Басты мақсат — Көкшені көркейтіп, туризмді тұрақтандыру

Осы мақсатта Ақмола облысында біршама істер атқарылып, игі шаралар жоспарланған. Соның кейбірі атқарылып, өмірде өз орнын тауып жатыр. Осы игі істің басы қасында жүріп, оны тікелей ұйымдастырып жүрген облыс әкімі М.Мырзалиннің Көкше өңірінің көрікті жерлері Бурабай, Зеренді ауданында болған іссапарлары, атқарылған жұмыстардың нәтижелері жайында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Бурабай өңірін дамыту — туризмді тұрақтандыру

Арқада жер жетпейді Бурабайға..

М.Жұмабаев.

Өткен айларда Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Бурабай ауданында бірнеше мәрте іссапарымен болып, курортты аймақтың дамытуда жасалып жатқан іс-шаралар, жазғы маусымда туристерге жасалынатын қызметтің даяшылық сапасымен танысып, кемшін түсіп жатқан тұстарына қорытынды жасап, оны шешу жолдарын қарастыру үшін келелі кеңес құрды. Кеңесте басты мәселе Бурабай өңірін дамытып, туризмді тұрақтандыру үшін атқарылатын шаралар талқыланды.

Ауасы сап, суы тұнық әрі шипа

Өңір басшысы кезекті сапарында, курортты өңірдегі қонақүй иелері, шипажай қожайындары мен жанға дауа іздеп келген адамдарға жайлы жағдай жасауда, сауықтыру туризмін дамыту саласында әріптестік орнату мәселелерін талқылауда туристерге даяшылық жасау мәселесіне кеңінен тоқталды.
— Көрікті өңірде таза ауа, айдын көл тұнығынан түбіндегі тенге көрінетін мөлдір бұлақ, орман-тоғай, гүлмен көмкерілген әсем табиғат Бурабай өңірінде жеткілікті. Бурабайға демалушылар, көркін тамашалаушылар, туристер легі жылдан-жылға артып келеді. Біз осы келушілерге жайлы жағдай жасауымыз керек. Туристердің көп келуі ел және облыс экономикасының нығаюына орасан зор ықпал етеді. Осыған орай туристерді көретін табиғи қызықтармен қатар, жайлы даяшылық орындар, демалатын қонақүйлер, шипа іздегендерге шипа жасайтын жайлы сауықтыру орындарымен ынтасын тартуымыз керек. Сол үшін де қонақүй, шипажай қожайындары сіздермен бір мақсатта ымыраға келіп, ынтымақтастық орнатуды ұсыныс етемін.
— Қонақүй туристердің облыс, көрікті өңір туралы әсер алатын ең бірінші нысаны. Қонақтардың өңірге қайта-қайта келуіне барынша жағдай жасауымыз қажет. Сол үшін біз барлық мүмкіндікті пайдаланып, бірігіп жұмыстауымыз қажет. Оған мүмкіндік мол, соны дұрыс, тиімді пайдаланайық, — деді облыс әкімі.
Жиында Бурабайдағы демалыс орындары мен шипажайларға арналған шипалы сулары жайлы, су шығаратын, оны тұтынып отырған ұйым, мекеме басшылары, өз өнімдері жайлы таныстырды. Бірінші болып, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Ахметов көпшілікке жаңа қазақстандық бренді «Qulager-Вurabai» емдік ас-суын таныстырды. Шипалы ас-су Көкшетау биіктігіндегі «Құлагер-Арасан» жер асты су көздерінен алынған.
— Бұл емдік суда зерттеу нәтижелері көрсеткендей құрамында адам ағзасына қажетті 16 табиғи минералдан тұратын элемент бар. Ол 10-нан астам дертті емдеуге пайдалы. Бұл суды Бурабай шипажайларында қолдану елімізде медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, «Ессентуки», «Боржоми», «Карлов Вары» сияқты әлемге танымал курортты қалалардың баламасы болуға жол ашады, — деп біраз дәлелдер келтірді төраға Мұрат Ахметов.
Екінші болып «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің басшысы Станислав Пшеничный өткен жылы ұңғыма қазып, родон суын алып, тұтынып жатқандарын жеткізе келе, судың сипаттамасына кеңінен тоқталды.
— Өткен жылы біз родон ас-суын алатын ұңғыма қаздық. Бұл — өңірдегі жалғыз ұңғыма. Дүниежүзінде осындай 500-ге жуық су көздері бар екен. Мысалы, Алтай, Қырым, Бад-Брамбахе, Цхал-тубе де родон суларын адамның қан қысымын тұрақтандырып, жүрек қан тамырларын жақсарту үшін қолданылады, — деп атады С. Пшеничный.
Бұдан кейін облыс әкімі жиынды қорытын-дылап Бурабай аймағындағы туристерге даяшылық көрсететін басқа мақсаттағы нысан-дардың жазғы маусымға дайындығымен танысып, пысықтады. Олардың ең ірісі «Жекебатыр» шипажай курортты мекемесінде құны 1,5 миллиард теңгеге жөндеу жұмысы жүріліп жатыр екен. Келер жылы кешеннің екі корпусына жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланса, үшінші ғимарат сүріліп, орнына халықаралық стандарттарға сай жаңасы салынбақшы. «Жекебатыр» шипажай басшысы А.Жанпейісов: «Бізде жөндеу жұмысы қызу жүріліп жатыр, бірақ туристерге қызмет көрсету әсте тоқтамайды. Жоғарыда жанға шипа суларды біз қажетімізге сай тұтынатын боламыз. Бізді әсіресе тибеттік медицина, сазбен емдеу, 46 түрлі медициналық шаралар, «Qulager-Вurabai» минералды суы туристерге ұсынуға қызықтырып отыр, — дейді. Иә, таза ауа көрікті табиғатқа сай, жанға шипа, дертке дауа таза минералды сулар да туристерді қызықтырары анық.

