БІЗГЕ КІМ ЖАҚЫН: ОТАРЛАУШЫ МА, ОТАН ҚОРҒАУШЫ МА? немесе тағы да Қайырханға ескерткіш тұрғызу мәселесі хақында

…Үйіңізге тұтқиылдан бір қарақшы басып кірді делік, не істейсіз? Қандай қадамға барасыз? Екі қолыңызды желкеңізге қойып отыра бересіз бе, әлде бір әрекет жасайсыз ба? Біз сөз еткелі отырған ойтірестің негізгі өзегі осында жатыр. Болдым, көндім деп мойыныңызды салбыратып, әрекетсіз отыра берсеңіз, онда қорқақ болғаныңыз. Әйгілі Конфуций «Қорқақтар — қоғамның қалдығы» дейді. Оған біздің алып-қосарымыз жоқ. Егер қарақшыға есігіңізді өзіңіз ашып берсеңіз, онда сатқын сұмырай болғаныңыз. Ал сатқындар әуелден адам емес. Енді жан амандығы үшін үйдегі мүлкіңізді алып шығып, қарақшыға өз қолыңызбен табыстасаңыз, онда сіздің кім болғаныңыз? Басыбайлы құл болғаныңыз. Қоғамтанушылардың дәлелдеуінше, құлдар құлдығын жасамай тұрмайды. Айтпақшы, әлгі үйіңізге басып кірген қарақшы қазақтың баласы болуы да мүмкін ғой. Қарақшы кім болса да мейлі, бойында еркіндігі, қажыры, адамгершілігі бар адам ғана отбасын қорғауға ойланбастан тұрады. Шаңырақты кие тұту, отбасын, отан-анасын қорғау әрбір ер адамның қасиетті борышы. Міне, ХІІІ ғасырда монғол шапқыншылары тұтқиылдан лап беріп, туған қаласы Отырарға басып кіргенде, оны ойланбастан қорғауға тұрған Қайырхан сондай иманы берік, борышына адал, еркін жан еді.

Шыңғысхан басқыншы ма, әлде түркілерді
біріктіруші ме?

Ал Шыңғысхан кім еді? Шыңғысхан — басқаның мүлкіне көзін алартқан (бұл жерде қазақтың жеріне), оны күшпен тартып алу үшін тұтқиылдан тап беріп, баса көктеп кірген, сөйтіп бейбіт жатқан халықтың ошағын ортасына түсірген, адамдарды мың-мыңдап қырғынға ұшыратқан қанқұйлы «қарақшы» болатын. Яки, Отырарға басқыншылық ниетпен бас салған жау, ұлыңды — құл, қызыңды — күң еткісі келген жауыз еді. Жауыздық пен айуандықты «өркениеттік шапқыншылық болды» деп ізгілік тұрғыдан ақтамақ болып әуреленіп жүргендердің іс-әрекеті құр эмоция, бос мақтаннан басқа ештеңе де емес.
Бұл күнде жұртшылықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Оларға жеке пікіріңді күштеп тықпалай алмайсың. Мемлекет деген не, Отан мен мемлекеттің қандай айырмашылығы бар, отаншылдық немесе отаршылдық деген ше, жер, ел ұғымдары қандай мағына береді, мемлекеттер не үшін соғысады, оның артында кімдер тұрады, жерді бөлшектеудің астарында не жатыр — бұны түсінуге әркімнің де білім мен білігі жетеді. Сондай-ақ бүгінде әлемді жеке дара билегісі келетін мемлекеттердің түрлі саланы қамтыған құйтырқы геосаяси ойындарынан да біршама хабардар деп ойлаймыз. Айтайын дегеніміз, кейбір айырмашылықтары мен өзгешеліктеріне қарамастан дәл осындай геосаяси ойындар Шыңғысхан заманында да жүрді. Оны ұлы жаулаушы өз пайдасына тиімді шеше білді. Бірақ кейбір шыңғысханшыл зерттеушілер мәселенің тап осы тұсына келгенде түсінбеген сыңай танытып, қияс тарта беретіні қайран қалдырады. Біздіңше, мұны түсіну үшін көп білімнің керегі жоқ, онсыз да бәрі айдан айқын. Дегенмен ұмытшақтар үшін тағы бір рет еске сала кетудің артықтығы болмас.
