Асхат МАЕМИРОВ: «АСТАНА» ТЕАТР ФЕСТИВАЛІН «АВИНЬОН» ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРГІМІЗ КЕЛЕДІ

Астана қаласының 20 жылдығына орай өтіп жатқан мәдени іс-шаралардың бірегейі деп Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалін атасақ артық болмас. Бұл фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл екінші рет «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциациясы өткізіп жатыр.

Маусымның 17-сі күні «Қазақстан» орталық концерт залында II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі салтанатты түрде ашылып, жиналған көпшіліктің көз алдында әлемдік деңгейде өзіндік қолтаңбасымен дараланған театр және кино әртістері мен режиссерлары, сонымен бірге, отандық кинокартиналар мен театр сахналарында түрлі образдарды сомдап жүрген белгілі өнер майталмандары қызыл кілеммен жүріп өтті. Әлемнің әр қиырынан келген 13 және еліміздің 4 театры ұзын саны 18 қойылымды сахналайтын фестиваль он күнге созылмақ. Біреулер үшін өнер бәйгесі, енді біреулер үшін тәжірибе алаңына айналған фестиваль барысында белгілі театр режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті және М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемировті сөзге тартқан едік.

— Асхат мырза, дәстүрлі түрде өтетін фестивальдарда жыл сайын түрлі жаңалықтар болып жатады. Биылғы фестивальдың ерекшелігі неде?
— «Астана» театр фестивалі былтыр тұңғыш рет өткізіліп, ол кино және театр өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов ағамыздың 80 жылдық мерейтойына арналса, биылғы фестиваль елорданың 20 жылдық торқалы тойына арналып отыр. Аталмыш фестивальді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді мұрат еткендіктен бір-біріне ұқсамағанын, ерекшеленгенін қалаймыз. Сол себептен 2017 жылы өткен алғашқы фестивальде төбе көрсеткен театрларды емес, Еуропа мен Азияның өзге де өнер ұжымдарын шақыруды жөн санадық. Елорда тұрғындары мен қала қонақтары 27 маусымға дейін Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германия, Грузия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейден ат арытып келген әртістердің өнерін тамашалай алады. Ерекше атап өтетіні, биылғы фестивальдің салтанатты ашылуынан кейін Италияның Милан қаласын дүниежүзіне сахна өнері арқылы танытқан әйгілі «Piccolo di Milano» театры К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын қойған болатын. Бұрын аталмыш театрдың негізін қалаған ХХ ғасырдың атақты режиссері Джорджо Стрелер сахналаған бұл комедия әлемнің ең әйгілі сахналарында әлі күнге қойылып келеді. 1947 жылы премьерасы ұсынылған спектакль 40 мемлекеттің театрларында 2500 рет сахналанып, Гиннестің Рекордтар кітабына енген.

— Десе де, 2000 жылдары атағы жер жарғанмен Жюльет Биношты көпшілік тани бермейтін секілді…
— Не айтып, не сұрағың келіп отырғанын сезіп отырмын. Әдетте театр фестивальдеріне сахнада пісіп-жетілген, жас кезінде лайықты сыннан өткен актер-актрисалар, режиссерлер шақырылады. Қазір көрермендердің талғамы қатты өзгерген. Жеңіл-желпі дүниелер көбейіп кеткендіктен болар, әйтеуір, тасада қалған талант көп. Ал француз актрисасы, «Оскар» жүлдесін екі рет жеңіп алған, тағы басқа да толып жатқан атақ, марапаты бар Жюльет Биноштың бүгінгі жас өнерпаздарға айтары көп. Сондықтан 27 маусым «Қазақстан» орталық концерт залында биылғы фестивальдің басты қонағы мастер-класс өткізбек. Кейін 28 маусымда фестивальдің жабылу салтанаты мен Ж.Биноштың «Жүректен шыққан сөз» атты шығармашылық кеші өтеді.
— Биылғы фестивальге қатысушы театр ұжымдарын кімдердің сыны күтіп тұр?
— Театр мерекесіне әлемнің сахна өнеріне жаны ашитын тұлғаларын, кәсіби театртанушылары мен сыншыларын шақырдық. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, қазақ театр өнерінің досына айналып кеткен литвалық режиссер Йонас Вайткус, франциялық Давид Асатиани мен Беатрис Пикон Валлен, Ұлыбританиядан келген Давид Папава бар.

— Бүгінгі театр өнерінің қоғамдағы насихатына көңіліңіз тола ма?
— Елімізде ең көп талқыланатын тақырып — әнші, әртістердің өмірі. Журналистер қауымы әртіс атаулының отбасылық өмірін емес, өнерін жазса екен дейміз. Әрине, насихат жоқ деуден аулақпын. Дегенмен ақпарат құралдарының қай-қайсысында болмасын театр өнерінің насихаты кемшін түсіп жатады. Біз сынды «театр сыны» және «журналистика сыны» деп екіге бөлеміз. Осы фестиваль аясында журналистерді ынталандыру мақсатында байқау да жарияладық. Журналистерден лайықты сыни  материалдар   күтеміз. Бір айта кететіні, Астана қаласы тек қана саясат, экономика саласының ғана емес, өнер адамдарының да бас қосатын үлкен ордасына айналса  екен деген мақсатпен осы фестивальді қолға алған едік. Францияның Авиньон деген 100 мыңға жетер-жетпес халқы бар қаласы бар. Сол қалада 1947 жылдан бері дәстүрлі түрде «Авиньон» театр фестивалі өтеді. Биыл аталмыш театр фестивалі 6-24 шілде арасында өтеді деп жоспарланған. Киноматаграфияда «Канн» кинофестивалі қаншалық танымал болса, театр өнерінде «Авиньон» фестивалінің шоқтығы биік. Біздің ұйымдастырып жатқан Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалін «Авиньон» деңгейіне көтергіміз келеді. Алайда, оған сіздердің және әріптестеріңіздің жәрдемі ауадай қажет екенін ұмытпасаңыздар екен.
— Ескере жүрейік. Өзіңіз басқарып отырған «әкемтеатр» Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасымен фестивальге қатысты. Дәл қазір Астанада гастрольдік сапармен жүрген театрыңыздың көрермен көңілінен шыққан біршама қойылымы бар. Таңдау неге «Таңсұлуға» түсті?
— Халықаралық фестивальдерде 1 актілі спектакльдер қойған дұрыс саналады. Оның үстіне «Astana Musical» театры «Қыз Жібекті» бірінші болып қойғандықтан, оны қайталағымыз келмеді. Бұдан бөлек, жапондар, қытайлар өздеріне тән ұлттық ойындарын, салт-дәстүрлерін театр қойылымы арқылы көрсететіндіктен, біз де өз халқымыздың дүниетанымынан хабардар ететін «Таңсұлу» драмасын таңдадық. Өйткені, бұл қойылым қазақ мифологиясына жататындықтан, онда рухани, ұлттық құндылықтарымыз синкретті түрде көрсетіледі. Сонымен қатар спектакльдегі түркі халықтарына ортақ тамаша музыка мен халқымызға ғана тән ұлттық нақыштағы костюмдер көрерменнің көңілінен шығып, сыншыларды да риза қылады деген сенімдеміз.
— Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Ермұрат НАЗАРҰЛЫ 

(85)