Бәймен Алманов және ҚазПИ-дің тұңғыш түлектері

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетіне — 90 жыл

Үстіміздегі жылы Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 90 жыл толады. Бұл мерейтой республикалық және халықаралық деңгейде аталып өтілмек. Осыған байланысты біз бұдан былай университеттің тарихы мен даму кезеңдері және оны әр жылдары басқарған көрнекті тұлғалар туралы мақалалар жариялап отыратын боламыз.


90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ-ситетінің бұрынғы ректорлары (директорлары) туралы сөз қозғағанда 1931-1934 жылдары ҚазПИ-де директорлық қызмет атқарып, осы оқу орнының қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосқан қоғам қайраткері Бәймен Алмановтың еңбегін еске алмауға болмайды. Мұрағат қорларындағы құжаттар мен деректерге, фотосуреттерге үңілсек, оның университет тарихындағы өзіне лайық орны бар екенін байқауға болады. Сол себепті оның өмір жолы мен директорлық қызметін сөз ету үшін мұрағат деректерін сөйлетейік.
Бәймен Алманов 1896 жылы Торғай облысы, Ырғыз уезі, №8 ауылда (Қазіргі Ақтөбе облысының аумағында) кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1916 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916-1918 жылдары Торғай облысы Аралтөбе ауылдық мектебі мен Қарабұтақ орыс-қазақ училищесінде мұғалімдік қызмет атқарған. 1916 жылы Қарабұтақтағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны және 1917 жылы тамызда Уақытша үкіметке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені үшін мұғалімдік құқынан айырылып, жер аударылған.
Азамат соғысы жылдарында орыс-қазақ партизан отрядының командирі болды. 1918-1920 жылдары азаматтық комитеттің хатшысы, «Жәрдем» кооперативі басқармасының төрағасы, одан кейін Қарабұтақ аудандық кеңесі төрағасының орынбасары, Ырғыз уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1920-1921 жылдары Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің 1 және 2 съездерінде Орталық Атқару Комитетінің мүшесі және хатшысы болып сайланды. 1920 жылдың қарашасынан Түркістан Орталық Атқару Комитеті жанындағы Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-нің өкілетті өкілі, ал 1921 жылдың қазан айынан Қырғыз (Қазақ) ОАК Президиумының ұйымдастыру-әкімшілік жөніндегі хатшысы қызметін атқарған. Деректерде осы қызметті Б.Алманов педагогикалық жұмыспен қатар атқарғандығы айтылады. Демек, Б.Алманов жоғары өкілетті орындарда қызмет атқарып жүрген кезде де педагогикалық жұмыстан қол үзбеген. Одан кейін 1922-1923 жылдары Адай уезі революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Осы кездерде ол қазақтар мен түркімендер арасындағы дау-жанжалдарды шешуге араласқан. Қырғыз (Қазақ) АКСР-не қосылатын Жетісу мен Сырдария облыстарын қабылдау жөніндегі комиссияның мүшесі болып тұрған кезінде Қазақстан шекарасын анықтауға белсене атсалысады. 1923-1925 жылдары Орынбор қаласында «Қазсауда» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы болған. 1925-1927 жылдары Қызылорда қаласында «Қазақтың өнімдері» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары, 1927-1929 жылдары Алматы губерниялық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ал 1929-1931 жылдары Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарады.