Отырар — ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны ғана емес (ғалымдар бұл шаһардан әлемге әйгілі 30-дан астам әл-фарабилердің шыққандығы туралы айтып жүр), Қазақстан мен Орта Азияның орта ғасырлық дәуірінде маңызды рөл атқарған қаланың бірі. Көне дерек көздері Отырар шаһарының ұзақ жылдар бойы байырғы түркілердің, қадыми Түркістан өлкесінің астанасы қызметін атқарғандығынан хабар береді. Қазір де осы аймақтағы Түркістан қаласы бүкілтүркі әлемінің тәу ететін киелі мекені, рухани астанасы ретінде мойындалады. Бұл нені білдіреді? Отырар — көне түркілердің сыйынатын, әулие тұтатын киелі мекені болғандығын білдіреді. Бұл — бір.
Екіншіден, көне Отырар — геосаяси тұрғыдан өте тиімді географиялық аймақ, әскери-стратегиялық тұрғыдан аса қолайлы плацдарм болды. Шыңғысхан бұл аймақты «Батысқа шығатын қақпа» деп қарады. Оның үстіне тоғыз жолдың торабында — Ұлы Жібек жолының күретамырында жатты. Осындай сулы да нулы, байлығы көл-көсір шұрайлы аймаққа кім қызықпайды? Кім көз тікпейді?! Бұла күші бойында тасыған қаһарлы әміршінің мұндай аста-төк байлыққа көз тікпеуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Бұл жерде аяр да айлалы әлем жаулаушысы әрі қарай «Батысқа жорық жасауды» ойластырған үлкен геосаяси мүдде көздегені анық. Ал Қайырхан еш себепсіз өлтірді деген саудагер-елшілер үшін «өш алу», «кек қайтару» мәселесіне келсек, бұл жалаулатудың астарында кез келген кісі түсіне бермейтін үлкен саяси ойын жатқаны анық. Яғни, «өш алу» — алысты көздеген Шыңғысханның өз геосаяси мүддесін жүзеге асыру мақсатында өзі ойлап тапқан сылтау ғана болды деп нық сеніммен айтуға болады. Осы мәселеге өз болжамдарын айтқан көптеген зерттеушілер дәл осындай пікірде. Сондай-ақ «Шыңғысхан Отырарды хорезмшахтар езгісінен құтқарғысы келді» немесе «бет-бетімен бытырап жүрген түркі халықтарын бір тудың астында біріктіруді көздеді» деп уәж кесушілердің бәрінікі, бейнелеп айтқанда, ойдан шығарылған аңыз. Шыңғысханшыл кейінгі буын өкілдерінің зұлымдықты, жантүршігерлік жауыздықты ақтаудан туған теріс түсіндірмесі.
Тарихтан белгілі, монғолдар Алтай тауының ар жағындағы Керулен даласында (Монғол үстірті) ХІІІ ғасырда пайда болған тайпалар одағы. Шамамен қазіргі Тува автономиялық республикасының жері. Бастары бірікпей топ-топ болып жүрген монғолдар алдымен өзара аяусыз қырқысқа түсті, сосын біртіндеп күшейіп, кейін бүкіл әлемге әкелік әмірін жүргізуге жанталаса ұмтылды. Бұл көпке мәлім тарих, біз оған тоқталмаймыз. Тек осы мүмкіндікті пайдаланып, мынадай бір уәж айтқымыз келеді.
