Біз қалай ұсақталып барамыз?

Бұл мақаланы жазардың алдында Алты Алаштың арысы, ардақтысы Абылай ханның көрген түсін жорыған қарт абыз Бұқар жырау бабамыздың айтқандары еріксіз есіме түсе берді.
Үш жүздің басын біріктіріп хан болған Абылайдың бізге жеткен бұл тарихи «түсі» туралы «мен қазақпын» деген әрбір қандастарымыздың бәрі білетін шығар деген ойдамын.
Әуелі арыстанға, бірте-бірте қасқыр мен шие бөріге, бара-бара бақа-шаянға айналып кеткен Абылайдың бұл «түсін» ақылы дария, қарт абыз Бұқар жырау бабамыз бір сәтке терең ойланып отырып: «О, жалған дүние! Менің білуімше, бұл ұрпағың осылай сатылап «ұсақталып» кететін шығар…» — деген екен.
Сондай көріпкел сәуегейлікті қазіргі заманауи тұрғыда қарайтын болсақ, осыдан үш ғасыр бұрын айтылған бұл сөздердің мазмұны да, тіпті маңызы да жойылмаған секілді көрінеді. Алайда біздің жыл санауымыздан кейінгі үшінші мыңжылдықтың басында бол-сақ та осы дәуір, осы заман барлығы өз орнында тұрғандай көрінеді, тек қана біз ғана «ұсақталып» бара жатқан сияқтымыз?!
Сонда осыншама «ұсақталуымызға» не себеп болғанын саралап көрелік.
Менің пайымдауымша, мұндай «ұсақталуы-мыздың» үш түрлі  себебі бар секілді.
Біріншіден, сонау кеңес үкіметі кезінен қалған, қазір де жалғасып келе жатқан «қазақы» социализмнен, қазіргі нарықтық экономика, нарықтық қатынас «бәрін ақша шешеді» дейтін, былайша айтқанда, күннен күнге «ақшаға» табынып бара жатқан жабайы капитализмді кінәлі дегім келеді.
«Ақшасы бар адам ғана жақсы адам» деп, адамды тек ақшасына қарап бағалау және оның ең сорақысы — соны дәріптеу, тіпті оны аз десеңіз, ақшаны басқаға үлгі ету көрінісі де өмірде жиі орын алып жатыр. Мұндай кісілер ұятты ысырып қойып, қандай тәсілмен болса да тек байлыққа қол жеткізуге тырысады. Сөйтіп, айналасына бар адам болып көрінгісі келеді. Осылай «тыраштанып» жүріп, берген уәдесін, айтқан сөзін орындамастан және оған ұялмастан, керек болса адамдарды әлеуметтік сатыға бөліп, ұлық болса алдында бәйек болып көпсінбестен, ұсақ болса алдына сап, тіпті менсінбестен «іріліктің» орнына «ұсақталып» келе жатқан жоқпыз ба?! Бұл көріністің ең сорақысы  — мұндай «пасық» іс-әрекеттерді қалыпты жағдай деп қабылдап алдық және оны бейтарап әдеп ретінде санаға сіңіріп бара жатырмыз.
Екіншіден, халқымыздың ұлттық санасы әлі де болса тұрақты түрде қалыптасқан жоқ. Ұлттық сана нақты қалыптасу үшін ұлттық тәрбие мен ұлттық салт-сана, дәстүрді бойға сіңіру керек. Бұл қазір бізде бар ма?  Керісінше біз осының бәрінен де, тіпті қазір бұрынғы салт-сана дәстүрімізден де айырылып бара жатқан секілдіміз. Оның себебі неде? Оның себебі — бізді кезінде Кеңес үкіметі күшпен зорлап, түп-тамырымыздан айырып, алдымен нәр алатын «негізімізден» жасанды түрде аластатқан еді. Және сол басқа тілде ойлау арқылы қалыптасқан «жүйе», Тәуелсіздігімізбен бірге қазақ қоғамында осы күнге  дейін өмір сүріп келеді және ең бір өкініштісі ол әлі де болса «осылай» бізбен бірге ғұмыр кеше бермекші.
