Теңге теңселе ме, оған ел сене ме?..

Сейсенбі күнгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев маусым айында теңге бағамының әлсіреу себебін түсіндірді. «2018 жылдың бірінші жартыжылдығында теңге бағамы 1 доллар үшін 318 теңге 31 тиын және 341 теңге 31 тиын аралығында өзгерді. І жартыжылдықтың соңында теңгенің биржалық бағамы 2,6% әлсіреп, 1 доллар үшін 341 теңге 8 тиынды құрады. Теңгенің ағымдағы жылдың маусымында әлсіреуі, біріншіден, АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына, жалпы нығаюына байланысты болып отыр», — деді Данияр Ақышев.
«Мұнай бағасының 70 доллардан жоғары күйде сақталуы үшін теңгенің айырбастау бағамы үшін жағымды фактор болып табылады. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері мамырдың соңында 30,7 млрд. доллар, активтер 59,2 млрд. доллар болды. Жалпы, халықаралық резервтер жыл басынан бері 1% немесе 826 млн. долларға ұлғайып, 89,9% млрд. долларды құрады», — деді Ұлттық банк төрағасы. Алайда бас банкирдің мұндай мәлімдемелеріне жұрттың құлағы әбден үйренгені соншалық, бұған таңғалмайтын болып барады. Себебі «доллар өскен» тұста, «ақша салған ала қапты» аузынан бүріп ұстап отырған ақ жағалыларымыздың мәлімдемелерінің барлығы жел сөз болып шыққан болатын. Сонан бері халықтың сенімі кетті десек қателеспейміз. Кейбір сарапшылар Ресей рублі мен доллардың бағамы ортасындағы парықтың, біздегі теңге мен АҚШ доллары ортасындағы салыстырмалы саннан мүлде басқа екендігін, тіпті «мұнай бағасы көтерілсе доллардың теңгеге шаққандағы құны төмендейді» деген түсіндірулердің де шылғи өтірік екендігін «дәлелдеп» жүр. Мұндай толқулардан біздің қаржылық саламыз зиян шекпейді десек те қарапайым халық үшін зат бағасының қымбаттап кетуі тиімсіз болып тұр.

Ерқазы Сейтқали

(17)