Бурабайға көрік берген «BURABAY»

Калифорнияны әлемге әйгілеген HOLLYWOOD жазуы iспеттес алып әрiптермен көмкерілген алғашқы алып атау Көкшетаудағы Бұқпа тауының баурайында «КӨКШЕТАУ»  жазуы 2012 жылы алғаш орнатылып, ел-жұртты таң қалдырған еді. Сол жылдары облыс әкімі Қайрат Қожамжаров болатын. Енді міне биыл Бурабай ауданының орталығы Щучье қаласындағы телемұнараның жанындағы тауға «BURABAY» жазуы орнатылып, елді елең еттірді.  Бұл Көкше өңіріндегі екінші реткі алып жазу.
Жазудың жалпы ұзындығы 60 м, әріптердің биiктiгi 14 метр. Алып әрiптер түнде түрлi түске оранады. «Бұл жазу Бурабайдың көркіне көрік қосып қоймай, курортты аймақтың символына айналып, туристердің де ынтасын тартады деген сенім мол. Бұдан басқа да жаңа ашылған нысандар ел игілігіне жарауда. Олар аймақтың «Визит орталығы» аумағында аквапарк ашылса, айналма жол бойында «I Love Burabay» сөзі қойылып, кентке сәулет беріп тұр», — дейдi облыс әкiмiнiң туризм жөнiндегi кеңесшiсi М.Иғали. Иә, осылай Ақмолалықтар курортты аймақты көріктендіріп, туристердің ынтасын тарту үшін біршама жұмыстар атқарып жатыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысындағы курортты аймақ  Бурабай ауданында болып, жаңа туристiк нысандармен танысты. Аралаған  нысандардың ең ірісі Щучье қаласындағы «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы болатын. Құрылысы 2016 жылы басталған-ды. Көптен күткен алып кешеннің аумағы 125,54 гектар. Құрылысы екi кезеңмен жүріліп, алғашында аумағы 111 гектар шаңғы базасы, екiншi кезеңде 90 жəне 125 метрлiк тұғырдан секiру нысаны қолданысқа берiлген-дi. Құрылысқа барлығы 38 миллиард теңге жұмсалыпты. Шаңғы базасы заман талабына сай, халықаралық жарыстар өткізуге арналған, қысқы спорт түрлерi (шаңғы, биатлон, тұғырдан секiру) бойынша əлемдiк деңгейде  салынған. Онда шаңғы жолы, 90 жəне 125 метр биiктiктен секiру тұғыры (трамплин), 200 орын қонақүйi, 250 орындық асхана, жүзу бассейнi, дəрiгерлiк-сауықтыру орталығы бар.
Елбасының сапары кезiнде  шаңғы базасында спортшылардың оқу-жаттығу жиыны өтiп жатқан болатын. Жаттығуға еліміздің трамплиннен секiруде жетістікке жеткен майталман спортшылары қатысты.
Олар спорт алаңдарында жаттығулар жасап, кәсіби шеберліктерін көрсетумен қатар,  кешеннiң сапасына жоғары баға берді. Елбасы кездесуінде, «Щучье-Бурабай» курортты аймағын дамытуда атқарылған жұмыстар туралы ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары А.Мамин, ҚР Мәдениет және спорт министрi А.Мұхамедиұлы, Ақмола облысының әкiмi М.Мырзалин есеп бердi. Есепті тыңдап, қорытынды жасаған Елбасы: «Бұған дейiн туризм саласына  көңiл бөлiнбей келдi. Бірақ әр істің өз уақыты бар. Жағдайы барлар шетелдерге, аты белгілі курорттарға барып, демалып келдi. Ендi, Қазақстанның көркем жерлерiн, әсем табиғатын отандастарымызға ғана емес, шетелдiктерге көрсететiн уақыт келді. Туризм экономиканың қуатты бiр саласы болуы шарт. Қазiр «Щучье-Бурабай» курортына барып-келуге «Астана-Көкшетау» автобаны, Көкшетау әуежайы қызмет етіп жүр. Жалпы барлық жағдай жасалған.
Бурабайдан басқа да, әсем табиғатты және тарихи орындар елімізде көп. Туризмді дамытуға мүмкіндігі мол Имантау, Шалқар, Баянауыл, Түркiстан сияқты қала елді мекендерде туризмдi дамытуды қолға алған жөн. Тарихы толайым Түркiстанда туризмдi дамыту өте қолайлы. Оған маңызды фактор инфрақұрылым. Оны жетілдіріп, оңтайлы дамытуымыз керек. Мен барлық облыстарға арнайы тапсырма беремiн», — деп сөзін аяқтап, қатысушыларға зор табыстар тіледі.
Кешен құрылысының ең тиімділігі шетел туристерін қысқы туризм арқылы тартуға мүмкiндiк әперумен қатар, шет асып қыруар қаржы шашатын,  ұлттық құрама ойыншылары шетел аспай, еркiн жаттыға алады. Мұнда халықаралық деңгейдегi биатлон, шаңғы және трамплиннен секiру секiлдi қысқы спорт түрлерiнен жарыстарды өткiзуге мүмкіндік туғызады. Осылай еліміздің әлемге танымалдығы артып, туризмді өркендетудің мүмкіндігі артты.

Дахан Шөкшир

(28)