«Қыз Жібекпен» басталып, «Шәмшімен» түйінделген гастроль

Қазақ өнерінің қара шаңырағы, 90 жылдан аса тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері үшін биылғы маусым гастрольге толы болды. Еліміздің батысындағы Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан басталған гастрольдік сапар, қасиетті Торғай топырағында жалғасқан еді. Арқалық қаласында театр әртістерінің қойылымдарынан бөлек, өнер ордасына еңбегі сіңген майталман актер Әнуар Боранбаевтың 70 жылдығына арналған кештер де өтті. Аталған өңірлерге табаны тиген театр ұжымы Ақтөбе, Орал сынды ірі қалалардан басқа шалғайдағы елдімекендерді де аралап, шежіреге толы ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне де куә болды. Ал, қалың көрермен әртістердің сахналаған «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасын тамашалап, рухтанса, «Қожанасыр тірі екен…» комедиясын көріп, күлкіге қарық болды.

      Сонымен қатар, 15-ші маусымда «Алатаудың Сарыарқаға сәлемі» атты гастрольдік сапарымен өнер ордасының әртістері елорданың 20 жылдығына орай Астанаға табан тіреген болатын. ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалімен тұспа-тұс келген бұл сапар бас қаланың тұрғындарын сағындырған кейіпкерлермен қауыштырып, рухани азық сыйлады. Сөйтіп, М.Әуезов атындағы драма театрының әртістері елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Астана «Жастар театрының» ғимаратында және Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры сахналарында өнер көрсетті. Арқа төріндегі гастроль Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен басталса, И.Вовнянконың «Актерді өлтірген кім?» криминалдық қойылымы, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» және Д.Исабековтың «Жаужүрек» драмасымен жалғасқан еді. Ал, 21 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында әйгілі композитор, «вальс королі» Шәмші Қалдаяқовтың өнегелі өміріне арналған И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклімен әкемтеатрдың гастрольдік сапары қорытындылады. Шәмшінің әндері орындалатын қойылымда көрермендер Ғазиза Әбдінабиева, Бекжан Тұрыс (Шәмші рөлінде), Шынар Асқаровалармен қатар, Изольда рөлін сомдаған Назгүл Қарабалина, Алеко образын алып шыққан Алмас Шаяхметов және басқа да жас актерлар мен актрисалардың өнеріне тәнті болды.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ     

(65)