Дауыл алдындағы дабыл

Жаратушы жаратқан құлдың (пенде) берілген ғұмырын көркем мінезімен, адалдығымен, жақсылығымен, амалымен сүруі міндетті норма. Бірақ норманың бұзылуына бірнеше себеп пайда болды: таптық қоғам, бай мен кедей, күйбең тіршілік дейтін ұғымдар. «Бізде бәрі жаман…» бұл сөз кез келген қоғамда бар. Қай мемлекетті алсаңыз да осылай. Дегенмен кейбір елдердің ішкі асханасы туристердің көзіне көрінбеуі мүмкін, бірақ сыртқы бейнесі бал-бұл жайнап, адамды өзіне тартып тұрады. Осыдан кейін бір қоғамда өмір сүрген адамның екінші қоғамға қызығушылығы артып, сонда кеткісі келіп тұрады. Бұл тап-таза эгоизм.
«Адам аласы ішінде» дейтін қазақта сөз бар. Күліп тұрған адамнан мейірім ғана күту, қабағы қатулы адамнан тек жамандық көру қателік болар еді. Себебі әркімнің ішінде жатқан бір мейірім, бір ашу бар. Адамды зерттейтін түрлі ғылымның, адам мінезі мен психологиясын анықтайтын салалардың жеткен жетістіктері көп. Дегенмен дәл қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың психологиясын, ішкі жан дүниесін, не ойлап тұрғанын дөп басып айту өте қиын. Қазір адам баласының өзінің адам екенін сезінуден қалып, ойына келгенін жасап, қоғамдағы өзіне керек орынға ұмтылуды емес, әр орында болып бәрінің басын шалуға асық. Ал бұл мың құбылуға не әсер етті деп ойлайсыз? Әрине тұрмысы, ақшасы, материалдық құндылығы.
Айналып келген кезде біздің қоғамдағы орнымыз қандай? Біз өмірге субъективті көзбен қарап, қоғамда реалист тұрғыда сүруіміз керек-ақ. Себебі қоғам қиялдауды, сөзбен не оймен өмір сүруді қабылдай алмайды. Тегінде бұл қоғам болған да шығар, ал қазір мүлде олай емес.
Өз уақытында қатып қалған қағидалар болды: мектепте дұрыс білім алмаудың соңы далада қалуға әкелді; жоғарғы оқу орнына түсу деген білімнің ең биік шыңы еді; қоғамға жұмыс жасау, мемлекет үшін жан беру деген түсініктер; отбасы — ең асыл құндылық; «ата-анаң жынды болса, байлап бақ». Міне, бұл құндылықтардың бәрі тәрбиенің негізінде келді. Ал бүгін біз осылардың бәріне қарсы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ол қандай идеология екені белгісіз, бір анығы кез келген қоғамда азғындық орын алу керектігі мақсатқа айналып кетті. Бұны «азғындық» деп біз айтамыз. Ал ол Еуропа мен АҚШ мәдениеті үшін жаңалық, еркіндік және өмір сүру қағидасы-міс. Біздің қоғам еркіндік іздеп, жаңалық ашамын деп жүріп осы бір дүниеге ұрынды. Ұрынып қана қойған жоқ, тұмсығын бұзды. Енді қанына сіңіп бара жатқан таңсық қоғамның қаңсығынан арыла алмай әлек. Арылу ниеті де жоқ.
Жерде өмір сүріп жатқан адамдардың Алла алдында орындауы керек өздеріне тән миссиясы бар. Ол миссияның ауыр немесе жеңіл болуы адамның қоғамда орнын табуымен өлшенеді. Мәселен, сізге тегіннен ұстаз болу бағы бұйырған болса сол бағытта тынбай еңбектену керек. Ал тынбай еңбектену дегеніміз шәкірт тәрбиелеу, оларға қоғам мен діннің арасындағы тығыз байланысты жіті түсіндіре отырып, ғылыми емес философиялық бағытта қалыптастыру. Себебі ғылыми философияға негізделіп кетсеңіз атеист болып шыға келесіз. Бұл дегеніміз сіздің құдайға деген ойдың ада қалып, оны мойындамауға бастайтын баспалдағыңыз. Дәл осы кезде сізді Жаратушы несібеңізден айырады. Тіпті күмәніңіз болмасын. Проблема дегеннің екі түрі бар: бірін Құдай жібереді, бірін сіз өзіңіз жасайсыз. Құдай өзі жаратқан құлға ешқашан жамандық ойлаған емес. Ал сіз өзіңіз жасап алған проблема жолында адасып, адамдық қасиеттен безсеңіз, Алла сізге өзінің проблемасын жібереді. Осы екеуінен шыға алсаңыз, сізден бай адам болмайтын да шығар.
Бүгінгі таңдағы адамның қоғамдағы орны — жақсы өмір сүрумен өлшенеді. Оның кім екені оның жұмыс бабымен бағаланады. Ал жақсылық, амалы, иманы мен жүрек көзі бір сәттік «неткен тамаша адам» деген комплименттің астарында қала береді. Қай әлеуметтік желіні ашпаңыз, әлеуметтік роликтен көз ашпайтын болдық. Яғни адамдары соқыр, көкіректері бітеу қоғамда күн кешіп жатырмыз. Ата-анасын қарттар үйіне өткізбеуді, қылмыс жасамауды, жемқор болмауды, сәбиді далаға тастамауды, қызға арын сатпауды, тәрбиелі болуы көз алдына экран арқылы бейнелеп көрсете бастаған екенбіз, ендеше біз де азғындап кеттік. Қоғамдық және әлеуметтік роликтердің жиілеуі көзге жас алса екен, жүрегі «дір» етсе екен, хайп немесе трендте болып, лайк пен көрілім жинасам деген ой емес. Ол дауыл алдындағы тыныштықта қағылған ДАБЫЛ!
Егер бүгінгі қоғамның көшінде текетіресіп өмір сүремін десеңіз, су түбіне батып кетпей, келесі жағалауға бір шыны құмды көтеріп, оған бір тамшы су тигізбей өтуіңіз керек-ақ. Миға симайтын мысал. Бірақ миға симайтын қоғамдағы әрекеттерді көріп тұрып, сіздің де солай жүруіңізге тура келеді. Не жағалауда қалып өзіңізге ұнамайтын өмірді сүріңіз, не келесі жағалауға баратын жолдағы кедергіні жеңіп көріңіз. Егер өмірдің мәні осымен өлшенетін болса, пожалуйста!

Марғұлан Ақан

(18)