Құран Қадір түнінде қалай түскен?

Пайғамбарлар атасы Ибраһим пайғамбарға нәсіп болған Сухуфтар, Иса пайғамбарға берілген Інжіл және Мұса пайғамбарға түскен Таурат кітаптары да осы мүбәрак Рамазан айында түсірілген-ді. Бұған Уасила ибн Асқаъ жеткізген Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі болсын): «Ибраһимнің Сухуфтары — Рамазан айының бірінші түні, Таурат — Рамазанның алтысына, Інжіл — Рамазанның он үшіне қараған түнінде, ал Фурқан (Құран Кәрімнің аталуы) Рамазанның жиырма төртіне қараған түнінде түсірілді», – деген хадисі дерек болады.

Ал, енді адамзатты қиямет күніне дейінгі екі дүниелік бақытқа бастайтын, Алланың мәңгі мұғжизасы Құран Кәрімнің Қадір түнінде түсірілу тарихына тоқталайық. Осы түні Жәбірейіл періште Құран Кәрімді Алла тағаланың құзырындағы  «Лаухүл  Махфуздан»  алуға Жаратушыдан бұйрық алады. Сөйтіп оны тұтас күйінде әуелі аспанның бірінші қабатындағы «Байтүл Изза» — ғиззат үйіне түсіреді. (Жеті қабат аспанның әр қабатында жердегі «Қағба» іспеттес періштелерге арналған ғибадат үйі бар. Ол үйлер Қағбаның үстін бойлай орналасқан. Жетінші қабаттағы үй «Байтүл Мағмұр», ал бірінші қабаттағы үй  «Байтүл  Изза»  деп аталады). Бұл оқиға жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Рамазанның жиырма үшінен жиырма төртіне қараған Қадір түні болатын. Содан кейін «Байтүл Иззадан» қасиетті Құранның аяттары бөлшек-бөлшек болып жиырма үш жыл бойы Алланың әмірімен Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға уахи етіліп отырды. Құран толық түсіріліп болғаннан кейін Пайғамбарымыз сахабаларына ондағы сүрелердің дәл қазіргідегідей басы «Фатиха», одан кейін «Бақара», ең соңы «Нас» сүресімен аяқталатын тәртібі мен оқу реттілігін үйретті. Бірақ, «Байтүл Иззадан» түсірілген бастапқы тәртібі бұлай емес еді. Ең әуелі түсірілген — «Алақ» сүресінің алғашқы бес аяты, ал ең соңғы болып түсірілген «Нас» сүресі емес, «Бақара» сүресінің 281-аяты болатын.
Қасиетті  Құранның  алғашқы  аяттары  Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға жеткен түн де Қадір түні еді. Сөйтіп бұл түн хазірет Мұхаммедке пайғамбарлық жүктеліп, ақиқатты жалғаннан, жақсыны жаманнан, сауапты күнәдан ажыратушы қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастаған түн-ді. Сол түнде Пайғамбарымыз Нұр тауының Хира үңгірінде Аллаға ғибадат жасап отырған еді.
Міне, осындай, яғни аспаннан қасиетті Құранның алғашқы  аяттары  түсіріле бастаған үлкен оқиғалы түн — қадірлі түн болмай, қай түн қадірлі болсын?! Бұл түн — адамзат баласына Алланың рақымы жауған түн. Бұл түн — Алла тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн. Бұл түн — адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн. Бұл түн — адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолымен жүру мүмкіндігін берген түн. Бұл түн — пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн. Бұл түн — ұлық, сондықтан оның толық қасиеттері адамзат ақылына сыймайтын кең де ауқымды.
Демек, қасиетті Құран үмбетке мүбәрак айдың мүбәрак түнінде, яғни «лайлатүл Қадір» түнінде түсірілді. Расында да, бұл түн — әлем тарихындағы ең қасиетті де ең қымбат түн. Алла тағала «Қадір» сүресінің екінші аятында: «Қадір түні не екенін білесің бе?», – деп бұл түнді ақылмен түсіну қиын екенін ұқтырады. «Қадір түні – (қасиеті және сауабы жағынан) мың айдан артық» (3-аят). Сонда «лайлатүл Қадір» уақыт жағынан бір түн болғанмен, маңыздылығы жағынан мың айдан жақсы әрі абзал. Ал мың айда 83 жыл 4 ай бар. Демек Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жыл ғибадаттың сауабына тең болмақ.

Қадір түнінің түсуіне қандай оқиға себеп болған?

Алла Тағала тарапынан хазірет Мұхаммедке (Алланың сәлемі болсын) Бәни Исрайыл қауымынан Алла Тағаланың разылығы үшін мың ай бойы құлшылық жасаған бір адам туралы хабар жетеді. Сонда Пайғамбарымыз:
«Иә, Алла! Басқа пайғамбарлардың үмбетінің өмір жасын ұзақ, амалдарын көп еттің. Ал менің үмбетімнің ғұмыры қысқа, амалы кем», — деп қайғырды. Осы оқиғадан соң Алла тағала Расулалланың көңіліне жұбаныш ретінде «Қадір» сүресін түсіріп, ол түнде жасалған құлшылықтың мың айлық құлшылықтан да қайырлы екенін білдірді.
Қасиетті Құранның мүбәрак аятында осы түннің келесі бір қадір-қасиеті туралы: «Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл түседі» (4-аят), — делінді. Демек, бұл түн тек пенделер үшін ғана емес, періштелер үшін де маңызды түн.
Хадисте: «Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады», — делінген. Тағы бір хадисте: «Ол түні түскен періштелерге жердің беті тарлық етеді», — делінеді. Әрбір мұсылман үшін Аллаға, оның пайғамбарларына, оларға жіберілген кітаптарға, қиямет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге қалай иман келтіру парыз болса, періштелерге де солай сену парыз.

Дайындаған Мирас Кесебаев

(41)