Қазаққа қазақ тілінде жеткен құран

Халифа Алтаймен ғибратты кездесу

Халифа Алтай — қазақ халқына біткен ерекше тұлға. Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударып, қазақ халқын Құран мағынасымен таныстырған ғалым. Иә, Халифа Алтай таза мұсылмангершілікті, адалдықты, инабаттылықты, ынтымақтық, достықты Құран арқылы қазақ жастарының санасына сіңіруді мақсат тұтты. Оның осы жолдағы еңбегін халық та, мемлекет те жоғары бағалады.
2001 жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жылдық іс-шаралары аясында тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Халифа Алтайды ұлттық мәдениетімізге сіңірген ерен еңбегі үшін Алтын төсбелгімен марапаттады. Сөйтіп, Халифа Алтай ақырғы демі біткенше қазақ еліне діни және мәдени салада қызмет етті. «Инабат» атты қордың құрметті төрағасы қызметін атқарды. Құрметті атамыз 2003 жылы дүниеден озды.
Халифа Алтайдың аса білімді, діни заңдылықты терең білетін халық адамы екенін Құран кәрімді алғаш қазақ тіліне тәржімалағанынан-ақ білуге болады. Осындай адамды қалай көремін, қашан кездесемін деп армандап жүруші едім. Бұл тұста еліміз тәуелсіздік алып, халқымыз арқа-жарқа болып жатқан. Сонда тәуелсіздік алған Қазақстанға Халифа Алтай келіпті деген әңгіме гу ете қалды. Жағдайы келген көптеген лауазымды жандар Халифа ағаны үйлеріне шақырып, құрметті қонағы ретінде сыйлай бастапты. Оны үйіме шақырып қонақ ете қоямын деген ой менде бірден бола қойған жоқ еді. Бір күні ұстазым Ақжан Машановтың үйіндегі Жамал жеңгем маған телефон шалып:
— Ұзақбай, үйге үлкен бір кісі келеді, амандық болса ертең ағаң екеуіміз сол кісіні ертіп, сіздің үйде қонақта боламыз. Ол кісі ағаңнан жасы да, жолы да үлкен аса білімдар адам, — деді.
Ғалым ұстазыма бір шәй беруді өзім де ойлап жүр едім, қуанып қалдым.
Япырай, Машановтан үлкен қандай білімдар адам екен дедім де қойдым.
Ертеңіне түсте күткен қонақтарым келе қалды. Өзімше Жамалмен амандасып, Ақжан ұстазымды құшақтап мәз болып жатырмын. Сол кезде Ақжан ағам менен қолын босатып:
Ұзақбай, мына кісі Алланың Құран кәрімін қазақша тәржімалаған Халифа Алтай деген ағаң болады, — деген кезде; «Япырай, мұндай армандаған асыл адам біздің үйге қалай келіп қалды?» — деп қалбалақтап барып:
— Алтын аға, хош келдіңіз! — деп, көптен көрмеген туған бауырым келгендей құшақтай алдым. Ол да мені құшақтап, бетімнен сүйіп, аты-жөнімді сұрап жатыр. Менің есім шығып кетіп, не айтып, не қойғанымды білмей қалдым.
Дастарқан басында байқағаным: Халифа Алтай ағамыз өте салмақты, алғыр да білгір кісі екенін аңғартты. Қасында ақ көйлек киіп, ақ орамал жамылып отырған Бибіпатша бәйбішесі бар. Ақ сақалды, ақ шапанды Халифа Алтай екеуі бір-бірімен жарасымды отырды. Кетерінде Халифа ағамызға ақ шапан кигізіп, Жамал апамызға келісті қамзол кигізіп, үлкен жібек орамал жауып, ризашылығымызды білдіріп, рақметімізді айтып жатырмыз. Ал Халифа ағамыз өзінің арабша жазылған екі кітабын сыйлады.
— Ұзақбай, сен тегін бала емессің, таза қазақи жүрегің сені алысқа апарады.
Өз халқын сүйген адам ғана оның тағдыры үшін күйе алады. Ұлтты күшейтетін бірінші тірегі — тіл.
Өзім үшін саспаймын,
Аспаймын да таспаймын.
Халқым аман болса екен,
Сол ғой менің бас қайғым,
Аумин! — деді.
Ол кісінің дін жайында айтқан мына бір сөзі құлағымнан кетпейді: «Дін — халық даналығының, мәдениеті мен салт-дәстүрінің шырақшысы».
Ал Ақжан ағамыз болса: «Ғылымға қызмет ету — бұл ең алдымен халыққа қызмет ету. Өз зерттеулеріңді адамға, қоғамға арнау», — дейтін.
Мен екі алып Ақжан мен Халифа ағаларымның дастарқан үстіндегі сөздерінен баға жетпес ләззатты сезім алдым.
Халифа Алтайдың бүкіл мұсылман қауымына, оның ішінде қазақ халқына сіңірген еңбегі мол. Құран кәрімді тұңғыш рет қазақша тәржімалауы қазақ қауымына, әсіресе қазақ жастарына үлкен үлгі-өнеге болды. Ол 1995-2000 жылдар арасында әр жұма сайын қазақ радиосы арқылы ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізіп тұрды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды. Оның «Сияр Нәби», «Қазақ түріктерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Ата жұрттан — Анадолияға», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары жарық көрді. Қазақстан жазушылар одағының «Алаш» сыйлығын иеленді.
Қазақ халқының 8-9 ғасырдан ұстанып келе жатқан діні ислам діні болғандықтан, арабша білмейтін қарапайым халыққа Құран кәрімнің мағынасын тұңғыш рет қазақша жеткізу қазақ халқы үшін аса маңызды, өте қажетті іс еді.

