АҚТАУДА НҰРМҰХАН ЖАНТӨРИНГЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Киелі Маңғыстау жерінде Астана қаласының 20 жылдық мерекесі қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚазССР-нің Халық артисі, ұлтымыздың ұлы актері Нұрмұхан Жантөринге алып ескерткіш орнатылды. Еліміздің ең жас театры саналатын Нұрмұхан Жантөрин атындағы өнер ордасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2003 жылдың 21 наурызында ашылған болатын. Осыдан он екі жыл бұрын, дарынды талант иесіне шағын ғана мүсін орнатылған. Қазақтың ұлы актеріне өнердегі асқақ бейнесі мен өмірдегі сом тұлғасына сай еңселі ескерткіш 90 жылдығына орай бой көтерді.

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Ақтау қаласының 55 жылдығы қарсаңында тұрғызылған Жантөрин ескерткіші актердің өз есімімен аталатын қара шаңырақ Маңғыстау облыстық драма театрының алдында орнатылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған ескерткіш, қаланың мерейтойы мен xалық әртісінің 90 жылдық торқалы тойына үлкен сый болмақ. Ұлттық кино және сахна өнерінің әлемдік деңгейдегі жарық жұлдызы Нұрмұхан Жантөриннің еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, актердің немере інісі Ғариполла Байзақов, үзеңгілес досы әрі Халық артисі Гүлжан Әспетова және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Нұрмұхан Жантөрин ескерткішінің ашылуын Маңғыстау жұрты зор қуанышпен қабылдап, облыс әкімдігіне және үлкен істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты. Актердің туған күніне арнап, алда әлі талай айтулы шаралар атқарылмақ. Бүгінгі игі іс тек бастамасы ғана.

Ералы Тоғжанов жиналған қауымды қос қуаныш – Астана қаласының 20 жылдығымен және Нұрмұхан Жантөрин ескерткішінің ашылуымен құттықтады.
Ескерткіште Нұрмұхан Жантөриннің ой үстінде отырған сәті бейнеленген. Қолдан тұрғызылған мүсіннің ұзындығы 2 м 7 см. Тұғыры гранит тастан жасалған ескерткіш 3 ай мерзімінде дайындалған. Жалпы биіктігі 4,5 метр. Авторы жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жылдан-жылға жақсарып, мәдениеті мен өнері қарқынды дамып келеді. Бұдан бөлек, былтыр Отпантаудың басында қазақтың үш биіне арнап жаңа ескерткіш бойы көтеріп, дала билерінің бейнесі кең даланың төсінен орналасты. Сондай-ақ өткен жылы облыста 11 жылдан кейін республикалық ақындар айтысы қайта жанданды. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын Маңғыстау жұртшылығы үшін бұл үлкен сый болды.

Айман Нұрмағанбет

(8)