Жюль Вернді, Хартты емес Абайын аңсайды шәкірттер

Баяғыда бір бақташы бір қораға қой мен ешкіні қатар қамап, одан  «әлдебір» төл күтіпті. Бірақ нәтиже болмапты. Қазіргі отандық білім беру жүйесінің қайсыбір тұстары сол бақташының күйін елестетеді. Мысал келтірейік. Ұлт сыныптарында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті деп бөлек-бөлек атауға ие болып, атам заманнан бері жеке оқытылып келе жатқан қос пәнді «жаңарту» мақсатында кіріктіріп жіберді. Енді қазақ тілді емес мектептерде аталған екі пән жеке-дара оқытылмайды. Олар тек қана бір пән аясында ғана ұсынылған.

Хош делік. Тіл мен әдебиет пәндерін бір-біріне теліп жіберіп, одан нендей нәтиже күтерімізді білмей дағдарып жүре берелік. Ал қазақ тілі мен әдебиеті деген «айрықша атауға» ие болған «тым жаңа» бұл пән оқулығында екі саланың тармақтары айрықшаланып берілмеген. Тіпті қазақ тілі өз ішінде жіліктелмей, әр жерінен қасқыр тартқан қойдай болып, грамматикалық тақырыптар тұс-тұсқа пышырап жатыр. Жүйесіз берілген грамматика өзге ұлт өкілінің қазақша үйренуін шектемей ме? Ал қазақ әдебиеті төменшік күйінде ешбір кезеңі көрсетілмей, әдеби жанрлар мен теориялардан мүлде жұрдай күйінде кемсеңлеп тұр. 5-ұлт сыныбына қыркүйектің алғашқы аптасында М.Мақатаевтың «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» өлеңі берілген. Бастауыш сыныпта тек қазақ тілін ғана тереңдеп оқып келген, қазақ әдебиеті деген пәннен түсінігі де жоқ оқушыға бұл бүйірден соққы берумен тең. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінен жеңілдетіп беріп, содан кейін ғана тілі ауыр Мұқағали өлеңін ұсынса тақиямызға тар келмей қайта өзге этнос балаларының тілін ұстартып, қазаққа жақындата түсер едік. 7-ұлт сыныбында оқыстан Ақан сері туралы мәтін берілген. Ақан серінің өмір сүрген кезеңінен титтей де хабары жоқ балаға сері мен салды, оның өлеңдерін түсіндіру қияметтің қайымы болып тұр. Қазақ әдебиетінің даму кезеңдерінен тыс тулақтай жұлып алған бұл өкілдер оқушы санасына қаншалықты сыйымды болатынын оқулық авторлары белгілі бір зерттеу жүргізбестен бас салып енгізе берген сыңайлы.
Тіл мен әдебиетті біртұтас бір ұғымға балаған жауапты тұлғалар осылайша ұлт сыныптарында қазақ әдебиетін қазақ тілі пәніне кіріктіріп, ерекше «амал» тапты.
Жә, «айла» асырылды, «амал» табылды. Ал оқушылар бұны қалай қабылдауда? Өз тәжірибемнен ала отырып, тірі мысалдар келтірейін. Жаңартылған бағдарламамен оқитын 1, 2, 5, 7-ұлт сыныптарына арналған «қазақ тілі мен әдебиет» пән оқулықтарының аталған барлық сыныптардағы авторлары тек қана сол мамандар. Таңым бар. Дәл сол бес автор сөз болып отырған сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтарын өзге емес, өз қолдарынан ғана өткізіп отырған. Сонда бұл бесеуден артық жаңартылған бағдарлама негізін бес саусақтай білетін маманның жоқтығы ма, әлде…
Оған да бас қатыруға мұршамыз жоқ. Берілген бағдарлама мен оқулыққа бағынып, оқытып келеміз. Шетел әдебиеті өкілдерін кірістіру бар. Тіпті шетел ғалымдарының есімдері де аталады. Кеңес кезінде Циалковскийді «өнеге» тұтып оқыған едік. Енді тәуелсіздік алған соң, өз тұлғаларымызды барынша дәріптеуге теңдік алдық па деп бөркімізді аспанға атып едік. Бекер екен. Енді мына «жаңартудың» арқасында өзге елдің түрлі сала өкілдерін тәңірідей көріп, пір тұтып, дәріптеп, ұрпағымызға соларды үлгі етіп оқытып, шоқытып жатырмыз. 7-ұлт сыныбына «Жюль Верн» тақырыбы берілген. Күнделікті сабақ барысында оқушыларға Ж. Верн туралы сөз қозғай беріп едім, оқушылар кілт үзді. Тосыннан жай оғындай өтініш тастады. «Жюль Вернді қайтеміз, өз Абайымызды біліп алайық», — десті шәкірттер бірауыздан. Жоспарға сай сабақ өтуге міндетті мұғалім болғандықтан, Жюль жарықтықты айтып қоймадым. Ғаламторды қосып, бейнежазбалар көрсеттім. Француз жазушысы, ғылыми фантастиканың негізін салушы деп таңдайымды қақтым. Оған балалар тек бас шайқады. Қиял жанры оларды еліктірмеді. Бәрі бір кісідей «Абайды оқиықшы, өзіміздің Абайдың қара сөзінің жанында Жюльдің фантастикасы не тәйірі?» — десті. Міндетті тақырыбымнан жаңылмай, оқушыларыма Ж.Верннің әлем тілдеріне аударылу деңгейі жағынан дүниежүзі бойынша екінші орында тұрғанын айтып, атағын асырғансыдым. Шәкірттер оған да селт етпеді. «Рейтингті қайтеміз? Бізге Абайдың қара сөзін үйретіңізші», — деп қиылды. Амал жоқ, (бірақ іштей қуанышымда шек жоқ) Абайдың бірінші қара сөзін ғаламтордан қостым. Жюль дегенде немқұрайлы пішін танытқан оқушыларымның көзінде кенет ұшқын оянды. Абайдың әрбір сөзіне елтіді. Бас изеп, мақұлдап, жандары кіріп қалды. «Неткен данышпандықпен айтқан!» деп тамсанғанда, ауыздарының суы құрыды. Осылайша жоспарланған Жюль Верн сабағы Абайдың қара сөздері тақырыбына біржолата ойысты. Жеткіншектердің өрелі өтінішін орындамауға жүрегім дауаламады. Өйткені олар өз қазағымның ұлы Абайын аңсап, сұрап отыр еді.
Бұл бір ғана мысал. Вернді өткен соң, араға уақыт салып, Майкл Харт келді. Оны да місе тұтпады. «Электронды оқулықтар жобасының авторы ретінде танылған Майкл Хартты білу білімнің шыңына шығу емес!» — деп оқушылар тағы да ұлт тағлымынан татыруды сұрады. Харт адыра қалып, тағы да Абайға оралдық. Абай өлеңдерін оқып, әндерін тыңдап, балалар бір жасап қалды.
Егер оқулық авторлары оқушылардың қалауын тікелей біліп барып жазар болса, қандай дүние туар еді? Онда өз саңлақтарымызды өгейсітіп, анда-санда қылтитпай, мейлінше молдап ұсынар ма еді? Өз қаймағына тоймаған баланы өзгенің шалабымен шайқап өсіру қаншалықты дұрыс? Бұл «жаңару» үрдісінің бір ұранындай болған құбылыс ұлт патриоттарын тәрбиелеуді шыңға шығарамын деп, балшыққа батырмаса болғаны.

Айзат Рақыш

(407)