Шын мәнінде, Алтай да тамыры терең түркілердің бір тарихи отаны, киелі атамекені. Оған ешкімнің таласы жоқ. Кейін әртүрлі себептермен «ұлы қоныс аударулар» заманында олар әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кетті. Түркілердің негізгі ұйытқы тобы тұс-тұсқа жаппай жөңкіле көшкенде, көшке ілеспей атамекенде тұрақтап қалғандары да көп болды. Сондықтан Алтай аймағында бізбен тарихы ортақ, тегі бір түркі халықтары әлі күнге дейін ғұмыр кешіп жатыр және олар аз емес. Олар сонау ғұн, көктүріктер, кейінгі монғол замандарында да осы бір құнарлы жерді мекен еткен, қазір де сол киелі қонысты алтын бесік қылып тербетіп отыр. Енді мынадай бір қиялға ерік беріп көрейік. Осынау өр Алтайдың арғы бетінде жасап жатқан бір түркі халқы (мысал үшін хакас, саха, тобан, қанты-мансы, т.б) аяқ астынан күшейіп, жаугершілікпен қазіргі Қазақстанға лап қойса, не істейміз? Қарсылық көрсетпей, шаһарларымыздың қақпасын ашып, беріле саламыз ба, әлде басқа бір әркет жасаймыз ба?! Міне, ХІІІ ғасырда монғолдар Алтайдан бері асып түсіп, Отырарға тұтқиылдан тап бергенде Қайырханның да қатты қиналып, осы секілді таңдау жасауға мәжбүр болғаны анық. Ақыр соңында басқыншының аяғына жығылып, бас ұрғаннан ақтық демі таусылғанша жаумен айқасып өтуді артық көрді. Сөйтіп, отаршылдыққа, ұлттық езгіге қарсы күресуге бел байлады. Ендеше елдің тәуелсіздігі, ұлттың азаттығы үшін қайсарлықпен күрескен нағыз отанқорғаушының ерлік ісін әр саққа жүгіртіп, қадірсіз айтыс-тартыстың «көкпарына» айналдырып жатқанымыз қалай? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» керін істегеннен не ұтамыз?
Ал жауға өз үйінің қақпасын кімдер ашып береді? Бейшара қорқақтар. Дұшпанының алдында кімдер жер тізерлейді? Опасыз сатқындар. Қорлыққа, зорлыққа кімдер көнеді? Өз еркіндігі жоқ құлтектілер. Олай болса басқыншылықпен келген, адамдарды мың-мыңдап қырғынға ұшыратқан, көптеген өркениет ошақтарын қиратып, күлге айналдырған, бейбіт халыққа өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген соғысқұмар Шыңғысханға неге асқақ етіп ескерткіш тұрғызамыз да, өркениетті қорғаған, елінің ертеңі үшін өлімнен де тайсалмаған Қайырханның ерлік ісін неліктен өнбес таласқа айналдырып, есімін тасада қалдыра береміз?

Қайырхан Шыңғысханның көлеңкесінде қалғандай

Жасыратын ештеңесі жоқ, біз адасып, абдыраған қоғамда өмір сүріп жүрген секілдіміз. Көп нәрсені аңғармайтын, көп жағдайдың байыбына бара бермейтін болдық. Көзіміз соқыр, көңіліміз бітеу. Тіпті, бүгінгі қазақ ұлты үшін қайсы құндылықтар төл, қайсысы бөтен айыра алмайтын дәрежеге жеттік. Өзімізді ізгіниетті гумманист жұрт санаймыз, бірақ нағыз ізгіниеттіні дәріптеуге келгенде, ондай құрметті лайық көрмейміз. Есесіне адамзат баласына сұмдық қайғы-қасірет әкелген соғысқұмар титандарды дәріптеуге келгенде (Мысалы, Кир, Ескендір Зұлқарнайн, Юлий Цезарь, Напалеон, Ганнибал, Бірінші Петр, т.