Әлем назары Ресейдегі доп додасында

Мәскеудегі «Лужники» стадионында аяқдоптан биылғы жылғы Әлем біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Оған FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзге де бірнеше мемлекет басшылары қатысты. Әлемнің 32 үздік ұлттық құрамасы бақ сынайтын дода 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласында: Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Қазан, Сочи, Волгоград, Калининград, Екатеринбург, Дондағы Ростов, Самара және Саранскта өтеді. Сөздің піссімілләсін қай құрама қай топта ойнайды дегеннен бастасақ. «А» тобында: Ресей, Сауд Арабиясы, Мысыр және Уругвай командалары ойнайды. «В» тобында: Португалия, Испания, Марокко, Иран командалары топтастырылған. «С» тобында: Франция, Австралия, Перу және Дания құрамалары. «Д» тобында: Аргентина, Исландия, Хорватия, Нигерия құрамалары ойнайды. «Е» тобында: Бразилия, Швейцария, Коста-Рика, Сербия командалары күш сынасады. «F» тобында: «Германия, Мексика, Швеция, Оңтүстік Корея құрамалары сайысады. «G» тобында: Бельгия, Панама, Тунис, Англия командалары бас қосқан. «Н» тобында: Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония құрамалары топтастырылған.   Әлемдік доданың шымылдығы Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы матчпен ашылды. Өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болған Ресей футболшылары жанкүйерлер алдында ел намысын қолдан бермей, саудиттерді 5:0 есебімен ойсырата ұтты (доп авторлары: Ю.Газинский, Д.Черышев (2), А.Дзюба, А.Головин). Осылайша олар «А» тобында көш бастады. Осы топта өнер көрсететін Уругвай мен Мысыр құрамалары арасындағы матч 1:0 есебімен уругвайлықтар пайдасына шешілді (голдың авторы — Х.Хименес). «В» тобындағы командалар арасындағы сайыста Португалия мен Испания командалары 3:3 есебімен тең ойнады (доп соққандар: Р.Криштиану — 3; Д.Коста (2), Ф.Иглесиас). Иран мен Марокко құрамалары арасындағы жекпе-жекте парсылықтардың мерейі үстем болды, есеп 1:0, жалғыз допты Азиз Бухаддуз соқты. «С» тобындағы құрамалар да алғашқы ойындарын өткізді. Франция мен Австралия командалары арасындағы текетірес 2:1 есебімен француздардың пайдасына шешілсе (доп соққандар: А.Гризман, А.Бехич ( автогол);  М.Единак). Перу мен Дания құрамалары арасындағы сында еуропалықтардың мерейі үстем болды, есеп — 1:0, солардың еншісінде (доп соққан —  Ю.Поульсен). «Д» тобындағы командалар арасындағы тартыста Аргентина мен Исландия құрамалары жеңімпазды анықтай алмай, 1:1 есебімен тең тарқасты (доп авторлары: С.Агуэро; А.Финнбогасон). Хорватия Нигерия командасын 2:0 есебімен ұтты (доп авторлары: О.Этабе (автогол), Л.Модрич). Айта кетерлігі Аргентина құрамасының капитаны, айдарынан жел ескен сұрмерген Л.Месси алғашқы матчта исландықтар қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын соға алмай, мүлт кетті. Осы допты соқса, бәлкім аргентиналықтар өз тобында көш бастар ма еді, қайтер еді? Сондай-ақ, алғашқы кездесуде-ақ қарсыластар қақпасына 3 доп соғып, хет-трик жасап үлгерген португалдық футболшы Криштиану Роналдуды да ерекше атап өткен жөн. «»Е» тобындағы Коста-Рика мен Сербия командалары арасындағы тартыс 1:0 есебімен соңғысының пайдасына шешілді (доп соққан — А.Коларов). Келесі жұпта сынға түскен Бразилия мен Швейцария командалары итжығыс түсті, есеп — 1:1 (доп соққандар: Ф.Коутиньо; С.Цубер). «F» тобындағы Германия мен Мексика арасындағы кездесу сенсациямен аяқталды. Күтпеген жерден кездесудің ғана емес, жалпы мундиальдың фавориті саналған неміс командасы қарсыласына 1:0 есебімен есе жіберді (доп авторы — И.Лосано). «А» тобында Ресей Мысыр командасын 3:1 есебімен ұтып (доп соққандар: А.Фатих (автогол), Д.Чепрышев, А.Дзюба; М.Салах), әлемдік біріншілікте өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шықты. «G» тобында Бельгия Панама командасын 3:0 есебімен ұтты (доп соққандар: Д.Мертнес, Р.Лукаку (2). «Н» тобында Тунис Англия командасына 1:2 есебімен есе жіберді (доп авторлары: Ф,Сасси; Г.Кейн (2). «F» тобында Швеция құрамасы Оңтүстік Корея командасын 1:0 есебімен (А.Гранквист) тізе бүктірді. Әр топтағы құрамалар келесі матчтарын қайда және қашан өткізетіндігін көрсете кетсек дейміз.