Абдрахманның
«Қасиетті құран — мәңгілік мұраң» кітабы

Оның Құран кәрімді қазақта тұңғыш рет өлеңмен мазмұндаған «Қасиетті құран – мәңгілік мұраң» деген тәржімасы жуырда ғана «Көкжиек» атты діни әдебиеттер баспасынан жарық көрді. Әрине, Халифа Алтайдан кейін де әртүрлі авторлардың еңбегімен Құран кәрімнің 5-6 тәржімасы басылып шыққан болатын. Алайда Абдрахман Асылбектің тәржімасына ерекше тоқталған жөн. Өйткені ол таза өлең-жыр нұсқасында мазмұндаған.
Абдраханмен үйіміз жақын тұрғандықтан, онымен жиі кездесіп, әңгімелесіп, жыр жинақтарын оқып жүретінмін. Мейлі, балаларға жазсын, мейлі үлкендерге жазсын, мейлі сатира жазсын, оның өлеңдері тілге жеңіл, құлаққа қонымды, жүрекке жағымды болып кедетін. Мәселен, Роза Бағланова апамыз жарты ғасыр бойы Қазақ радиосынан берілетін «Кешкі ертегі» хабарында:
Кел, балалар, тұрмаңдар,
Бізде қызық думан бар.
Атамыздың алуан
Ертегісін тыңдаңдар.
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Ертегі сөз қашанда
Тамашаның көркі екен, —
деп келетін «Ерден атайдың ертегісі» ән мәтінін (әні Е.Хасанғалиевтікі) жазған осы А.Асылбектің өлеңі балаларға қандай жеңіл, қандай түсінікті. Сол секілді:
Күнді де біреу күн дейді,
Жарқыраған нұр дейді.
Бірақ күннің өзінде
Түнек барын білмейді.
Түнді де біреу түн дейді,
Тас түнек деп тілдейді.
Бірақ түннің өзінде
Ләззат барын білмейді, —
деп келетін өлеңі үлкенге де, кішіге де түсінікті. Ал 60 жыл бойы үйлену тойларында айтылып келе жатқан «Жар-жар» әні де ғажап емес пе? Мен осыған қарап оған:
— Сен тамаша ақынсың, — дейтінмін шын ниетіммен. Сонда ол бұл сөзден қысылып:
— Қайдағы тамаша ақын, қарапайым Құдай деген бір ақынмын, Менен мықты ақындар толып жатыр, — дейтін жай ғана.
Соңғы кездері жүдеңкіреп жүргенін байқап:
— Неге жүдеп кеткенсің, әлде ауырып жүрсің бе деп сұрағанымда:
— Мен Құран кәрімді өлеңмен жырлап, түпнұсқасына жақындата тәржімалап жүрмін, — деген еді.
Арада бір жылдай уақыт өткенде Абдрахман Құран кәрімнің «Қасиетті Құран — мәңгілік мұраң» деген нұсқасын маған қуанышты түрде көрсетті. Мен де қуанып жатырмын. Қолма-қол бір данасын сұрап алып, бас алмай оқуға кірістім. Сонда жаңа бір кең әлем есігін ашқандай болдым. Намазда, батада, айт күндері молдалардың сыңғыратып қирағатпен оқыған Құран аяттарын ұйып тыңдағанымыз болмаса, оның мағынасын түсінбейтінбіз. Мәселен, қарттардан жас балаға дейін араб тілінде жатқа білетін Құранның кіріспе — беташар Фатиха сүресінің мәнін көбіміз анық білмейміз. Әйтеуір Аллаға ниетіміз дұрыс деп, арабша судыратып айта береміз. Ал Абдрахман Асылбектің:

ФАТИХА СҮРЕСІ
Алһамду лиллаһи Раббил аламин,
Аррахмани арахимималики яумиддин.
Ияка нағбуду уа ияака настағин.
Һиди нассратал мустаһим,
Сраталлазина әнғамта ғалайҺим,
Ғайрил мағзубе ғалайим уалаззалин.

Өте рахымды әрі мейірімді
Алланың атымен бастаймын
Жаратушысы да, иесі де ғаламның,
Алла, барлық мадағымыз саған мың.
Сенен ғана тілеп тірек тіршілік,
Саған ғана етеміз шын құлшылық.
Алла, бізді тура жолға бастағын,
Адасқандар жолын сырып тастағын.
Әрқашанда ізгі ойдың оңын бер,
Игілікке кенелдірер жолын бер, —
деген тәржімасынан кейін Құдайға деген құлшылығымызды таза қазақ тілінде де айта беруімізге болатындығын түсіндім. Өйткені Құран кәрімнің 114 сүресіндегі алты мыңнан астам аяттары тап осындай түсінікті өлең жолдарымен берілген. Сонымен бірге Құран кәрімнің сүрелерін «Асыл арна» телеарнасынан сүреңсіз түрде оқи бермей, Абдрахман Асылбектің тәржімасы бойынша белгілі жыршы-термешілер, әншілер мәнеріне келтіріп, әсерлі әуенмен, маңызды мақаммен, құлаққа қонымды қырағатпен оқитын болса, нұр үстіне нұр болар еді, халыққа тезірек жетер еді ой келеді.
Ескерту: бұл кітапты Алматы қаласы, Мақатаев көшесі, 128 А үйдегі «Көкжиек» кітап дүкенінен алуға болады.

Ұзақбай ҚОЖАНТОВ,
Абай атындағы әдеби
сыйлықтың иегері

(50)