б.) алдымызға жан салмаймыз. Өзгенің жеріне басып кіріп, халқын қырғынға ұшыратқан жаулаушыларға асқақ етіп ескерткіш қоямыз да, ал еліне қалқан болып, туған жерін зұлым күштен қорғаған отанқорғаушыларға ондай ескерткіш тұрғызуды міндет санамаймыз. Ол — ол ма, басқыншы жеңімпаздарға арнап том-том кітап жазамыз, ғылыми конференциялар ұйымдастырамыз, есімдерін ардақтап көшелерге, мекемелерге береміз, есесіне басқыншыларға жанкештілікпен қарсы тұрып, еркіндік үшін жанын пида еткен күрескерлерге ештеңе бұйырмайды. Сонда біз кімді үлгі тұтуымыз керек — отарлаушыны ма, отанқорғаушыны ма? Басқыншыны ма, күрескерді ме? Міне, біздің түсінбейтініміз — осы. Күрескер болсақ дейміз, бірақ кімге еліктейтінімізді, кімді үлгі тұтатынымызды білмейміз. Парадокс! Мысалы, жаулаушы Шыңғысхан құрметіне арнап тұрғызылған екі бірдей зәулім ескерткіш белгілі. Біріншісі — Монғолияның астанасы Ұлан-Батырда 1990 жылы орнатылған (тоғыз әскербасымен қоса) болса, әлем жаулаушысының айбат шеккен екінші ескерткіші — лордтардың астанасы Лондон қаласының орталығында 1997 жылдан бері асқақтап тұр. Одан басқа монғолдар Шыңғысхан атындағы ең жоғарғы мемлекеттік орден тағайындаған. Ал туған жерінің бостандығы үшін басын бәйгеге тіккен Қайырханға мұндай құрмет көрсетілмек түгелі, жасаған ерлік ісін сан-саққа жүгіртіп, елді әбден адастырып болдық. Өзіңіз ойлаңыз, осылардың қайсысы бізге жақын — отарлаушы ма, отанқорғаушы ма? Осы сұрақты кез келген қазақ баласына қойып көріңізші, бірден отанқорғаушыны жақын тұтып шыға келері сөзсіз. Алайда дәріптеу мәселесіне келгенде отанқорғаушы Қайырхан отарлаушы Шыңғысханның «көлеңкесінде» қалып қойған. Бұл неліктен? Бұл, сірә, ұзақ уақыт басқыншылардың рухани тоқпағының астында ғұмыр кешкендігімізден. Кімнің қызметінде жүрсең, соның мүддесіне қызмет ету, кімнің тілінде сөйлесең, соның тілінде сөйлеу — құлдық психологияның тікелей нәтижесі. Сол секілді өз ұлттық тарихымызға өзгенің (яғни, жеңімпаз басқыншының) көзімен қарап, пайымдау, баға беріп, түсіндіру де осы ұзақ жылғы бодан психологияның жемісі. Бодан психология дегеннен шығады, осы жерде мынадай бір жайтқа тоқталып өтпесек болмайды. Әгәрәки, ұлттық тарихымыздағы басқадан көрген қисапсыз қиянатымыз бен қорлығымызды осы қисыннан пайымдап, түсіндіруді доғармайтын болсақ; әгәрәки, отаршылардың бізге жасаған зорлық-зомбылдығы мен зұлымдық істерінің байыбына бармай ізгі құбылыс ретінде баға беріп, «олардың елімізге жорық жасағаны, қырып-жойғаны, жаулап алғаны дұрыс болды, соның арқасында біз көп жетістікке жеттік» деп шындықтың өңін теріс айналдырып, дәріптеуді тоқтатпайтын болсақ; әгәрәки басқыншылықты — бейбітшілік, отаршылықты — өркениетке жетелеген тарихи заңдылық, жауыздықты — ізгілік деп ұлықтауды ұрандатып, жалғастыра беретін болсақ, онда көп кешікпей кешегі үш жүз жылдық орыс отаршылдығының тоқпағын да гуманистік тұрғыдан ақтауға тура келтінін ұмытпау керек. Ол русофильшіл қоғамтанушылар үшін түк те қиындық тудырмайды, қайта тиімді. Керек десеңіз, олар осындай бір мүмкіндікті күтіп жүруі де ғажап емес. Ал көп қайталанатын осындай өтіріктерден соң, өзіміздің отанқорғаушыдан басқыншыға қалай айналып кеткенімізді өзге түгелі өзіміз байқамай қалуымыз бек мүмкін.
Сондықтан тарихта әр нәрсені өз атымен атауды үйренуді үйренуіміз керек. Басқыншыны — басқыншы дейік, отанқорғаушыны — отанқорғаушы деп атайық. Сонда кімнің кім екенін оңай ажыратып, кімнен үлгі алу, кімнен үлгі алмау керектігін тез аңғаратын боламыз. Бәрінен бұрын тарихи ақиқатқа бір табан жақындай түсеміз. Әйтпесе, өзіміз де адасамыз, басқаны да адастырамыз.

Отырар билеушісі  жеңілді, бірақ неге «мәңгі жеңімпаз»?

