Сот барысында Қытай үкіметі Астанаға «Сайрагүлді Қытайға депортациялау» туралы арнайы сұрау салған

Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында Қытай мен Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайдың соты 1 тамызға ауысты. Себебі прокуратура процессуальды келісімге келуден бас тартқан.
«Сотқа Американың «Вашингтон пост» газеті, Францияның «Франс пресс» газеті, Прагада орналасқан орыстілді тәуелсіз «Настоящее время» телеарнасының тілшілері арнайы келіпті», ─ деп жазады Holanews  тілшісі. Сонымен бірге  саясаттанушы Әміржан Қосанов, кәсіпкер Мұхтар Тайжан, «Сайрагүлге бостандық» қозғалысының белсенділері, тәуелсіз журналистер, бірқатар беделді қоғам қайраткерлері қатысты. «Көңілім құлазып тұр. Таңертең процессуальды келісімге келетінімізден үмітті болған едік. Оған Қазақстанда 2 жыл шартты жаза беріп, Қытай тарабы тынышталу үшін, ешқандай сұхбат бермеу керектігі туралы талап айтылған болатын. Сот отырысының кейінге қалдырылуы мені қауіптендіреді. Астана Қытай жақты қанағаттандыратын бір шешім таппай жатыр», – дейді саясаткер Серікжан Мәмбеталин.
Алдын ала сағат 10.00-де деп белгіленген сот бір сағатқа кешігіп басталған. Кешіккен себебі де  Астана мен Бейжің арасында келісім жүріп жатқан көрінеді. Қытай үкіметі Астанаға «Сайрагүлді Қытайға депортациялау» туралы арнайы сұрау салған.
«Біздің тарап – ҚР Ата заңының 392-бабына сәйкес, Сайрагүлді Қазақстанда қалдырып, айыппұл салып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрайды. Келісімді прокуратура дайындайды, біз сәйкес өтінішхатты жеткіздік. Бір апта іс қаралды, дегенмен ол жеткіліксіз болған көрінеді. Негізі сағат тоғызда басталады деп келіскен, мен тіпті сегізде келдім. Прокуратура үлгермей жатқанын, белгілі бір келісім жүріп жатқанын айтты. Келісім оң шешімін табады деп үміттеніп отырмыз. Бұл іс Қытай тарапының мұрындық болуымен басталды. Олар Сайрагүлді Қытайға депортациялау туралы арнайы хат жолдаған. ҚР ҰҚ өкілдері оны ауылда отбасымен тұрып жатқан жерінен ұстады. Біздің бір ғана талабымыз — Сайрагүлді Қытайға бермеу», — дейді Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспан. Сонымен қатар Сайрагүлге БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша комитеті арқылы босқын мәртебесін беру де сұралды. Сол мәртебені алғаннан кейін оны Қытай қайтара алмайды.
Сайрагүлдің өзі Қытайға қайтқан жағдайда оны өлім жазасы күтіп тұрғанын айтқан болатын. Ол қазіргі таңда да Қытай халық республикасының коммунистік партиясының мүшесі.
«С.Сауытбай Қытайдың Суар аймағында саяси концлагерьде жұмыс істеуге мәжбүр болған. Сондықтан Сайрагүл Қытайдың саяси құпиясын білетін адам болып саналады», — дейді адвокат А.Құспан. Адвокат келісімге келмеу БҰҰ, бала құқықтары туралы конвенциясына қайшы келетінін алға тартты, өйткені Сайрагүл Сауытбайдың кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар. Қорғаушы тарап, осы деректерді ескеріп, Сайрагүлді Қытайға бермей, Қазақстан түрмесінде 1 немесе 2 жыл қамауға алу туралы келісімге келуді сұрады. Алайда прокуратура келісімге келуден бас тартты. Дегенмен қайтадан өтініш жасаса, процессуальды келісімді қайта қарайтынын жеткізді.
Отырыс біткен соң, бір топ белсенді “Сайрагүлге бостандық берілсін!” деген ұранмен прокуратураның алдында кішігірім қарсылық акциясын ұйымдастырған.
Халық Қорған

(20)