Неге бұған тосқауыл қойылмайды? Дұрысы, қазақ халқының ғана өз елінде мүддесі ескерілмейтін бұл қандай саясат екенін де білмеймін.
Үшінші, ең негізгісі осы айтылған пікірлерден кейін шығатын қорытынды ретінде айтарым, мемлекеттік тілде және сол мемлекеттік Тіл болып заң жүзінде белгіленген Ана тілінде ресми түрде қарым-қатынасқа түсу аясының тарылып бара жатқандығы, әрине, бұл жерде қоғам арасындағы қарама-қайшылықтарды елемеу мүмкін емес.
Өзін орысша сөйлесе де зиялылар санатына жатқызатын азаматтық тұлғаларды мен бұрын мұндай өресіздікке жол бермейтін шығар деп есептейтін едім. Алайда, керісінше, солардың арасында «қай тілде сөйлесе сол тілге қызмет ететінін білмейтін», осындай орынсыз өрескелдіктер жиі орын алуда. Бұған дәлел ретінде жазарым, екі жақтың келісімшартында келіспеушіліктер туындаса, басымдық «міндетті түрде» орыс тілінде жазылған «мәтінге» беріледі. Сондықтан болар, Парламенттегі депутаттардың қолынан шыққан «мемлекеттік тіл» туралы заңның өзінде мазмұн жағынан «қателік» бар екенін айтқым келеді. Мысалы, «монша Таусамал баня» деп жазылатын болса, заң жүзінде бәрі дұрыс. Заңда қазақша атаудың «сол жағында», орысша атаудың «оң жағында» жазылуы керек деп белгіленген. Бірақ мазмұн жағынан қарайтын болсақ «қазақша» жазылды деуге келе ме, айтыңыздаршы? Қазақша «Таусамал моншасы» деп жазылуы керек еді, ендеше бізде «орысша жазылған» заңның өзі қазақша қате жазуға мәжбүрлеп тұр.
Сондықтан қос палаталы Парламенттің депутаттарына «Рухани жаңғырудың» аясында, бұрынғы заңдарды қайта реформалау қажет деп есептеймін?!
Енді, осы «болжамды» түрде алынған үш себептің салдарына тереңірек үңілетін болсақ, «ақша» туралы себепті дәлелдеудің қажеттілігі бола қоймас. Оған қазіргі дәуірдің өзі дәлел.
Ал әлі қалыптаспаған ұлттық сана туралы себепке келетін болсақ, қазір көтеріліп жатқан «Рухани жаңғыру» сол олқылықтардың орнын толтырмақшы. Бірақ осы айтылғандардың барлығының айналып келгенде діңгегі, түп-қазығы осы «үшінші себепте» жазылған әрбір ұлттың «Ана тілінде» жатқанын анықтау, сондайлық қиындық туғызбайтыны анық деуге толық негіз бар.
Ендеше, өзінің ұлттық «Ана тілін» білмеу, өз ұрпағының өткенін, бүгінін, болашағын болжай алмайтын, сонымен бірге өмірде орны толмайтын «қасірет» екенін де жазғым келеді.
Ең сорақысы қазақ ұлтының осыншама «ұсақталуының» басты себебі, орыстың дана ғұламаларының бірі Паустовскийдің жазғанындай, адамдардың бірін-бірі түсінбей-тіндей, бірін-бірі бауырым деп айта алмайтындай дүрдараздыққа жеткізген дарақылықта,  жатса керек-ті.
Сонымен қатар осы үш «себептен» туындайтын салдарларды сараптап зерделейтін болсақ, соңында үшеуі де Ана тілімізден сусындай алмаған, ұлттық тәлім-тәрбие көрмеген тексіздікке келіп тірелетін секілді. Ал тектілік тек қана Ана тіліміз арқылы қалыптасатын  қасиетті де қастерлі рухани құндылық екені айдан анық!

Асқар Сәрсенбай

(20)