Мемлекет басшысы Бейбіт Атамқұловты қабылдады

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. Кездесуде Қазақстан Президентіне министрлік тарапынан атқарылған кешенді ұйымдастыру шараларының нәтижелері мен V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне дайындық барысы жөнінде баяндалды. Б.Атамқұловтың мәліметіне сәйкес, «KADEX-2018» халықаралық көрмесіне 48 елдің ресми делегациясы келеді. Көрмеде әлемнің 28 елінен 318 компания өз экспозициясын таныстыратын болады. Сонымен қатар, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Елбасыға мемлекеттік қорғанысқа қатысты тапсырыс пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы стратегиялық және нормативтік құқықтық құжаттардың әзірлену барысы туралы мәлімдеді. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді. Астанада 2 жыл сайын өткізіліп келе жатқан айтулы «KADEX-2018» көрмесі туралы толық ақпаратты газетіміздің алдағы нөмерінен оқи аласыздар.

Ерқазы Сейтқали

(6)