Елдің прогресі қайткенде тездейді?

Біздің ғана емес, кез келген елдің ғылыми-техникалық прогресі «Отанның қауіпсіздігі үшін» деп басталса, мақсатқа жылдам жетерін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сол себептен де, Қазақстан мемлекеті өзгеден ерекше басқа жолмен тегі де дами алмасы аян. Осыған дейінгі мерзім ішінде болғаны: «Керекті қаржыны өзіңіз тауып, ғылымды да ілгері қарай дөңгелете беріңіз» деген еріктілік. Бұндай кеңшілік біздегі ми потенциалын босқа шашыратты. Содан барып, толып жатқан ғылыми жаңалықтардың мемлекетке пайдасыз болып қалғаны өкінішті. Осындай немқұрайлықтан ісі тежелген жақсы инженерлер техникалық туындысын өндіріске бере алмай, өткен он төрт жыл ішінде өте-мөте титықтады. Сондай сәттерде батыстық инвесторлардың алдауына берілгендер жоқ па? Бұндай мәселелерге Үкімет мән бермесе, елдегі отаншыл ұрпақ бізге қайсы планетадан пісіп түспек?
Біздегі қоғамның басты кемшілігі — сөз бен істің арасын жайлаған алшақтықтың көлемінде ғана емес, мемлекеттің қорғаныс қабілетіне қажетті деген ғылыми-техникалық ізденістерге ешқандай мән бермеуінде. Қалай ақталсаңыз да, бәрібір қорғаныс қабілетін алдымен ойға алмайтын мемлекетте ешқандай ғылыми прогресс болмайды. Бұл анық. Кез келген халықты ілгері қарай прогреске жетелейтін бірақ нәрсе бар. Ол — Мемлекеттің қорғаныс қабілетін ғылыми-техникалық жолмен жетілдіру. Бұндайдың Эверест шыңы алуан түрлі қару-жарақ жасатумен танылса, ол жағы соғысқұмар мемлекеттің бас ауру дертінен дейміз. Бар саладағы ғылым жетістігін қорғаныстық қабілетті күшейтуге қолдана-қолдана қару түрлерін көбейтуден көше алмай қалған ауыр салмақты державалар әліге дейін сол принципті ұстану үстінде.
Сонау ХХ ғасырда ашылған биологиялық, бактериологиялық, физико-химиялық, инже-нерлік жаңалықтардың қай-қайсысы да барлық мемлекеттерде қорғанысты күшейтуге жұмсалғаны рас. Содан біреулері озып кетсе, екіншілері аяғын ақырындап басып жүр. Тумысынан соғысқұмар мемлекеттер соғыссыз бір сәт тұра алмайды. Әуелім, 1911 жылы ашылған Атом ядросы бірден-ақ бомба жасау жолындағы ғылыми ізденістерді алдымен АҚШ-та қарқындатты. Әлгі 1945 жылғы Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбалары адамзат тарихындағы қасіретті күшейтті. Содан бері өткен алпыс жыл ішінде бес құрлықтың қанша жері жасырын өткізілген бомба сынақтарының зардабын шегуде? Енді міне, космосты игеру де бұл адамзаттың басына төнген жаңа қасіретті күшейтіп келеді. Соңғы елу жыл ішінде шыңға шыққан электроника мен кибернетика саласы, микроэлектроника мен заттардың шектен тыс өткізгіштік қабілетін жақсарту жұмыстары жалпы түрдегі әскери әрекетке жақсы жағдай туғызып тұр.
Қару-жарақтардың күрделі бейнедегі сансыз түрі былай қалып, ендігі сәтте сол қарудың бәрін нысанаға қарай автоматты түрде таратқызу мәселесі державаларда оңынан шешіліп болды. Қажет десе, космоста жүрген шпион спутниктері жердегі жұмыр бастыларды қойша айдап, қалаған сәтінде үйлерінен бездіртуі әбден мүмкін. Иә, осындай тапсырманы жүктеген барлаушы спутниктер бар. Сонда сіздің хал үстіндегі әуе шит ештеңеге қалқан болмайды, ядро басты қанатты ракеталардан ешкімді де қорғай алмайды. Космоста мыңдаған шпион спутник қаптап жүр. Космостағы орбита мен жер үсті арасындағы бар билік соларда секілді. Қайда апарып, не тықсаңыз да, шпион спутниктер оп-оңай табады.
Телекөпір арқылы екі қаланың кісілері өзара пікірталасқа түсіп, көзбе-көз сөйлескені біздерге жақсы жаңалық боп қазір қуантқанымен ертеңгі күні  дәп сондай тәсілдегі әскери нұсқаулар қайсы мемлекеттен беріліп жатқанын өзіңіз де байқамай қалуыңызда мүмкін. Бейбіт кездегі бұның игілігі қазірде жай тұрғындардың қолында.
