1 шілдеден бастап зейнетақы еңбек өтіліне байланысты төленеді

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы»  2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы жылғы шілде айынан бастап зейнетақы жүйесінде өзгерістер енгізілу күтілуде. Бұл көптеген азаматтарды қызықтырады: олар «зейнетке қалай шығамыз?», «зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай саналады?» деген сұрақтарды жиі қояды.  Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Алматы қаласы бойынша «Әлеуметтік төлемдер ведомствоаралық есептеу орталығы» Департаментінің директоры Бокижанова Фарида Маратқызынан сұхбат алдық:

— Фарида Маратқызы, алдағы өзгерістер туралы қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз.
— «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтар айынан бастап зейнетақы жүйесінде өзгерістер енгізілді. Яғни, әйел азаматтарымызға қатысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың жасын кезең-кезеңмен көтеру қарастырылған. Ол ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-ші бабымен реттелген.
Зейнеткерлік жастың кезең-кезеңмен көтерілуін мына кестеден көруге болады:
• 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап — 59 жасқа толғанда;
• 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап — 59,5 жасқа толғанда;
• 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 жасқа толғанда;
• 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60,5 жасқа толғанда;
• 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61 жасқа толғанда;
• 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61,5 жасқа толғанда;
• 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62 жасқа толғанда;
• 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62,5 жасқа толғанда;
• 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 63 жасқа толғанда.
Яғни, бұл шара 2027 жылға дейін созылып, 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады.
— Қазір зейнет жасына келушілердің басты сұрағы — базалық зейнетақы есептеу тәртібі болып отыр. Оларға не айтамыз?
— Барша зейнеткерге бірдей көлемде төленіп келген базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Онда зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударған жарналары есепке алынады. Тағы бір айта кетерлігі, барлық зейнетақы жүйедегі құжаттар негізінде автоматты түрде қайта есептеледі. Сондықтан зейнеткерлерге мемлекеттік органдарға барып, өтініш жазып, қайта құжат әкелудің қажеті жоқ.
Кестеде базалық зейнетақының пайызға шаққандағы сомма есебі көрсетілген:

Еңбек өтілі Белгіленген күнкөріс деңгейіне қатысты пайыздық үлесі 01.07.2018 ж. Бастап төленеті базалық зейнетақы мөлшері
<10,=10 54% 15274
11 56% 15840
12 58% 16405
13 60% 16971
14 62% 17537
15 64% 18102
16 66% 18668
17 68% 19234
18 70% 19799
19 72% 20365
20 74% 20931
21 76% 21496
22 78% 22062
23 80% 22628
24 82% 23193
25 84% 23759
26 86% 24325
27 88% 24890
28 90% 25456
29 92% 26022
30 94% 26587
31 96% 27153
32 98% 27719
33 100% 28284

Мұнда адамның базалық зейнетақысы оның еңбек өтілімен тығыз байланысты екені көрсетілген. Ол шілде айынан кейін оның көлемі 15 274 теңгеден 28 284 теңге аралығында болып өзгереді. Бірақ жоғарғы мөлшерде болу үшін сізде кемінде 33 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Одан кем болғанда ол көрсеткіш әрбір жыл сайынға шаққанда 2 пайыз кеміп отырады. Мысалы, 10 жыл еңбек өтіліне 54% болса, одан кейінгі әр жылға 2%-дан қосылады. Егер еңбек өтіліңіз 20 жыл болса, онда 10 жыл үшін сізге тағайындалған 54%-ға тағы 20 % қосылады. Сөйтіп, сіз 74%-ға ие боласыз. Сонда мына кестедегідей, сіздің базалық зейнетақыңыз 20 931 теңгені құрайды. Шілде айынан бастап ерлер 63 жастан зейнетке шыға береді, ал әйелдерге 58 жас 6 ай болуы керек. Тағы бір нақты мысал келтірейін: биылғы жылы (2018 жыл) ер азаматтардың 1955 жылғы тумалары зейнетке шығып жатыр. Оны 1972 жылы 17 жасында мектеп бітіріп, жұмысқа кірді деп санасақ, оның еңбек өтіліне әскер қатарында, оқуда болған уақытын қосқанда — 01.01.1998 жылға дейін 25 жылды құрайды. Сондықтан оның базалық зейнетақысы 23 759 теңге болады. Ал 1998 жылдан кейінгі саналатын зейнетақы мөлшері оның Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты анықталады. Ол Жинақтаушы Қорлардан алынған құжаттар арқылы бекітіледі. Егер ЖЗШ жоқ болса, зейнеткер 01.01. 1998 жылғы еңбек өтілі мөлшерінде қала береді. Бірақ зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен яғни 15 274 теңгеден аз болмайды.
— Әйелдердің еңбек өтіліне балаға бөлген уақыты кіре ме?
— Иә, кіреді. Елімізде 5 бала тапқан не болмаса бала асырап алып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдердің зейнеткерлік жасы 53 жас деп белгіленген. Мемлекет бала тәрбиесіндегі әйелдерге әр бала үшін 3 жыл еңбек өтілі санаққа алады. Бірақ оның жалпы мөлшері 12 жылдан аспайды.
— Фарида Маратқызы, Сізге берген сұхбатыңыз үшін рақмет. Мемлекеттің дамуы оның зейнеткерлерге, балаларға, мүгедектерге деген қатынасымен бағаланады. Әлеуметтік маңызды бұл салада бюрократиялық кедергілер мейлінше азайып, қарттарымыз бен өзге әлеуметтік қамқорлыққа мәжбүр топтағы адамдардың өмірі жақсара түсуі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын.

Әбдірашит Бәкірұлы

(499)