпты. Бұл гүлдің домалақ тұқым қауашағы ерекше жабысқыш келеді. Қазақта, «Кәрі қыз — дәрі қыз» деген мысқыл сөз бар екен. Осы мысқылдың астарында екі түрлі мән-мағына бар екен. Бірі жігіт алмаған кәрі қыздың мінезі мен жабысқыш қылығын меңзесе, енді бірі, шын мағынасы кәріқыз өсімдігінің дәрілік қасиеті жайынан хабар берсе керек. Жемісі мен жер үсті сабағында дәрілік қасиеті бар. Екеуі де адам денесіндегі желқұзды айдайды және есекжемге, әртүрлі тіс ауруларына ем, бұл өсімдіктен өсімдік майын және басқа шипалы сұйықтарды сығып алуға болады.
Сарғалдақ гүлдер тұқымдасында құлағымызға жақсы таныс, халқымыз емдік қолданысқа үнемі пайдаланатын Уқорғасын гүлі қамтылыпты. Оның гүлі қара көк түсті, пішіні темір қалпақ тәрізді өте ерекше танылады. Уқорғасынның улы сары гүлді түрінен біртүрлі балшық дәрі жасайды, ол дәрімен адамда, малда болатын құрт ауруларына жағып қолданады және құрт жараларды да емдейді, ішуге тиым салады, — депті.
Гүл тұқымдастарының ат-атаулары, халықтық ботаника ғылымынан ғана хабар беріп қоймайды, біздің сөз байлығымызды, образды бейнелейтін шешендігімізден де қатар анықтап тұрғандай: Ерінгүлдер тұқымдасы, Шатырбас гүлдер тұқымдасы, Тасжарған гүлдер тұқымдасы, Марал гүлдер тұқымдасы, Алқа гүлдер тұқымдасы… Бұл атауларға көз түскен кезде, осы атаулар орта мектепте оқылатын «Ботаника» пәнінде қолданысқа енді ме екен деген сұрақ көкейге келеді.
Өйткені бұл топтың әрбіріндегі көптеген гүл атауларының қазақшасының өзі кез келген қазақ әлі күнге естімеген тосын екені, біздің өз төл ғылыми санамыздан қаншалықты ажырап қалғанымызды, өткен қазақ қоғамының қаншалықты рухани өркениетке жеткендігінен гүл атаулары арқылы да қайта еске салып тұрғандай әсерге бөлейді.
Біз де шағын таныстыру мақаламызды сол тосын атаулармен аяқтасақ дала гүлінің жұпар иісін сезініп, бәлкім ұлттық санамыздың селт етіп сергуіне себі тиер ме дедік: Зейінгүл, Қоразайдар, Қожагүл, Өгейшөп, Кемпіршаш, Күнгелді, Керімгүл, Аюбадам, Ерінгүл, Шетпегүл, Шайтанкелмес, Сүйменгүл, Сиырқұйрық, Тасбүрген, Кершулан, Сорагүл, Шерменгүл, Көкшағыр, Қызылқұлақ, Үпілмәлік, Қоңыраугүл, Жүрекгүл, Қызылмия…
«Қазақтың гүл мәдениеті» деп аталған бұл кітаптың авторы, белгілі этнограф ғалым, жазушы-зерттеуші Болат Бопайұлы. Бұл бауырымыз бұған дейін де халқымыздың көп салаға бөлінентін салт-дәстүрі туралы көптеген құнды кітаптар жазғаны жайлы көзқарақты оқырманымыз хабардар болу керек. Мысалы, Қазақ наурызнамасы, Қазақ кәдесі, Жұлдызнама…

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ

(13)