Мағжан Жұмабаев — азаттық пен махаббат отының ақыны

Акбар РЫСҚҰЛОВ, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Біз халықаралық «ТҮРКСОЙ» қоғамы және Түркі академиясы шеңберінде қазақстандық ақын-жазушылармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Мағжанның бірді-екілі өлеңдерін қырғыз ақындары аударып келген. Мен де қал-қадірімше атсалысқанмын. Бірақ жеке жинақ түрінде шықпаған екен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен 80 шақты өлеңі мен «Батыр Баян» және «Қорқыт» дастандарын қотарып, «Арыстан айбаты» деген кітапқа топтастырдым. Нұрлан Қалыбеков та бір жинақ бастырды. Ол осында жүр. Түркі академиясының қолдауымен Бішкекте  арнайы іс-шара өткіздік.
Бұл салада Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлу өте өнімді еңбек етіп жүр. Оның Мағжанды ағылшын тілінде «сөйлеткен» айтулы еңбегі «Мағжан Жұмабаев — азаттық пен махаббат отының ақыны» деп аталады. Биыл Түркі академиясының қолдауымен үш кітап шықты».

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
«Мағжан — алты алаштың ғана ақыны емес, ол — бүкіл түркінің, бүкіл шығыстың  шоқтығы биік шайыры. Осындай үлкен жүректі ұлы ақынды дүниеге әкелгені үшін  қасиетті Қызылжар жері мақтануы тиіс. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Сондағы ұлттық код, тарихи сана, киелі мекен дене ұғымдарды Мағжан ақынның жырларынан табуға болады. Бүгінгі шара — рухани жаңғырудың жемісі десем, қателеспеймін».

Абай дана, Мағжан  дара..!

