Жазықсыз жапа шегіп, 1937 жылы жаппай саяси қуғынның құрбаны болған ардақтылар

Қызылорда облыстық сотының отставкадағы судьясы, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан республикасы Журналистер одағының мүшесі Молдабек Меңлібайұлы Ахметов ҚР ІІМ-нің мұрағат қорындағы қылмыстық істерден өз еңбегімен қазақ халқының басына түскен ауыр жылдарда жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып атылып кеткен, сүйектерінің жатқан жері белгісіз және арулап, ардақтап жерленген бейіті жоқ, Қармақшы ауданы, бұрынғы 4 ауыл, Қызыл әскер колхозы, кейін Энгельс колхозы, одан соң Жаңажол ауылы, қазіргі ДүрОңғар ауылының ардақты асылдары Тұрғанбаев Ахмет, Жайшылықов Тыныштыбай, Төребаев Жұқа, Бекмұрзаев Сүйіндік әкелеріміз туралы нақты деректерді алған.

Содан соң Тұрғанбаев Ахметтің шөбересі Молдабек Меңлібайұлы Ахметов ДүрОңғар ауылының орталығындағы Тағзым алаңына жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып атылып кеткен ауыл ардақтыларына ескерткіш белгі қойды.
31.05.2018 жылы таңертеңгі уақыттан бастап Қармақшы ауданының әкімшілігі мен ДүрОңғар ауылының ұжымының ұйымдастыруымен ДүрОңғар ауылының жазықсыз жапа шеккендерге арналып арнайы ас беріліп, құран бағыштау шарасы ұйымдастырылып жатыр.
Мен, ауыл ардақтылары Тұрғанбаев Ахмет, Жайшылықов Тыныштыбай, Төребаев Жұқа, Бекмұрзаев Сүйіндік аталарымыз туралы ҚР ІІМ-нің мұрағат қорындағы қылмыстық істерден алынып берілген нақты деректерге сүйеніп жазып отырмын.

Тұрғанбаев Ахмет
ҚР ІІМ-нің  мұрағат қорындағы қылмыстық істен алынған дерек бойынша, Тұрғанбаев Ахмет 1879 жылы Қармақшы ауданының 4 ауылында дүниеге келген. Тұрғылықты жері Қармақшы ауданының 4 ауылы.  Қызыл әскер колхозының мүшесі.
Дүр Оңғар ауылының байырғы тұрғыны, жасы тоқсанға таяп қалған Набат деген әкеміздің және ақсақалдарының аузынан талай естіген әңгімем, Тұрғанбайдан тараған Ахмет атамыз кедей-кепшілікке қол ұшын беріп, қайырымдылықты көп жасаған және қамқорлығы мол болған жан, халық игілігі үшін ауылдағы «Наурызбай», «Қурайлы», «Аю» каналдарын қаздыру үшін құрал-сайман, киім-кешек пен тамақтар алып беруге жәрдем беріп, үлесін қосқан кісі дейді.
Қармақшы ауданының орталығында тұратын бұрынғы астық қабылдау мекемесінде ұзақ жыл еңбек жасаған, қазіргі зейнеткер Рая әжеміз бен Ахмет атамыздың көзін көрген, әңгімесін естіген, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, қарт оқытушы, ақын, 90 жастағы көпбалалы ана — Пал Баймахан Омарқызы. «Тұрғанбай ұлы Ахмет атамыз жарлы-жақыбайға, ағайын-туысқа, елге жақын, жуыққа қамқор болып, татулыққа, бірлікке шақырған және қайырымдылықты көп жасаған, тектілігі жоғары, елге сыйлы, халық үшін адал еңбек еткен кісі» деп ауыздарынан тастамай айтып отыр.
21.11.1930 жылы Тұрғанбаев Ахмет Қармақшы халық сотының үкімімен мемлекет тапсырмаларын қасақана орындамады және нан жеткізуге іріткі салған деп мүлкі тәркілене отырып 1,5 жыл мерзімге мәжбүрлі жұмыстарға тартылып және 5 жыл айдауға жіберілген.
16.11.1937 жылы Ішкі Істер Халық комиссариатының (Кармакчинское РО НКВД) Қармақшы аудандық бөлімшесімен тұтқынға алынған.
10.11.1937 жылы Ішкі Істер Халық комиссариатының Қармақшы аудандық бөлімшесі революцияға қарсы топтың бұрынғы байлардан, молдалардан құралған басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, заңсыз жиналыстар жасап, халықтың арасында «Совет үкіметінің саясатына қарсы діни үгіт таратқан» деген айыптау қорытынды шығарған.
19.11.1937 Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Халық комиссариатының Үштігінің қаулысымен (тройка УНКВД Южно-Казахстанской области) Қылмыстық Кодекстің баптары көрсетілмей 200 қойы, 100 жылқысы, 30 сиыры мүлкі тәркілене отырып, ату жазасына кесілген.
Үкім 03,12,1937 жылы орындалған, 200 қойы, 100 жылқысы, 30 сиыры мемлекет пайдасына тәркіленген.
03.08.1961 жылы Қызылорда облыстық соты Президумының қаулысымен 19.11.1937 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Халық комиссариатының Үштігінің қаулысының күші жойылып, Тұрғанбаев Ахметке тағылған қылмыстық дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
11.12.1995 жылғы ҚР Бас прокуратурасының қаулысымен, 14.01.1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес Тұрғанбаев Ахмет ақталған.
Қазіргі кезде Тұрғанбаев Ахметтің ұл-қыздарынан өсіп-өнген ұрпақтары мен ағайын-жекжат туыстары бар.
Үлкен ұлы Әбдраманнан туған немересі Ахметов Меңлібай және қызынан туған бірнеше шөбере-шөпшектері өмірін жалғастырып жатыр.