Философия классиктерінің көрсетуінше, Отан, мемлекет пен билік — қондырма, олар өзгеріп отырады. Мемлекет — жағдайға қарай түрліше өңін өзгертіп, мүмкіндігінше жаңарады. Ол тиісінше тоталитарлық, монархиялық, фашистік, демократиялық, парламенттік сипат алуы мүмкін. Билік те осыған ұқсас жолмен дамиды. Алмасып, ауысып, жаңарып, өзгеріп отырады. Тұрақты, өзгермейтін билік жоқ. Түріктердің «Сұлтан келеді, сұлтан кетеді, Түркия қалады» деп мақалдайтыны сол себептен. Кейде бір билік сахнаға шықпай жатып кетеді, екінші бір билік сол сахнаға үйреніп ұзақ жылдар отыруы мүмкін. Мысалы, Ливия, Египет, Тунис, Куба, Солтүстік Корея, керек десеңіз Қазақстанда да билік ұзақ жылдар өмір сүрді. Бірқатары шетелдің арнайы орындарының араласуымен күшпен құлатылды. Жапония, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Францияда билік белгіленген конституциялық мерзім бойынша ауысып отырады.
Ал Отан — базистік ұғым. Ол билік ауысса да, мемлекет өз сипатын өзгертсе де, Отан тұрақты. Тұрақты, тұрлаулы Отан қасиетті, киелі ұғым. Ол бәрімізге ортақ құндылық, мәңгілік мақтаныш. Сондықтан да, отанды сүю, туған жерді аялау, жаудан қорғау — әр пенденің толысу деңгейінің моральдық кемелділігінің, адами келбетінің басты көрсеткіші болып табылады. Қазақстанның Ата Заңының 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті борышы әрі міндеті» деп бекерге жазылмаған. Әр азаматтың отаншылдық сезімі осы парызы мен міндетін ақыр аяғына дейін қаншалықты мүлтіксіз және адал орындау көрсеткішімен өлшенеді.
Мінеки, Отырар әкімі Қайырханның аңызға айналған ерлік ісін осынау Отан алдындағы азаматтық борышы мен міндетін қаншалықты мүлтіксіз орындады, қаншалықты адал атқарды деген өлшемде пайымдап, бағалайтын болсақ қана, оның қасиетті ісін мейлінше терең түсінетін боламыз. Әйтпесе, бәрі бекер.
Осы ретте айта кету керек, қазақстандық патриотизм мен отаншылдық тәрбие бүгінгі өмірден оқшау тұрған ұғым емес, қайта жаңа өмірмен қауышып, ұлттық тәрбиеге жаңаша мән-мазмұн береді. Ұлттық тәрбие дегеніміздің өзі өткенді жоққа шығару емес, керісінше өткеннің үздік үлгілері мен бүгінгінің прогрессивті жақтарын қабылдап, ненің озық, ненің тозық екенін тани білу, талғам өрісі, дүниетанымы кең патриоттарды тәрбиелеуге мүмкіндік беру болса керек. Олай болса, біздің негізгі міндетіміз — қазақ болу. Қазақ болу — тек қазақша сөйлеу ғана емес, Қазақ елін жүректен өткізу, оның барлық ұлттық құнарын, ұланғайыр ұлы даласын, тау-тасын, орман-суын, өзіндік қайталанбас мәдени-дәстүрлік қолтаңбасы мен өзгешеліктерін көре білу, кеудеңде тербете білу және қастер тұту. Елдің ертеңіне түлткісіз сену, болашағына қалтқысыз қызмет істеу. Керек болған жағдайда, жаныңды пида ету. Олай болмаған жағдайда нағыз қазақ болып өмір сүрмеу — құр далбаса. Бұл жалған дүниеде азаматтық борыш пен патриоттық парызыңды аяғына дейін адал атқарудан асқан ұлы сүйіспеншілік болмаса керек. Бұл дүниеде ешкім де патриот болып тумайды, оған өмірдің өзі үйретеді. Мен мұны неге айтып отырмын?