Бас жоспар айқын болса, нәтиже жақын

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Бурабай кентінің, бас жоспардың орындалуын жергілікті жердің жағдайын, құрылыс нысандарының орайласуын салыстыра отырып, кентті дамыту жоспарымен нақты танысты. Жоспарды талқылап, кеңес өткізді. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов және бас жоспарды жобалауға қатысқан компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңестен бұрын әкім М.Мырзалин кентте жаңадан салынып жатқан әртүрлі демалыс және сауықтыру құрылыс нысандардың барысымен танысқан болатын. Кеңесте Бурабай аудандық сәулет және қала құрылыс секторының меңгерушісі М.Көпбергенов пен «Оргстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Л.Нысанбаева хабарлама жасады.
Хабарламадан соң Бурабай кентінің аумағындағы 14 гектар алқапты алып жатқан «Burabai Xills» нысанын жобалаудың тұғыр-намасы талқыланды. Оны «Ақмолапроект» компаниясының жетекші маманы О.Ким баяндады. Баяндаманы талқылай келе, Бурабай кентінің бас жоспарына бірқатар өзгерістер енгізуге ұсыныстар айтылды. Біріншіден, «Көркем» ықшамауданы мен Молбаза ауылы маңына салынатын құрылыстар нақтыланды. Сондай-ақ курортты кентті дамыту, абаттандыру бағытындағы жүргізілетін жұмыстар жайы да біршама әңгімеге арқау болды. Онда айналма жол жиегінен гүлзарлар отырғызу, аквопарк пен кент орталығындағы құрылыстар, мейрамханалар мен қонақүй нысандары, құрылыстары бас жоспарға сай нақтыланып, оны жүргізудің тәртібі мен кестесі айқындалды.
— Демалыс маусымы енді ғана басталып жатқан қазіргі шақта еліміздің өзге аймақтары мен алыс-жақын шетелдерден келетін демалушыларға жағдай жасау, өңіріміздің көркем табиғаты, таза ауасы мен орман-тоғай, айдын көлдері ғана емес, қызмет сапасы мен демалыс орындарының жайлылығы, бағасының қолжетімділігімен де туристерді тарту жайы қозғалды. Курортты аймақта атқарылып жатқан әр жұмыс іс-шаралардың барлығы туристерді көптеп тарту, оларға қолайлы да жайлы жағдай жасауға жұмылуы қажет, — деді өңір басшысы. Ақмола облысында туризмді дамытуда біршама игі істер атқарылып жатыр. Бұл соның бір парасы ғана.