Жайшылықов Тыныштыбай 1877 жылы Қармақшы ауданының 4 ауылында дүниеге келген. Тұрғылықты жері Қармақшы ауданының 4 ауылы.
29.09.1937 жылы Жайшылықов Тыныштыбай революцияға қарсы топтың бұрынғы байлардан, молдалардан құралған басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, заңсыз жиналыстар жасап, халықтың арасында совет үкіметінің саясатына қарсы «діни үгіт таратқан» деп Ішкі Істер Халық  комиссариатының (Кармакчинское РО НКВД) Қармақшы аудандық бөлімшесімен тұтқынға алынған.
19.11.1937 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Халық комиссариатының Үштігінің қаулысымен (тройка УНКВД Южно-Казахстанской области) РСФСР-дің ҚК-нің 58-10 бабымен ату жазасына кесіліп, ату жазасы орындаған.
14.04.1993 жылғы ҚР Бас прокуратурасының қаулысымен, 14.04.1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, Жайшылықов Тыныштыбай ақталған.
Қазіргі кезде Жайшылықов Тыныштыбайдан өсіп-өнген ұрпақтары мен ағайын-жекжат туыстары бар.

Бекмұрзаев Сүйіндік 1873 жылы Қармақшы ауданының 4 ауылында дүниеге келген. Тұрғылықты жері Қармақшы ауданының 4 ауылы. Бастауыш білімді, молда болған. ауылдағылар «Кішкене молда» деп атап кеткен.
29.09.1937 жылы ата-бабасына құран бағыштап оқып отырған жерінен балалары Қабыл және Бисенмен бірге, Бекмұрзаев Сүйіндік революцияға қарсы топтың бұрынғы байлардан, молдалардан құралған басқа да мүшелерімен бірлесе отырып, заңсыз жиналыстар жасап, халықтың арасында совет үкіметінің саясатына қарсы «діни үгіт таратқан» деп Ішкі Істер Халық комиссариатының (Кармакчинское РО НКВД) Қармақшы аудандық бөлімшесімен тұтқынға алынған.
19.11.1937 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Халық комиссариатының Үштігінің қаулысымен (тройка УНКВД Южно-Казахстанской области) РСФСР-дің ҚК-нің 58-10 бабымен ату жазасына кесіліп, ату жазасы орындалған.
14.04.1993 жылғы ҚР Бас прокуратурасының қаулысымен, 14.04.1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, Бекмұрзаев Сүйіндік ақталған.
Қазіргі кезде Бекмұрзаев Сүйіндіктен өсіп-өнген ұрпақтары мен ағайын-жекжат туыстары бар.

Төребаев Жұқа 1873 жылы Қармақшы ауданы, Қармақшы елді мекенінде дүниеге келген. Тұрғылықты жері Қармақшы ауданы, Қызылжарма ауылы.
30.11.1937 жылы Ішкі Істер Халық комиссариатының (Кармакчинское РО НКВД) Қармақшы аудандық бөлімшесімен тұтқынға алынған.
07.12.1937 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша басқармасы Үштігінің қаулысымен (тройка УНКВД Южно-Казахстанской области) РСФСР-дің ҚК-нің 59-3 бабымен ату жазасына кесіліп, ату жазасы орындалған.
16.01.1989 жылғы  ССРО Жоғарғы Кеңес Президумының (ПВС СССР) Жарлығына сәйкес 05.12.1990 жылғы Қызылорда облысы прокуратурасының қаулысымен, 14.04.1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, Төребаев Жұқа ақталған.
Қазіргі кезде Төребаев Жұқадан өсіп-өнген ұрпақтары мен ағайын-жекжат туыстары бар.
Ойымды аяқтай келе мен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны» болғандардың жатқан жерлері жайлы болсын дей отырып ойымды мына бір шумақты:
«Жазықсыз жапа шегіп құрбан болған аталарды,
Еске алып рухына оқимыз біз арнап құран ізгі.
Жандарына жаннаттан орын беріп бір Алла,
Қабыл етсін мәңгілік олар үшін оқыған дұғамызды», — деген өлеңмен аяқтаймын.

Д.Тілеубергенов,
ДүрОңғар ауылының тұрғыны, ақын,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

(27)