Асхат Садырбай, тележүргізуші: Бізге де бір «Гремми» қажет

— Бүгінгі таңда телеарналарда  «Саз әлемінің» деңгейіндегі музыкалық бағдарламалар жоқтың қасы. «Қазақстан» арнасына қызметке келіп жатқанда, сізден осындай бағдарлама күткендей болдық.  Дегенмен «Гәкку» секілді арналардың форматындағы «HIT Qazaqstan»  бағдарламасын ұлттық арнаға алып келудің себебі неде?
— «Саз әлемі» Баян Алагузованың жобасы. Ол жерде Бағым Мұхитдинова, Гүлнәр Мамасарипова секілді продюсерлер жұмыс істеді. Мен ол жерде тек тәуелсіз сарапшы ғана болдым. Ол кезде білесіз, «Еларна» арнасында жұмыс істедім. Телеарналардағы жаңа жобалардың  концепциясын, идеясын жасадық, телеарнаның  бағыт-бағдарымен айналыстық. Астанаға ұлттық арнаның шақыртуымен келген жоқпын, жол апатынан кейін қала ауыстырғым келді. Оның үстіне Астана жақтан бір-екі ұсыныс та болды. «HIT Qazaqstan»   менің идеям емес, мен алып келген жоқпын.  Осы бағдарламаға жүргізуші әрі продюсер ретінде  шақырылдым. Арнаның эфирлік сеткасына сәйкес қойылған болса керек. Арнада бірнеше департамент жұмыс жасайды. Олар қандай бағдарламаға көрерменнің сұранысы көбірек екенін анықтап, сараптама жасап отыр.
— «HIT Qazaqstan»  бағдарламасының болашағы қандай?
—  Таңшолпанның жалғасы, музыкалық топтама десек болады. Прайм-тайм уақытында тұрған жоқ.  Сенбі күні таңертең жастар, әсіресе  интернетке қол жетімсіз аймақтарда тұратын жастардың ұлттық арнадан жарты сағат музыка тыңдасын дегені ғой. Жарты сағат музыка тыңдаудан ешқандай қауіп көріп тұрғам жоқ. Бір артықшылығы жас өнерпаздарға арна эфиріне  шығуға жол  беріледі. Өзіңіз білесіз, бізде музыкалық арналарға кез келген әншілердің бейнебаяндары шыға бермейді. Жас әншілерден сұрасаңыз, сізге жылап тұрып айтып береді. Бізде  белгілі продюсерлердің араласатын ортасы бар, сол ортадан шыққан әншілердің бейнебаяндары жарық көріп жатыр.   Ұлттық арна эфирге шыға алмай жүрген жас таланттарға мүмкіндік береді. Мысалы, Димаш әлемді мойындатты. Бірақ барлығы Қытайға барып, өнер додасына қатысып, әлемнің назары түсе бастағанда ғана мойындады. Неге біздің көрермен Димашты білмеді? Эфирден жиі көрмеді? Жалпы жұртшылық Қайрат Нұртасты, “Мұзартты”, “Жігіттерді” біледі. Бізде жас таланттар көп, ал олардың танылуына мүмкіндік жоқ. “HIT Qazaqstan”  осы бір олқылықтың орнын толтыратын үлкен бір алаң. Біз ешкімге шектеу қоймаймыз. Тек түсірген бейнебаяндарының мазмұны, сапасы сын көтерсе, Ұлттық арнаның талабына сәйкес болса болғаны.
— Шетелдік арналарда, радиоларда жыл соңында осындай музыкалық бағдарламалардың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталып жатады. Тіпті әншілер жыл бойы осы бір марапатқа жету үшін жұмыс істейтін көрінеді. Стимул дейміз бе, бәсеке дейміз бе, әншілер жүлдеге орай сапалы дүниелер әкеліп жатады.   «HIT Qazaqstan»-нан осындай  қорытынды кеш  күтеміз бе?
— Ол жоспарда бар. Жалпы жобаның мақсаты, идеясы  да сол. Ашық түрде халықтың дауыс беруі арқылы үздіктерді анықтап, жыл соңында марапаттау. Төрағаның (Ерлан Қарин) өзі де айтып қалды. Жыл соңында үлкен гала-концерт өткізу ойда бар.
— Өзіңіз білесіз, кейде осындай гала-концерттер өнерді, отандық музыканы қолдау үшін емес, бюджетті игеру үшін жасалынады. Үлкен залды жалдап алып, шетелден бір-екі әнші шақырып, отандық әншілердің біреуі қалдырмай,  «жыл үздігі» деп марапаттап шығады. Қайда жүріп үздіктерді анықтағандарын білмейсің.    
— Бізге өзіміздің бір Гремми қажет. Ол үшін жұмыстар жасалу керек. Біздің эстрадамызда бөлінушілік бар. Қазақ эстрадасы, Қазақстан эстрадасы дейді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін осы мәселе қолға алынып,  жүйеленіп, бір арнаға түскен жоқ. Енді «Қазақконцерт» бола ма, әлде кез келген арна барлығының басын қосып, біздің ойымыздағыдай жүзеге асыратын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, оны ешкім қолға алған жоқ.  Бұл мәселеге Мәдениет министрлігі бас қатыру керек деп ойлаймын. Телеарнаның  мойнындағы жүк емес. Музыка, өнер — үлкен идеология. Бір телеарнамен ғана шектелмеу керек.
— Егер Мәдениет министрі осындай жобаны қолға алып, жүзеге асыруын, жобаның концепциясын, ұйымдастыруын сізге тапсырса,  келісіміңізді берер ме едіңіз?
— Ойланып көру керек.
— Сол кезде әнге, әншілерге қандай талап қояр едіңіз?
— 4-5 адамның, я болмаса бір арнаның жасайтын дүниесі емес. Аты аңызға айналған музыка майталмандарынан тұратын комиссия құрылу керек алдымен. Зерттеулер жасалыну қажет.  Греммиде бірнеше музыкалық эксперттер бар. Түрлі жанрларда жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Қаншама жылдық тәжірибе жатыр. Әлемдік тәжірибе бар. Сол тәжірибеге сүйене отырып, бір нәрсе жасар едім.

Сұхбаттасқан ─  Бауыржан Карипов,

Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — «BUGIN GROUP» компаниясы.

(26)