Бәймен Алмановтың Қазақ Мемлекеттік педагогика институтына алғашқы қадамы 1931 жылы басталған. Яғни, Қазақ Мемлекеттік университетінің (институттың 1928-1930 жылдардағы атауы) тұңғыш ректоры, профессор Санжар Асфендияров 1931 жылы Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссары болып ауысқаннан кейін, 1931 жылы 16 ақпанда Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының бұйрығы бойынша ҚазПИ директоры болып Бәймен Алманұлы Алманов тағайындалады. Осы кезден бастап Б.Алмановтың ҚазПИ тарихындағы директорлық және педагогикалық қызметі қатар басталған. Оның алдында еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін ілгері бастырып, институт жұмысының сапасын жақсарту мақсатындағы үлкен міндеттер мен жауапты істер күтіп тұрған еді. Б.Алманов Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтында 1931 жылғы 16 ақпаннан 1934 жылдың 8 шілдесі аралығында директорлық қызметпен қатар студенттерге партия тарихынан сабақ беріп, доцент болып жұмыс істеген [2]. Сонымен бірге ол өзінің көмекшісі, профессор Н.Н.Панин, оқу бөлімі жөніндегі орынбасарлары, доценттер С.Х.Брайнин, Ү.М.Балқашев, кафедра меңгерушілері, профессорлар Қ.Қ.Жұбанов, Ш.Е.Әлжанов, В.Ф.Литвинов, Б.Л.Кругляк, С.В.Логинов, А.А.Захваткин, Н.Л.Караваев, доцент М.П.Баталов, тағы басқа профессор-оқытушылармен бірлесіп институт жұмысының алға басуына өз үлесін қоса білді. Егер де осы жылдардағы институт тарихына байланысты мұрағат қорларындағы деректерге жүгінер болсақ, ҚазПИ-дегі саяси-әлеуметтік ахуалдың өте ауыр болғанын байқаймыз. Әрине, бұған негізінен сол кездегі Республикада болып жатқан саяси-экономикалық жағдайлардың тікелей әсер еткендігі сөзсіз.
1930 жылы 25 желтоқсанда Қазақ Мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) «педагогикалық институт» болып қайта құрылуының бірден-бір себебі студенттер санының аздығы мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігінде еді. Соған қарамастан 1928 жылы қыркүйек-қазан айларындағы алғаш университетке оқуға қабылдау нәтижесінде барлығы 124 студент, оның ішінде 28 қыз, 96 ер бала болған. Ал студенттердің құрамы түрлі ұлт өкілдерінен тұрып, көпшілігі жұмысшы, кедей шаруалардың балалары болды. Атап айтсақ, олардың арасында 76 қазақ, 42 орыс, 3 татар, 2 еврей, 1 неміс ұлтының өкілдері болған еді [5]. Алайда бұл көрсеткішті 1931/1932 оқу жылында ҚазПИ бітірген алғашқы түлектер санымен салыстырып қарайтын болсақ, студенттер санының 50 пайызға кемігенін байқаймыз. Яғни, 1931 жылы 20 желтоқсанда ҚазПИ-ді бастапқы 124 студенттен қалған 59 студент, оның ішінде 49 ер, 10 қыз бала тұңғыш бітірді. Осы арада ерекше айтып өтетін мәселе, алғашқы түлектер институтта 5 бөлімшеде оқып, мамандық алып шыққан. Дәлірек айтсақ, ҚазПИ-дің тарих-экономика бөлімшесін 21 адам (18 ұл, 3 қыз), әдебиет-лингвистика бөлімшесін 11 адам (9 ұл, 2 қыз), физика-математика бөлімшесін 10 адам (10 ұл), биология бөлімшесін 8 адам (5 ұл, 3 қыз), химия бөлімшесін 9 адам (7 ұл, 2 қыз) барлығы 59 адам бітірді. Тұңғыш мамандар институтты 1931 жылы 20 желтоқсанда аяқтап, жоғары білім туралы куәліктерін 1932 жылы 10 тамызда алған. Бұған алғаш бітірушілерге байланысты институт бұйрығы (Бұйрық № 110, 10 тамыз 1932 ж.) мен түлектердің фотосуреттері толық дәлел бола алады. Сол кездегі институтты тұңғыш бітірушілерге берілген біліктілік орта мектеп мұғалімі деңгейінде емес, техникум, училищелер мен жұмысшы факультеттеріне арнайы дайындалған «оқытушы» дәрежесінде берілгендігін ерекше айтып өтуіміз керек [6]. Бұлар Республиканың ағарту саласы үшін даярланған, ҚазПИ-ден тұңғыш рет түлеп ұшып, өмірге жолдама алған жоғары білімді мамандар еді. Кейіннен осы түлектер арасынан елге танымал ақын Тайыр Жароков, Республикаға еңбегі сіңген үздік ұстаз, тарихшы Сергей Карпунин, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Оқу министрі Әбдіхамит Сембаев, осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарған математиктер Сейітқали Баймурзин, Евгений Муковский, Ерғазы Әбдірақымов, тарихшылар Біләл Аспандиаров, Сәдуақас Бақшылов, сырттай бөлім директоры қызметін атқарған Мұхтар Жанғалин, биологтар Сәлмен Бейсенов, Мағия Сәдуақасов сынды азаматтардың халықтың білімін көтеріп, қоғам дамуына қосқан үлестері зор. Әрине, мұндай жетістіктер сол кездегі Санжар Асфендияров пен Бәймен Алманов сынды басшылар мен оқытушы-профессорлардың еңбектерінің жемісі екендігі сөзсіз.