Рас, Қайырхан моңғолдарға қарсы шайқаста жеңілді, бірақ «мәңгі жеңімпаз» тұлғаға айналды. Қарап отырсақ, «жеңілген жеңімпазға» құрмет көрсетудің мысалдары әлемде аз емес екен. Көне Үргеніш қаласында Хорезм мемлекетінің соңғы билеушісі, Шыңғысханға бас имей арыстанша алысып өткен Жалел-ад-Дин Менгубердінің құрметіне орнатылған керемет ескерткіш туралы айтқан едік. Басқыншыларға қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, тарихта аты қалған сондай ержүрек қаһарманның бірі — біріккен галл тайпасының көсемі Верцингеторинг. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 72-46 жылдары ғұмыр кешкен, елінің азаттығы үшін Рим императоры Юлий Цезармен шайқасқа түскен қас батыр. Әрине, ол римдіктерден ойсырай жеңілді. Жаулары оны алдап қолға түсіріп, бес жыл тас қапаста ұстаған, ақыры сертінен танбаған батырды азаптап өлтірген. Интернет парақшаларын ақтарып отырып батырдың құрметіне қойылған екі ескерткішті тауып алдық. 1867 жылы тұрғызылған бірінші ескерткішті қоюға Франция императоры Напалеон Бонапарттың өзі пәрмен берген екен. Ол Алезия провинциясындағы Ализ-Сент-Рен қалашығында қасқайып тұр. Верцингеторингтің тағы бір ескерткіші Клермон-Ферранда қаласында бой көтерген. Қылышын жоғары ұстап, әскерін алға бастап, ат үстінде шауып бара жатқан бұл мемориалдың авторы — Фредрик Бартольди.
Басқыншыларға қарсы шайқасқа түсіп жеңіліске ұшыраған, бірақ «жеңімпаз» тұлғаға айналған жүрекжұтқан батырларды дәріптеуде АҚШ-та басқаларға үлгі бола алады. Осы елдің Докота штатында Асау тұлпар есімді үндіс көсемінің тура тау шатқалында қашалған алып бейнесін білмейтін жан жоқ шығар. 1890 жылы бейбіт жатқан сиу-дакота үндістер қонысына ағылшын конкисаторлары тұтқиылдан шабуыл жасап, қырғынға ұшыратады, бас терілерін шаштарымен қоса кесіп алып, қан жоса қылып талқандайды. Осы кезде сиу тайпасының көсемі Ташанко — Витко (Асау тұлпар) басқыншыларға тайсалмастан қарсы шығып, ақтық демі соққанша шайқасқа түседі. Ақыры қапыда қаза табады. Үндіс саранжашылары содан кейін әділетсіз қара күшке қарсы көтеріліп, опасыздықтың кесірінен ажал құшқан Сұрапыл Торнадо туралы өлмес дастан шығарып, қайтпас қайсар бейнесін мәңгі тасқа қашаған.
Халықты басқыншыларға қарсы көтеріп, басын бәйгеге тіккен сондай ержүрек қаһарманның бірі — Қапқаз халқының даңқты ұлы Иман Шәміл болса, екіншісі қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Олар орыс отаршыларының қанды жорығына қарсы бір мезгілде көтерілді. Бірақ екеуі де жеңіліске ұшырады. Кенесары 1847 жылы 47 жасында басқыншылармен астыртын ауыз жаласқан қырғыз манаптарының қолынан мерт болса, Имам Шәміл 1859 жылы жаудың құрған тұзағына түскен, өле-өлгенше сертінен таймай 1868 жылы 72 жасында Мәдине қаласында дүниеден өткен. Сол, қас батыр Шәмілге қойылған ескерткіш бар ма, жоқ па, өз басым анық білмеймін, ал бүкіл саналы ғұмырын Ресей отаршыларына қарсы күресте өткізген Кенесары сұлтанның есімін мәңгі есте қалдыруда қазақ халқы қарызда қалған жоқ. Астана қаласының қақ төріндегі Есіл өзінің жағасынан ұлы күрескердің тарпаң ескерткіші орнатылып, ол 1997 жылдан бері сонау алысқа асқақ қарап тұр.
«Жеңілген жеңімпаз» демекші, қазақ даласының еркіндігі мен бостандығы үшін ақтық демі қалғанша арыстанша алысқан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Амангелді Иманов пен оның үзеңгілес серігі, атышулы Кейкі батыр Көкембайұлының есімдерін де осы санатта атауға болар еді. Бүгінде ержүрек батырлардың құрметіне Алматы қаласы мен бірқатар облыс орталықтарында, өздері туып-өскен Торғай өңірінде (Аманкелді ауданы) түрлі бейнедегі ескерткіштері орнатылған. Тізе берсек, мұндай «жеңілген жеңімпаздар» құрметіне тұрғызылған мемориалды кешендер аз емес.