Командалардың жекпе-жектері

Сонымен, «А» тобындағы командалар арасындағы матчтар: 19 маусым күні Ресей мен Мысыр командалары Санкт-Петербург қаласында жасыл алаңға шығады. Уругвай мен Сауд Арабиясы 20-ы маусым күні Дондағы Ростов қаласында күш сынасады. Ал, Уругвай мен Ресей кездесуі 25-і маусым Самарада өтсе, Сауд Арабиясы мен Мысыр құрамалары осы күні Волгоградта бақтарын сынайды. «В» тобындағы командалар: 20-ы маусымда Португалия мен Марокко Мәскеудің «Лужники» стадионында күш сынасса, сол күні Иран мен Испания Қазан қаласында жасыл алаң төріне шығады. 25-і маусым күні Иран мен Португалия — Саранскте, Испания мен Марокко — Калиниградта бақтарын сынайды. «С» тобындағы командалар: 21-і маусым күні Дания мен Австралия — Самарада, Франция мен Перу Екатеринбургте ойнайды. 26-ы маусымда Австралия мен Перу — Сочи қаласында сынға түссе, дәл сол күні Дания мен Франция Мәскеудің «Лужники» стадионында сайысады. «Д» тобындағы командалар: 21-і маусымда Аргентина мен Хорватия Нижний Новгородта, ал 22-і маусымда Нигерия мен Исландия — Волгоградта кездеседі. 26-ы маусымда Нигерия мен Аргентина — Санкт-Петербургте, Исландия мен Хорватия — Дондағы Ростовта бақтарын сынайды. «Е» тобындағы командалар: 22-і маусымда Бразилия мен Коста-Рика Санкт-Петербургте күш сынасса, Сербия мен Швейцария Калиниградта жасыл алаңға шығады. 27-і маусымда Сербия Бразилиямен Мәскеудің «Спартак» стадионында сайысқа түссе, Швейцария мен Коста-Рика — Нижний Новгородта жекпе-жек өткізеді. «F» тобындағы командалар: 23-і маусымда Оңтүстік Корея мен Мексика Дондағы Ростовта сайысса, Германия мен Швеция Сочиде бақтарын сынайды. Ал 27-і маусымда Оңтүстік Корея мен Германия — Қазанда, Мексика мен Швеция — Екатеринбургте ойнайды. «G» тобындағы командалар: 23-і маусымда Бельгия мен Тунис  Мәскеудегі «Спартак» стадионында кездессе, 24-і маусымда Англия мен Панама Нижний Новгородта күш сынасады. 28-і маусымда Панама Туниспен — Саранскте, Англия Бельгиямен — Калиниградта – өз топтарындағы соңғы кездесулерін өткізеді. «Н» тобындағы командалар: 24-і маусымда Жапония Сенегалмен — Екатеринбургте, Польша Колумбиямен Қазанда сайысады. 28-і маусымда Жапония Польшамен — Волгоградта, Сенегал мен Колумбия — Самарада кездеседі. Жалпы, топтық кезеңдегі іріктеу ойындары 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілдеде аяқталады.

Плей-офф кезеңі қалай өтпек?

Енді плей-офф кезеңінде кім-кіммен кездесетіндігіне тоқталсақ. 8\1 финалы 1-і шілде күні өтеді. Осы күні Мәскеудің «Лужники» стадионында «В» тобының жеңімпазы мен «А» тобында екінші орын алған құрама кездеседі. Ал, Нижний Новгордта «Д» тобының жеңімпазы «С» тобында екінші орын алған командамен сайысқа түседі. 3-і шілде күні Санкт-Петербургте «F» тобының жеңімпазы мен «Е» тобында екінші орын алған командалар бақтарын сынайды. Дәл сол күні Мәскеудің «Спартак» стадионында «Н» тобының жеңімпазы «G» тобында екінші орын алған командадан емтихан қабылдайды. 45\1, яғни ширек финалдар 6-7-і шілде күндері өтеді. 6-ы шілдедегі кездесулер Нижний Новгород пен Қазан қалаларында, сондай-ақ 7-і шілде күні Сочи мен Самара қалаларында өтеді. Жартылай финалдық ойындар 10-11 шілде күндері өтпекші. Ол ойындар Санкт-Петербургте (10-ы шілде) және Мәскеудің «Лужники» стадионында өтпек (11-і шілде). Ал ақтық финалдық ойындар 14-15-і шілде күндері өтеді. 14-і шілде күні Санкт-Петербургте қола медаль үшін сайыс өтсе, 15-і шілде күні Мәскеудің «Лужники» стадионында биылғы жылғы Әлем біріншілігінің жеңімпазын анықтайтын ақтық сын өтеді. Qazaqstan мен Qazsport арналары әлем чемпионатында өтетін 64 матчтың барлығын тікелей эфирден көрсетеді. Футбол тақырыбына қатысты мына бір деректі келтіре кетсек дейміз.