Сәуле Мешітбайқызы, халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетінің  Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Мағжан қазақтың ғажап лирик ақыны. Мағжан — ғаламат ақындығымен қоса, ағартушы ғалым, көрнекті педагог.  Қазақ балаларының келешегіне алаңдаған ақын «Педагогика» деген кітап жазған. Ол кітап күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ. «Балаларға тарту» деген 1927 жылғы Қызылордадан басылып шыққан жинақта да жеткіншектерге арналған өлеңдері жетерлік. Демек, балалар әдебиетіне де қомақты үлес қосушы.
Ал Мағжанның қазақ тілінде алғаш рет жазған атақты «Педагогика» оқулығын білмейтін ұстаздар арамызда жоқ та шығар. Ұлттық педагогика мен балалар әдебиетімен қатар Мағжанның Жаратылыстану ғылымы туралы жазған еңбектері де жетерлік.
Мағжан Мәскеуде жүргенде 20-дан астам оқулықтар мен ғылыми еңбектерді аударып, олардың өзі жұмыс жасап жүрген «Күншығыс» баспасынан мыңдаған данамен басылып  шығарылып таратылғанын  білеміз. Ол оқулықтар мен ғылыми еңбектердің қатарына сол  кезеңдегі Қазақ қоғамының сұранысына орай шығарылған саяси бағыттағы үгіт-насихат құралдары, әдеби-тарихи бағыттағы  төте аудармалар және ғылыми саладағы қазақтың ұлттық тұрмысы мен жасаған ортасына үйлестіріп жазған еңбектері де жатады. Кейбір басылымдарын Басқарманың талабы мен тапсырмасы бойынша аударған болса, кейбір ғылыми аудармаларды қоғамның қажеттілігіне орай жазуға тура келген. Сондықтан да маған ерекше жақыны осы еңбектері. Себебі 30 жылға жуық ұстаз болдым. Осындай Ұлы тойдың болуына сансыз шүкірлік етейік, Тәуелсіздігіміздің арқасы! Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов: «Абай ақылдың — ақыны, Мағжан — ақынның ақыны», — деп айтқан.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін…
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Əуезов: «Бəрімізде жазамыз, болашаққа алаңдаймыз, бірақ менің пайымдауымша,  келешекте оқылатын, болашаққа риясыз жететін дүние Мағжанның жазғандары. Қалғандарымыздікі құр əурешілік болмаса қайтсін», — деуі үлкен ойға жетелейді.  Мағжан — түркі дүниесіне,  түркі əлемінің бірігуіне күш салған ақын.  Оның Түркия мемлекетіндегі төңкеріс кезінде жазған  «Түрік бауырыма» деген өлеңі соның айғағы.  Бүгінде Түркия елі Мағжан ақынды атаусыз қалдырмады. Ақынды ардақтап, оның өлеңіне құрмет көрсетіп, атақты қалаларында оның есімін ұлықтап жүр. Мағжан — орыстың демократ ақындарымен жақсы қарым-қатынаста болған. Əсіресе Александр Блокпен достығы, Максим Горькиймен сыйластығы өзінше бөлек əңгіме.  Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп өздеріңдей жастарға сеніп өткен.  Енді сендер ақын аталарыңның сенімін ақтауға тырысыңдар, қарақтарым…
Бұл айтулы датаны түгел түркі жұрты тойлап жатыр десек артық айтқанымыз емес. Себебі, Мағжанның дүниетанымы мен азаматтық көзқарасы Ұлттық деңгейден Түркілік империялық деңгейге, тұтас адамзаттық биікке көтерілгені белгілі. Жыл басында Мағжанның 125 жылдық мерейтойын тойлау шарасы Анадолы жерінен бастау алған. Бүгінде Қызылжар өңірі де тойлауда. Міне бүгін 3 күн. Маған бүкіл әлем тойлап жатқандай әсер қалдырды. Бүгінгі  ғылыми конференцияда сөйлеген ғалымдар бір-бірінен асады. Олар жан-жақты терең, мәнді әңгімелер айтуда.
Тимур Кожаоғлу — Мичиган университетінің профессоры (АҚШ) «М.Жұмабаев — азаттық пен махаббаттың отты ақыны», — деді. Сонау АҚШ-та ақынның өлеңдерін ағылшын тіліне аударып, Мағжанды ағылшын-ша сөйлетті.
Хулия Касапоғлу Ченгел  — Гази университеті, Түріктану институтының директоры,  филология ғыл. докторы, профессор (Түркия) «Рухани жаңғыру» идеясы және М.Жұмабай», — деп ерекше тебіреніспен сөйледі. Ағылшын Шекспир тілінде, орыс Пушкин тілінде сөйлегенде, бүкіл түркі әлемі Мағжан тілінде неге сөйлемеске?
Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесейік», — деген жоқ па? Біз Мағжан тілінде сөйлейік  деп, рухымызды көтеріп кетті..! Бұл жиынға алыс-жақын 7 мемлекеттен қонақтар келді. Барлығының да баяндамасы қазақ тілінде болды.
Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әлі-ақ әлемнің 70 елінен келетін кезі болады. Мағжан зерттеле бермек, ашылмаған сырлары мен жырлары мұхит тәрізді. Бар болған 44 жас ғұмырында ұрпағына ересен еңбек қалдырды. Құрметті қонақтар қатарында мен де осы тойда Мағжанның 125 жылына арналған медаль тақтым. Бұл медальдың мен үшін бағасы өте жоғары. Осыны ұйымдастырған СҚО әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов мырзаға, бірнеше жылдан бері, жүректерімен, мойнымен бар жауапгершілікті көтеріп, ынтымақты ұжымымен осы істі атқарып жүрген СҚО тілдер басқармасының басшысы Кемел Қарашұлы Оспанов мырзаға, Қызылжар халқына алғысымыз шексіз, Алла разы болсын..! Бірлік болған жерде, осындай тірлік болары сөзсіз!
P.S. Ұрпақ болашағын ойлап, ана тіліміздегі ғылымның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Алаш Арыстарына бүгінгі ұрпақтар атынан тағзым! Баба рухы, бәрімізді де жебеп жүрсін, әрдайым!

(21)