«Шыңғысхан» сериялынан кейінгі келемеж-келеке

Өкінішке орай, туған жерінің еркіндігі мен бостандығы үшін өліспей беріспеуге бел байлаған Қайырханның ерлік ісін қазақтың ерлік шежіресінің жалғасты дәстүрі ретінде танып, дәріптеуге келгенде, ауыз толтырып мақтана алмаймыз. Әсіресе, ылғи да бір бармағы жұмулы тұратын Қытай киногерлері түсірген «Шыңғысхан» сериялының көрсетілімінен кейін Отырар әкімінің есімін құрметтеу былай тұрсын, келемеж-келеке қылып, ерлік ісін «ханталапайға» айналдырып жібердік. Қытай қиногерлері оны барынша жауыз, атаққұмар, ештеңенің байыбына бармайтын ақылсыз, тәкаппар етіп көрсетуге тырысқан. Бірақ сужүрек қорқақ қылып көрсете алмаған. Ол мүмкін емес еді. Туған қаласы Отырарды алты ай бойы жанкештілікпен қорғаған батырдың ерлігі заманында аңыз болып алысқа тарады. Мінеки, сол ұлы ерліктің жасалғанына бір жылдан (1219 ж.) кейін 800 жыл толғалы отыр, естіген жұртшылықты әлі күнге дейін тамсандырып, таң қалдырып келеді.
Енді ойлаңыз, егер Отырар қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың қаласы болса (бұрын да, қазір де), осынау аймақтағы Түркістан шаһары әлем түркілерінің тәу ететін киелі жері, қасиетті атамекені ретінде мойындалған болса, әлемге аты мәшһүр ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен осы өлкеден шыққан отыздан астам әлфарабилер қазақтың данышпан ұлдары болса, Отырарда туып-өскен, бүкіл саналы ғұмырын осы қаланың гүлденуі мен өсіп-өркендеуіне арнаған, әлемге әйгілі «Отырар өркениетінің» қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлесін қосып, ақтық демі соққанша соны қиратушы қара күштен қорғаған Қайырхан тұлғасын неге бұлардан бөлек алып қарағымыз келеді? Бұлар бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын бір бүтін дүние емес пе? Отырар әкімінің ерлік ісі неге ескерілмей жүр? Сонда Қайырхан қаһармандығын қазақ ерлігінің бір үлгісі, заңды жалғасы, қазақ патриотизмінің бір биік шыңы ретінде мойындағысы келмейтіндердің көксегені не?
Тарихта ұлт тағдыры сынға түсер сын сағаттар болады. Мұндай сын сағаттардың дембіл-дембіл қайталанып отыратыны да тарихтан мәлім. Он үшінші ғасыр басындағы «Отырар ойраны» қазақ ұлты үшін сондай бір сын сағаттың кезеңі болды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Міне, ел басына күн туған осындай бір шешуші уақытта Қайырхандай асылзада бабамыз қазақ ұлтының абыройын сақтап қалды, ар-ожданын құтқарып қалды. Құтқарып қана қойған жоқ, осы ісімен бүкіл қаны қазақ жұртының атақ-даңқын әлемге жайды, мәртебесін көтерді. Ер түріктің ежелден ер жүрек екенін тағы бір дәлелдеді. Әсіресе, кең байтақ мұсылман жұртшылығы арасында оның ерлік ісі ауыздан ауызға, елден елге аңыз болып тарады. Дала мен теңізді кезіп кетті. Міне, арадан мың жыл өтті, туған жерді қалай сүю және отанды қайтіп қорғау керектігі туралы сол аңыз-әпсана ұлы даланы кезіп әлі жүр. Ендігі қазақ ерлігі жайлы ұлы аңыздың ақиқатқа айналар уақыты жетті. Халықтың халық болып қалуына өлшеусіз үлес қосқан сол тарихи Ерлікке қандай құрмет көрсетіліп, ұлықталса да жарасады, ол соған әбден лайық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарым, Отырар қаласын алты ай бойы қорғаған қаһарман Қайырханның қара тастан қашап тұрғызылған еңселі ескерткіші өзі туып-өскен, өзі жанкештілікпен қорғаған киелі өлкенің төрінде қазақ ерлігінің бір символы ретінде асқақтап тұруы заңды. Ол бүкіл қазақ ұлтының отаншылдық сезіміне сәуле шашып, туған жердің самалы маңдайын өбіп, патриоттық ұстанымына нұр құятыны сөзсіз.
Туған жері мен Отан-анасы үшін еңіреген ерлерін жоқтамаған елдің елдігі қайда?

Болат Шарахымбай

(14)