Б.Алманов өзінің директорлық қызметі барысында 1932 жылы мамандарды институтта өндірістен қол үзбей даярлау мақсатында кешкі оқу бөлімін ұйымдастырған. Кешкі бөлімді физика-математика, химия және әдебиет мамандықтары бойынша тұңғыш бітірушілер 1934 жылы аяқтайды.
Демек, ҚазПИ-дің күндізгі және кешкі бөлімдерінің тұңғыш түлектері оқуды Бәймен Алмановтың тұсында бітірген. Бұл кезде институттың ішкі тәртіп ережелері қатаң қадағаланып, оқу үрдісіне айтарлықтай көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары, студенттердің өндірістік-педагогикалық практикаларының талапқа сай орындалу мәселелері қарастырылған. Мәселен, 1931 жылы 15 сәуірде болған дирекция отырысында (№8 хаттама) сөйлеген сөзінде Б.Алманов институтта студенттердің педагогикалық практикаларын дұрыс ұйымдастырып, олардың әдістемелік тәжірибе жинақтауына барынша жағдай жасау қажеттігін атап көрсетеді. 1932 жылы 14 қазандағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының «Республика аймақтарында әдістемелік жұмысты ұйымдастыру туралы» нұсқауын негізге алған Б.Алманов, ендігі жерде студенттердің педагогикалық және өндірістік практикаларын тек Алматы қаласында ғана емес, Қазақстанның басқа да қалалары мен аймақтарында өткізуді қолға алған [7]. Бұған мысал ретінде 1932 жылы құрамында сол кездегі студент Мәлік Ғабдуллин бар тіл-әдебиет бөлімшесі 1 курсының 19 студенті өндірістік іс-тәжірибе жинақтау мақсатында Қарағанды қаласына жіберілгенін айта аламыз [8]. Осы тұрғыда назар аударып, өткенге көз жүгіртсек, 1928 жылдан бергі институттың (бұрынғы ҚазМУ) өткен 3 жылы негізінен алғанда жаппай ұйымдастыру кезеңі болған. Бұл әрине, оқу жұмысына жас мамандардың сапалы даярлануына әсерін тигізбеді деуге болмайды. Сол кезде оқуға сапалы талапкер қабылдау үшін оларды алдымен дайындық курстарында оқытып, содан кейін ғана институтқа қабылдағанын ескеруіміз керек. Осындай арнайы дайындықтан өткен талапкерлер Б.Алмановтың тұсында өздерінің теориялық білімдерін практикалық іс-тәжірибелермен ұштастыруға кеңінен мүмкіншілік алған. Сондай-ақ олардың жас ерекшелігін салыстырсақ 20-45 жас аралығындағы ересек адамдар екенін байқаймыз. Айталық, ҚазПИ-дің тарих-экономика бөлімшесін тұңғыш бітірушілердің бірі Біләл Аспандиаров оқуға 42 жасында түсіп, 45-ке келгенде бітіріп шыққан екен [9].