ФИФА-ның ерекше шешімі

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және  Мексика елдерінде өтетін болды. Жарыс өтетін ел Мәскеуде өткен ФИФА конгресінде дауыс беру арқылы анықталды. Мундиальды АҚШ, Канада мен Мексика бірлесе өткізуге өтініш берсе, Марокко да әлем чемпионатын өткізуге ұсыныс жасаған еді. Дауыс беру қорытындысы бойынша алғашқы үш ел жеңіске жетті. АҚШ, Канада мен Мексика кандидатурасын 134 ұлттық федерация қолдаған. Ал Мароккоға 65 дауыс берілген. Канада мен Мексикада 10 ойыннан өтсе, қалған ойындардың бәрі АҚШ-та болмақ. Осылайша, әлем чемпионаты алғаш рет үш елде өтетін болды. Ал оған дейін 2022 жылғы дода Катарда өтеді. АҚШ-та осыған дейін де әлем чемпионаты ұйымдастырылған. 1994 жылғы жарыста Бразилия құрамасы чемпион атанған болатын.

Қызығы мен шыжығы

Саудия шенділерінің өкпесі қара қазандай

telegraf.com.ua басылымы: «Сауд Арабиясы футбол федерациясының басшысы Адель Иззат: «Бұл өте көңіл толмайтын нәтиже, біздің дайындық деңгейімізді қандай екені көрініп қалды. Шабуылшы Мохаммад ас-Сахлави, қорғаушы Омар Хавсави мен қақпашы Абдаллах әл-Майюф тәртіптік жаза алады»,— деп мәлімдеді десе, Сауд Арабиясының спорт комитетінің төрағасы Турк әл-аш-Шейх те ойынды «толық сәтсіз ойын» деп бағалап: «Бүгін ойыншылар менің атыма дақ түсірді, біз толық жеңілдік. Біз ең үздік жаттықтырушылармен келісімшартқа отырғандағы ойын-шылардың бар мүмкіндігі осы ма? Өкінішке қарай, олардың қолынан келетіні осы ғана», — депті.  Twitter арқылы өз ойын білдірген патшалық династияның мүшесі Саттам Халид Әл Сауд: «Еліміз ойыншылардың жеңуі үшін бар мүмкіндікті жасады. Өкінішке қарай, ойыншылар халқы мен отанын құрметтемейді»,— деп жазған көрінеді.

Зейнеткер додаға трактормен келді

Германия құрамасының жанкүйері 70 жастағы зейнеткер Губерт Вирт сағатына 30 км/сағ жылдамдықпен қозғалатын трактормен 2500 шақырымды артқа тастап, бір ай дегенде Мәскеудегі әлем біріншілігін тамашалауға келді. Ол алыс сапарға туған қаласынан 15-і мамырда шыққан. Зейнеткер чемпионаттың жартылай финалдық ойындарын тамашалау үшін әрі қарай тракторымен Санкт-Петербургке жолға шықпақшы. Одан кейін Германияға қайтады. Тракторға үлкен сыра бөшкесі тиелген. Оның ішінде Вирттің жол бойы өмір сүруіне қажеттінің бәрі бар.
Сауд Арабиялық Фахад Аль-Яхия есімді жанкүйер, 75 күн бойы велосипедпен 5145 шақырым жол жүріп, Ресейге келіп жетті. Ол 4 елдің шекарасын басып өтіп, Ресейге 500 шақырым қалған тұста жол апатына ұшыраған, соған қарамастан жаңа велосипед сатып алып, ақыры аяғы Ресей жеріне жетіпті. Әне, футболды сүйсең, осы Фахадтай! Құрмет осындай фанаттарға жасалуы керек.

Ермек Сахариев

(15)