Мисуак қолданып, Алланың разылығына жетіңіз

Мисуак — арак ағашының бұтақтарынан және тамырынан жасалатын тіс тазалаушы құрал. Оны ұшын шайнап, қабығын кетіріп, щетка ретінде тіс тазалауға пайдаланады. Мисуактың пайдасы шаш-етектен, сондықтан оның артықшылықтарын еске түсіріп, пайдалануға деген құлшынысыңызды арттырсақ дейміз.
«Мисуак қолданыңыздар, ол — ауыз тазалығына әрі Жаратушының разылығына себеп» (Бұхари, Насаи).
Ибн Омардан: Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түсімде мисуакпен (тісімді) тазалап жатқанымды көрдім. Сол кезде маған екі кісі келді, біреуі екіншісінен егделеу еді. Мисуакты (жасы) кішісіне бергенімде маған: «Жасы үлкеніне!» делінді де, оны үлкеніне бердім» деген» (Муслим).
Айшадан: «Үйіне кіргенде Пайғамбар ең әуелі мисуакпен тісін тазалайтын». (Муслим).
«Мүміндерге қиындатып қоятын болмағанымда, оларға әр намаздан бұрын мисуак қолдануды бұйырар едім» (Бұхари).
«Мына төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеті: қарапайымдылық, әтір себіну, мисуак қолдану және некелесу» (Тирмизи).
«Алла Елшісі күндіз болсын, түнде болсын, ұйқыдан тұрып, дәреттен бұрын тісін мисуакпен тазалайтын» (Әбу Дәуд)
Келтірілген хадистерден мисуакты қай уақытта, қандай жағдайда пайдалану керектігін және артықшылықтарын, маңыздылығын ұғына алдыңыз деп сенеміз.

Ол жайлы ғылым не дейді?

Мисуактың басты ерекшелігі — жүз пайыз табиғи болып табылады. Құрамында ешбір химиялық қоспа жоқ. Тіс, тістің қызыл етімен қатар ағзаның басқа да мүшелеріне пайдасы мол. Құрамына көптеген биоактивті және минералды заттар жиналған: танин, флавоноидтар, алкалоидтар, сапонин, С витамині, фтор, кремдік заттар т.б. Бұлар тістің аппақ болып жарқырап, қызыл еттің мықты болуына көмектеседі.
2003 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу жұмысы нәтижесінде ғалымдар синтетикалық материалдан жасалған жай тіс щеткасымен салыстырғанда, мисуактың анағұрлым пайдалы екенін анықтаған. Мисуактың құрамындағы белсенді биологиялық заттар адамның тісі мен тіс жегісіне ғана емес, бүкіл иммундық жүйесіне пайдалы екен. Сондай-ақ, Иллинойс университетінің (АҚШ) ғалымдары жеті жыл мисуакка зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның құрамындағы жеті химиялық затты анықтаған. Бұл химиялық заттар тіс бактериясы мен кариеске қарсы тұратындығы дәлелденген.
Қорытындыласақ, хадистерге, сүннетке амал жасау арқылы Алла Тағаланың махаббаты мен кешіріміне қол созамыз. Бұл туралы «Әли-Имран» сүресінің 31-аятында былай делінген:  (Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді».

Дайындаған Мирас Кесебаев

(51)