Бас уәзір жарты жылдықты қалай бағалады?

10 шілде күнгі ҚР Үкіметінің отырысында, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрліктер мен өңірлерге ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауға тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты «www.primeminister.kz» хабарлады.
2018 ж. І жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы баяндамалармен танысқаннан кейін, Бақытжан Сағынтаев 6 айдың қорытындысы бойынша статистикалық деректер 4,1% өсім көрсететінін атап өтті. Кейбір салаларда белгілі бір өсім байқалса да, кейбір секторларда өткен жылмен салыстырғанда артта қалушылық бар. Мәселен, түсті металл кендерін өндіруде, металл емес минералды өнімдерді, тоқыма бұйымдарын, былғары өнімдерін, сусындарды шығару, сондай-ақ мұнай өңдеу саласында өсім тиісті деңгейде емес.
Осыған байланысты барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар аталған міндетті шешу үшін жүйелі шараларды күшейтуі керек. Өндіріс, құрылыс секілді салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына 513,4 млрд. теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 28,4% жоғары. Сонымен қатар Премьер-Министр көрсеткіштердің өсіміне қарамастан, экономиканың жекелеген бағыттары бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«Жатақханалар салу мәселесі Мемлекет басшысының “Бес әлеуметтік бастамасында” тапсырылған, ол бүгінде еліміздің сегіз өңірінде ғана жүзеге асырылып жатыр. Бұл — Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары, Алматы және Астана қалалары», — деді Премьер-Министр.
Бірқатар өңірлердің әкімдері Президент-тің тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев өңірде сегіз жатақхана салу керектігін айтты, қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов бір жатақхана құрылысы бойынша сметалар тапсырылғанын жеткізді. Тағы екі жатақхана бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов айтып өткендей, биылғы жылдың соңына дейін 850 студент жатақханалардан орын алады. Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов жатақханалармен қамту мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Қалада қазір 30 жатақхана бар, 8 мың студент жатақханалардағы орынмен қамтылған.
Мәселені қарастыру қорытындылары бойынша ҚР Премьер-Министрі ұлттық экономика, қаржы, инвестициялар және даму, энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне және өңірлерге ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Бүгін мен Мемлекет басшысына І жартыжылдықтың қорытындылары туралы баяндадым. Біздің алдымызда жыл соңына дейін экономика өсімін 4%-дан кем емес қамтамасыз ету және қарқынын төмендет-пеу міндеті тұр», — деді Б.Сағынтаев.
Бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыру бойынша Қаржы министрлігінің бюджеттік бағдарламаларды қысқарту механизмін енгізу туралы ұсынысына қолдау білдірілді.
«Біз бюджеттік бағдарламалардың қабылданбаған міндеттемелеріне талдау жүргіздік. Нәтижесінде қолданыстағы бюджеттік заңнама нормаларына сәйкес конкурстар жүргізілмеген бюджеттік бағдарламалардың жылдық сомасынан 10% дейін қысқарту механизмін қолдануды ұсынамыз. Жалпы, 16 млрд. теңге қысқартылуы тиіс», — деді Б.Сұлтанов.
Премьер-Министр сонымен қатар осы жылдың тоғыз айы бойынша осындай жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін 2018 ж. бес айындағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын қарастыру барысында Қаржы министрлігіне осы жылдың алты айының қорытындылары бойынша белгіленген индикаторларды орындамаған жағдайда бөлінген қаражатты алып, Мемлекет басшысы қойған басқа міндеттерді іске асыруға қайта бөлу тапсырылған болатын.

Ермұрат Назарұлы

(10)