Дамыған елдердің орбитада жүрген шпион спутниктері қазақтың жер асты байлықтарын түп-түгел тінтіп, картаға түсіріп болғанда, спутник жасауды біз ойға алдық. Оның өзінде де Ресей арқылы. Ал енді, Ресейдің Космос  орталығында қанша қазақ жұмыс істеп жатқанын біз білеміз бе? Кешегі Одақ кезінде оқуға барып, одан соң іргеміз ажырағанда Ресейде қалып қойған жас оқымыстылар мен инженерлерді Қазақстан өзіне қазір қайтарып алмаса, космосты игеру «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» боп қалады. Жерде жүретін комбайн мен трактордан бастап, космостағы орбитаға шығарылатын спутниктерге дейінгі екі арада қанша түрлі техника жүр? Соның бәрі де мемлекеттің беріктігі үшін деген ортақ принципте жолға қойылмаса, ілгері қарай прогресс болмайды.
Капитализм — әрбір кісі көп ақша табуға барынша ерікті боп, сол ақшаларды қазіргідей қандай жолмен тапсаң да, мейлі деген бейберекеттіктегі қоғам емес.
Үкімет рұқсат еткен еркін табысқа әркімнің еркі бар. Бұндай еріктіліктің ақырында коррупция қанатын кең жайды. Ұйымдасқан жемқорлық шарықтау үстінде. Парақорлыққа тежеу жоқ. Үлкен кісілерді сатып ақша тапсаң да, мейлі. Әйтеуір сол сатқан кісің сотқа арыз бермесе болды. Әрекетің өтімді дей бер. Бұндай қоғамдағы отаншылдық сөз жүзінде ғана. Жер-жердегі саялы орынға барып, жиын өткізуді сылтауратқан алғыр жастың бәрі отаншыл емес. Отаншылдық дегенің тау үстіндегі жасыл шыңға көтеріліп дем алумен анықталмайды. Бұл өзімшіл өркөкіректердің Отан сөзін жалау етіп, діттеген креслоға жылдам жету жолындағы талпынысы.
Жас буынға отаншылдық идеясын сіңірер Үкімет болса, ең алдымен «сол Отанның босағасы қайткенде берік болады?» деген фундаменталды сұраққа әр министр өзінше ойланатындай деңгей қалыптастыруы қажет. Ондайдан мүлдем хабары жоқ министр іс басқарушы боп тұрғанда оның төмен жағындағы бұқарада отаншылдық сезімі өз-өзінен туа беретін қайнар бұлақ емес. Әр нәрсенің себеп-салдары бар. Қажеттілігі та-нылуға тиіс. Басқарушы жүйедегі қаптаған коррупционерлер  өзіндік «крыша» ас-тында рахат көріп жатса, соның бәрін төменнен көріп жүрген жай бұқара ол қоғамнан психологиялық түрде бөлек кетіп, өзінше жеке-дара отаншылдыққа тегі де берілмесі аян.
Басқарушы жүйе қандай әуенді болса, кез келген мемлекеттің тұрғын халқы соның ырғағынан бөлініп кете алмайтын еріксіз күйде. Егер де, бұйданы қолға ұстағандар коррупциямен айналысса, оның төмен жа-ғындағы халық корруп-цияның тілегін тілеп жүруге мәжбүр.  Бұндай жағдайда ғылыми-техникалық прогресті сөз ету бекер. Прогресс атаулысы өзі өмір сүріп жатқан  мемлекетті бүкіл ха-лық жанымен жақсы көрген шынайылықта дамиды. Әркім өзінің ішіп-жемін ойлаған мынау тірлікте қайдағы  прогресс? Мемлекеттің беріктігі үшін деп қандай ғалым миын жұмсайды, егер де сол ғалымға үкімет кісі деп қарамаса?
Рас, ғылыми-техникалық прогресті кез келген мемлекеттің Үкіметі ұйым-дастырады. Үкіметтегі министрің басқа бір мемлекеттен дайын жобаны көшіріп алып, көзге жылдам көрінсем-ау деп, «жеңілдің үстінде» армандап жүрсе, қайдағы прогресс?  Прогреске  ұмтылған елдің  басқарушы жүйесінде осындай прогреске деген шынайы ынта болуы керек емес пе? Иә, Қазақстан Үкіметі экономиканы ыждахатты түрде күйттегенімен, прог-ресс жайында жүйелі ойлауға  әлі кіріспеді. Сол себептенде, үкіметтің желге ұшқан қаржысы есепсіз мөлшерде. Прогресті аңсайтын ел ең алдымен ақша есептеуді үйренеді. Содан соң оны қалай жұмсауды игереді. Жұмсалған қаржыдан түсетін пайданы есептей алады. Біздегі күй осындай ма?..

Мағрипа Жылқыбаева

(12)