Алғаш ұйымдасқан оқу үрдісіндегі С.Асфендияров қолға алған игі істер Б.Алмановтың кезінде де өзінің жалғасын тауып, тиісті шаралар арқылы озат тәжірибелермен толықты. Мәселен, 1932 жылы 15 қаңтардағы № 9 бұйрықта Б.Алмановтың Мәскеу қаласында өтетін жоғары оқу орындары директорларының бүкілодақтық кеңесіне іссапары жөнінде айтылады. Сонымен бірге мұндағы негізгі мақсат, одақ көлеміндегі жоғары оқу орындарының іс-тәжірибелерімен танысу екендігі көрсетілген [10]. Демек, Б.Алмановтың институтты басқаруда тек өзінің ғана тәжірибесіне сүйенбей, одақ көлеміндегі жоғары оқу орындарының жұмысынан да хабардар болғаны анық. Осы арада айтылар тағы бір шындық, Қазақ Халық ағарту комиссарлар кеңесі Б.Алмановты елімізде 1934 жылы 1 қаңтарда ашылған Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тұңғыш директоры қызметіне тағайындайды [11]. Яғни, Б.Алманов 1934 жылғы 1 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында, небәрі 19 күн Қазақ Мемлекеттік университетінің директоры қызметін қосымша жүктеме ретінде атқарған. Демек, сол тұста Қазақстандағы екі үлкен оқу ордасын да Бәймен Алманов басқарып тұрғандығы сөзсіз. Б.Алмановтың ҚазПИ-де директорлық қызмет атқарған жылдардағы инсти-туттың ішкі тәртіп ережелерін қатаң қадағалауы және шовинистік пиғылдағы оқытушылар мен студенттерді тиісті шараларға тартып, күрес жүргізуі сол кездегі «кейбіреулерге» жақпады. Осындай әрекеттер сынықтан сылтау іздеген кеңестік билікке көлеңкесіне ерекше әсер етті. Сол себепті Б.Алмановтың институтта қызмет істеген жылдардағы атқарған іс-шараларына «қызығушылардың» саны көбейді.
Бәймен Алманов 1934 жылдың шілдесінде ҚазПИ-дегі басшылық қызметтен Қазақ Ұлттық мәдени-ғылыми зерттеу институтының директорлығына ауыстырылған. Бұл қызметті 1937 жылдың сәуір айына дейін атқарып, осы жылдың тамызына дейін Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының мәдениет мәселесі жөніндегі орынбасары әрі мәдениет секторының бастығы қызметін атқарады. Ал 1937-1938 жылдары Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы Мемлекеттік қорықтар және тарихи ескерткіштер басқармасының бастығы болып істеген. Бұл Б.Алманов жұмысының соңғы жылдары еді. Ізіне түскендер Бәймен Алмановтың қызмет істеген жылдарынан қалай да қателіктер тауып, «халық жауының» қатарына қосуға тырысты. Осы мақсатпен олар Б.Алмановтың ҚазПИ-дегі қызметінің «қыр-сырларын» ақтаруға кіріскен. Мәселен, Б.Алманов директор болған 1931-1934 жылдардағы институттың барлық жұмыстарына арадан 4 жыл өткеннен кейін, яғни 1938 жылы қайта оралып, тексеру жұмыстарын жүргізеді [12]. Осы әрекеттен қайткен күнде де «тырнақ астынан кір іздегендерін» сөзсіз ұғамыз. Нәтижесінде іздеген «жоғымыз» табылып, институт жұмысындағы болар-болмас кемшіліктер «кінәлі» деп танылды. Атап айтсақ, алғаш келгенде Б.Алманов жұбайы Алманова (Сергеева) Нина Ивановнамен бірге, кезінде тұңғыш ректор С.Ж.Асфендияров тұрған Комсомол (қазіргі Төле би) көшесіндегі № 81 үйде тұрып, кейіннен Красин (қазіргі Ш.Уәлиханов) көшесіндегі № 47 үйге ауысады. Яғни, осы кездегі пәтерақының өз уақытынан кешігіп төленуі, оқу құралдарының жетіспеуі, жоғалуы, сонымен қатар өздері атқарған жұмысқа жауапсыз адамдардың жіберген кемшіліктері Б.Алмановтың сыртынан жалған құжаттар толтырылуына, үстінен қылмыстық іс қозғалып, нақақтан қуғынға ұшырауына себеп болған еді. Бәймен Алманов 1938 жылы тұтқынға алынып, 1940 жылы қазан айында 8 жылға сотталған. 1941 жылы КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты лагерінде қайтыс болды. 1955 жылы қараша айында ақталған.
Халқымыздың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Бәймен Алмановтың ҚазПИ-дің дамуына қосқан үлесі мен тарихында алатын орнын мұрағат деректері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Олай болса, оның университет мұражайындағы ректорлар портреттері арасында өзіне лайықты орнын табар болса аға буын алдында бүгінгі ұрпақ атқарған үлкен азаматтық іс болып табылар еді.

Нұрдәулет Манкеев Белекұлы,
тарихшы-зерттеуші

(22)