Туристер көне «Ботай» мәдениетімен Бурабайда танысады

Бурабай курорты аймағында орналасқан Жекебатыр тауының баурайындағы Ақылбай орман шаруашылығы аумағында «Қазақстанның рухани киелі жерлері» жобасы аясында көне Ботай мәдениетін алыс-жақын шетелден келетін туристерге жаңалап, жаңғыртып көрсету, әлемге насихаттау үшін қорымының көшірме нұсқасының кешенді құрылысы салынып жатыр.
Қорымының нұсқалық құрылысы бұдан 6 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениетін, дәстүрін, өмір тіршілігін, сәні мен сәулетін ұштастырып салынатын және шетелдік туристермен қатар, ел аумағынан келетін қонақтарды қызықтырып, ынта, әуестігін тартатын кешенді құрылыс болғалы тұр. Осы кешен құрылысымен облыс әкімі М.Мырзалин арнайы келіп танысқан болатын. Әкімнің құрылыс барысымен танысуында бізде біраз жаңалыққа қанық болдық. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, қазір, бұнда Ботай мәдениетіне тән жеті баспанадан тұратын визит орталықтың іргетасы қалануда. Оны биыл жазда аяқтауға жоспарланған. Кешенге асфальт жол инженерлік коммуникация жүйелері де тартылатын болады.
Нақтыласақ, сол дәуірдегі жеті баспананың құрылысы жүріліп жатыр. Әр баспананың диаметрі 8-10 метр. Үйлердің жертөлелері бір метр тереңдікте, ал жоғары жағы ағаштан қашалып салынады. Төбесі шөп, тері, балшық және сабанмен жабылады. Барлық үйлер жер асты жолы арқылы бір-бірімен жалғасады. Әр үйдің сол кезеңге сай өзіндік ерекшеліктері болады. Бірінде қару-жарақ, саймандар сақталса, екіншісінде сол кезде айналысқан кәсіп мал өнімдерін қайта өңдеп киім тігу, күнделікті тағам, сусын, әзірлеу әдістері көрсетіледі. Келген қонақтар көне дәуірге келгендей әсер алатындай сәулеті мен мәдениеті келіскен кешен тұрғызылатын болады. Туристер ескі заманға сапар шеккендей әсер алатын болады, — дейді Қуаныш Шақшақов.
Құрылыс барысын тарих ғылымдарының докторы, профессор Ботай құрымын зерттеп, алғаш ашқан, көне мəдениетті елге таратқан Виктор Зайберт пен «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов бақылап, басқарып жүр екен. Виктор Зайберттен де қысқаша мағұлматтар алды. Ғалым сөзінде: «Біздің дəуірімізге дейінгі 6 мың жылдықта қазіргі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар жəне Қостанай облыстары аумағын да үлкен тарихи оқиғалар орын алған».
— Дəл осы жерлерде жылқыны көлікке пайдаланудың жаңа жүйесінің жаңа дəуірі қалыптасып, далалық өркениет бастау алған. Мұның барлығы көне Ботай мəдениетін зерттеу барысында анықталды. Енді міне Елбасының руһты жаңғырту, тірілту жайлы жазған бағдарламалық мақаласында жаһандық, экономикалық процестерді алға қойып, рухани құндылықтарымыз тіріліп, жаңарып жатыр. Нәтижесінде көне «Ботай мәдениетін» ел, әлем танитын болды. Біздің жобаның басты мақсаты да осы дүниежүзіне еліміздің тарихын паш ету, — дейді В.Зайберт.
Ботай мəдениетін жаңғырту жобасын жүзеге асыруға «EQUUS» көркем кинотрилогиясы-ның продюсері Н.Баймұхановтың да үлесі айтарлықтай екен.
— Жылқыны алғаш қолға үйретіп, ат-көліктік коммуникация қалыптасқан, адамзат тарихы туралы көркем фильмді көрген адам сол Ботай мəдениеті мен Бурабай курортын көруге ынтығатына күмән жоқ, — дейді продюсер. Кешен құрылысымен танысқан облыс әкімі өз ойындағысын мамандарға жеткізіп, құрылысты тарихи ерекшеліктерге сай жүргізуді тапсырды. Құрылыс бітсе туристер алыстағы Ботай қорымына бармай-ақ, Бурабайдың әсем табиғатын тамашалай жүріп, көне дәуір тіршілігімен танысатын күн алыс емес.

