Ахмет әкем кедейлердің қамқоры болған

1937 жылғы зұлмат заманының құрбаны болып атылып кеткен Тұрғамбаев Ахмет
атам туралы эсседен үзінді

Мен еңбек және соғыс ардагері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, қарт оқытушы.  Баймаханның Омарының туған қызымын. Жасым — 90-да, көпбалалы анамын.
Менің әкем Баймаханов Омар 1932 жылы Рысқұл жерінде Бірлестік деген колхозды құруға белсенді түрде қатысып, 1938 жылы жаз айында «халық жауы» болып ұсталып 1940 жылы жазғытұры елге келді.
ҚР Президентінің 25.04.1997 жылғы Жарлығымен, 31 мамыр елімізде жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандарды еске алу күні болып жарияланды.

Тарихтан тағлым жасау, өткенге тағзым істеу өскелең ұрпақтың борышы және парызы.
31.05.2018 жылы қазақ халқының басына түскен ауыр жылдарда жаппай саяси қуғын-сүргінінің құрбаны болғандарға және соның ішінде 1937 жылы жазықсыз жапа шегіп атылып кеткен Қармақшы ауданы, бұрынғы 4 ауыл, Қызыл әскер колхозы, кейін Энгельс колхозы, одан кейінгі Жаңа жол ауылы, қазіргі ДүрОңғар ауылының ардақтылары Тұрғанбаев Ахмет, Жайшылықов Тыныштыбай, Төребаев Жұқа, Бекмұрзаев Сүйіндік әкелерімізге ДүрОңғар ауылының орталығындағы орталық тағзым алаңына  ескерткіш белгі қойып, еске алдырып, ұлықтаған еңбегі үшін  Тұрғанбаев Ахметтің үлкен ұлы Әбдраманнан туған немересі Ахмет атамның туған шөбересі  Ахметов   Молдабек Меңлібайұлына аналық алғысымды білдіремін.
ҚР ІІМ-нің мұрағат қорындағы қылмыстық істерден алынған деректер бойынша, қазақ халқының басына түскен 1937 жылғы ауыр жылдарда жаппай саяси қуғын-сүргінінің құрбаны болған жекелеген азаматтар елге аман есен келді, біразы аруланып мәңгілік сапарына жөнелтілді.
Ал сол жылдарда жаппай саяси қуғын-сүргінінің құрбаны болып атылып кеткен Тұрғанбаев Ахмет, Жайшылықов Тыныштыбай, Төребаев Жұқа, Бекмұрзаев Сүйіндік атты асыл ардақтыларымыздың осы күнге дейін сүйектерінің жатқан жері белгісіз және арулап, ардақтап жерленген бейіті де жоқ.
Мен өз көзіммен көрген Тұрғанбаев Ахмет  әкеміз туралы және осы атам туралы өз әкем мен дуалы ауызды ел ардақтыларының аузынан Ахмет  әкем туралы айтқан және естіген әңгімелерден қысқаша малғұматты жазып отырмын.
Тұрғанбаев Ахмет  1879 жылы Қармақшы ауданының 4 ауылында дүниеге келген. Қызыл әскер колхозының мүшесі болған адам.
Ахмет атамның көпшілік елге жасаған талай ерен істері көп. Ол туралы айтар әңгіме де көп, оны білетіндер айта жатар, мен өз көзіммен көрген, құлағыммен естігін деректерді жазып отырмын.
Бірақ өмірде өкініштер көп қой. Сол ауылда бірін бірі өте құрметтеп, сыйластықпен өткізіп жүрген аталарыммен бірге қайтып келіп өмір сүріп жүрген О.Баймаханов әкем түрмеден ауырып келген соң, сол ауруынан жазылмай 1957 жылы 1 қаңтарда қайтыс болды.
Кешегі бір өнімсіз іс, болымсыз еңбекпен тіршілік жасап жан мен тән азабын тартқан қалың елді қолынан келген көмегімен азаптан арашалап, елінде, жерінде халқымен бірге жанындай сүйген, дүние қумаған, қолындағы барын ертең өзім қайтемін демей халқына бөліп берген, жаны жомарт жайсан, кең пейілді Қызыл әскер ауылының тұрғыны құлыс кете оның ішінде дулаты  «Қаба  сақал Ахмет» деп атап кеткен Тұрғамбаев Ахмет әкеміздің елге жасаған тірлігі мен еңбегі туралы қалай аңыз етіп айтсам да артық болмас деймін.
Ахмет әкемді бала да болсам жақсы білемін, тірі кезінде өз көзіммен көрдім, әңгімелерін естідім, ел-жұрт ол кісіні «Қаба сақал Ахмет» дейтін.
«Қаба сақал Ахмет» әкем  түсі қара, бойы ортадан жоғары, мығым денелі, қақпақ жауырынды, қара қасты, қасы көзін жауып тұратындай көрінетін.
Бала да болсам атамның сөз сөйлегенде ол кісі еңсесін көтеріп, ерекше бір қайраттылығын, ойынын жүйріктігін, терең ойлап келелі пікір айтатынын  байқайтынмын.
Қай шаруаның реті келіп, сөз болғанда Қаба сақал Ахметтің айтқаны, артында қалған ұлағатты сөздері елге қамқор болған өнегелі істері ел үшін аңыз болып қалды.
1936 жылдың күзі осы күнгі генерал тамы атанған жерде «Бірлестік» колхозы болды, оның бастығы Омар әкем болатын. (Кейін сол жерді Соц Еңбек-Ері Цай-Ден Хах «Омар бағы» атандырды),
Қай жылы екені есімде жоқ,  Омар әкемнің қара шаңырағына Ізтлеуов Тұрмағанбет ақын атамыз арнайы әкемнің туған анасы әжем Балбибіні іздеп, сәлем берем деп келгені есімде.
Ауылдан орманның Ахметі (арық қаздырған кісі) Көлбай әкем бар және басқа да ауыл ақсақалдары мен әжелер болып мал сойып кішігірім той қылып  жиын өтті.
Бірақ мен әлі ұмытқаным жоқ, сол кезде ауылға келген Тұрмағанбет ақын Ахмет атамды көп іздеңкіреп отырды.
Ауылда беделді кісінің бірі Көлбай деген әкеміз болған.
Көлбай әкемізді ел-жұрт пәтуажол немесе дәнекер Көлбай деп айтатын. Сол кісі былай деді:
— Тұрмағанбет шырағым, біз төменгі ауылдың жолына қарап, сені сағынып көп күтеміз, сені көргенімізге қуанып, қаумаласып, саулығыңды көріп, бала-шағаңның амандығын өз аузыңнан естіп төбеміз көкке бір елі тимей отыр. Бірақ сен болсаң қайта-қайта Ахметті іздей бердің. Бәріміз жиналып сонда «Қаба сақалға» тұрмадық па? — деді.
Тұрмағанбет атам: «Ойбай ағажан, олай емес, сіздерді көріп мен де бір жасап қалдым. Бәріңізді де сағынамын, тек Ахметті көрмегесін көргім келіп іздеймін ғой», — деп абдырап қалды.
Содан Көлбай әкем әңгімесін қайта бастап:
— Тұрмағамбет өзің айтқан сөз ғой «Аға деген ініні ғалым десе болады, шөлдеп ішкен сусынды балым десе болады» дегендей, Ахмет әр нәрсені өз орнымен реттейтін, көптің жағдайына қарап, ел қамын ойлайтын, аумалы-төкпелі заманда елге сүйеу болған халқына адал, жеке басы мен бірге ел  қамын ойлаған ел қамқоры ғой, іздегенің артық емес. «Тектілік тегін» болмайды деген халықтың сөзінде де қате болмаған, Ахметті қалай іздесең де ретті ғой», — деп сөзін аяқтады.
Осындай айтылған әкелерімнің сөзі және халықтың  берген бағасына қарап, атам Ахмет елдің қамқор тірегі, елдің бар-жоғын теңестірген, туыстық, адамдық пен сыйластықтың дәнекері болған, елдің келешегін ойлап, ел іргесін нығайтып, елді ел етудің қамын ойлаған ойшыл ел ағасы екендігін толық аңғардым.

      Пал Баймаханова, зейнеткер

(19)