Бурабайдың әсем табиғатын альбом насихаттайды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының Қоры Бурабай ұлттық паркіне арналған «A day in Burabay» атты фотоальбом шығарып, Ақмола облысы әкімдігінде тұсауын кесіп, алғашқы даналарын қатысушыларға тарту етті. Елбасы Қоры атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова альбом жайында:
— Біз бұл фотоальбомды Бурабайдың бірегей табиғи ерекшелігін әлемге таныту үшін шығардық. Елбасы осы өңірде болған кезде Бурабай табиғатының сұлулығына әрдайым таң қалады. Бурабай өңірі Абылайханмен байланысты ұлы тарихқа ие. Осы өңірге байланысты көптеген әсем аңыздар да бар. Жаңа фотоальбом қазақстандықтардың және шетелдік туристердің назарын тартады деген үміт зор, — дейді.
Қор кеңесшісі аталмыш қордың басқа да жасап жатқан іс-шаруаларынан ақпарат берді: «Осы фотоальбомның негізінде Астананың 20 жылдығына арналған «A day in Astana» және «Астана — Ұлы даланың жауһары» фотоальбомы дайындалды. Таныстыру шарасы Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Мадридте, Алматы мен Астана қалаларында өтті.
Таяу күндері көрме Тараз қаласында болады. Осы облыста да атқарылатын іс-шаралар көп. Мысалы, Ақмолалық балалар «Көшбасшы жолы» және алғашқы балалар параолимпиадасы сияқты қордың жобаларына қатысуда. Ардагерлерімізді құрметтеу, қолдауға бағытталған әлеуметтік іс-шаралар жыл сайын еліміздің әр өңірлерінде, соның ішінде Ақмола облысында өтіп жүр.
Биыл Бурабайда транс-шекаралық ынтымақтастық, IT және нанотехнологияланы дамыту бағытында BURABAY FORUM II Халықаралық Жас ғалымдар форумы өтпекші.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ҚР Тұңғыш Президенті Қоры Қазақстанның қасиетті жерлері туралы әңгімелейтін «Qazaq quest» Интернет-хабарламасы, Астана мен Бурабайға арналған фотоальбомдар, «Астана — Ұлы даланың жауһары» сияқты жобаларды іске асырды.
Таяуда әлеуметтік желілерде қордың «Qonaqjai Elim» Интернет-жобасының бірінші эпизоды шықты. Онда Қазақстанның көпұлтты халқы туралы баяндалады. Жоба барша қауымды Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлттардың дәстүрі, әдет-ғұрпы және тұрмысымен таныстырады.
Бұған қоса, еліміздің вундеркинд балалары және қазақстандық қаһармандары туралы «Wunder Qazaqstan» және «Qaharman Qazaq» Интернет-жобалары әзірленіп жатқаны жайлы жиналған жұртқа Ә. Қайшарова жеткізді.

Түйін:
Табиғи байлығы жоқ тек туризммен тірлік етіп отырған елдерге қарағанда біздің ел әр салада қазба байлық, ауыл шаруашылық өнімдеріне бай, мұнайымыз өз алдына, ұшан теңіз байлықтың үстінде отырмыз десек, артық емес. Біз бұл байлықтарды шамамызша игеріп, пайдасына кенелмесек те, шетін көріп жүрміз. Біздің жоғарыда айтқан туризмді дамыту арқылы пайдаға кенелу жаңа басталды десек артық емес. Туризмді дамыта алмай отырғанымыз болмаса, дамытудың мүмкіндігі мол, табиғаты тамылжыған, ерекше назар тартатын орындар аз емес. Солардың бірі де бірегейі Көкше өңірі, Бурабай курорты аймағы. Осы аймақты, туризмді дамыту, оны насихаттау арқылы әлемге таныту қарқынды жүріліп жатыр. Сол іс-шаралардың бір-екеуіне жоғарыда тоқталдық.
Бурабай аймағын 2014-2020 жылдары дамытудың 80 тармақтың құны 76 млрд. тенгенің жоспар-жобасы жасалып, игеріліп жатыр. Дегенмен бүгінгі заманғы талапқа сай жоба-жоспар жыл сайын өзгеріп жаңалануы да ғажап емес. Биылдың өзінде жобалау кезеңінің үшінші сатысы бойынша 63 млрд. тенгенің 35 жобасы іске асып жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абылайхан» алаңын көркейту жоспары ішінде «Батыр бабалар» мемориалдық кешен салу сияқты нақты жобалар бар. Ел тарихы және көшпенділер мәдениетін, өткен ғасырлар тіпті сонау орта ғасыр мәдениетін жаңғырту арқылы Қазақ елін әлемге танытудың үлгісін жасаса және әлемдік маңызы бар жиындар, спорттық, мәдени шаралар көптеп өткізілсе. Әрине, оған қыруар қаржы әлемдік денгейдегі құрылыс нысандары керек болары даусыз. Бірақ ойланатын мәселе дегенді біле жүрген жөн.

Дахан Шөкшир

(36)