Садық ахунның 5 түрлі емі

Сыр еліне Садық ахун Қодарұлының есімі кеңінен танымал. Ол 1860 жылы Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында дүниеге келген. Туа бітті емшілік қасиет қонған ол жастайынан білім қуып, Бұхарада оқып, терең діни білім алған. Садық 32 жасында «Көгелташ» медресесіне барып ілім алуды бастаған (Тажитдин ақсақал дайындаған «Қодарұлы Садық» атты естелік кітабынан).Өткен ғасырдың 1890 жылы Сыр елінің атақты Қалжан ахун, Ораз ахундардың көмегімен Қармақшыда мешіт ашып, онда бала оқытып, науқастарды емдеген. Бойына біткен ерекше емшілік қасиетінің арқасында талай ауыр дертті жандарды емдеп, жазып, елге зор көмегін тигізген.

Садық ахунның алдына келген науқастар, ол кісінің емінен кейін құлан таза айығып, дерттеріне дауа тапқан. 1920 жылы емші өзі туып-өсіп, кіндік қаны тамған Ақжарма ауылына келіп, өмірінің соңына дейін елге емшілік қызмет көрсетіп, бар алған білімі мен игі істерін халыққа арнап, бала оқытып, көптеген тәрбиелік жұмыстар атқарады. Ауылының өсіп-өркендеуіне, ауылдастарының денсаулығын сақтауға зор үлес қосады. 1938 жылы Садық ахун қайтыс болғанда Сыр елінің дүлдүл ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов өлеңмен көңіл айтып, хат жолдаған. Өзі аға санап, пір тұтқан Садық ахунға арнаған қоштасу өлеңінде ол ахунның бойындағы барлық игі, асыл қасиеттерін жан-жақты ашып көрсеткен.
О, дарих, өткен Сәкен азиз еді,
Халықтың нарқы қымбат гаухары еді.
Ғылымға он екі пән болған мәшһүр,
Ұлықпандай заманына дәркәр еді.
Дауасы дұғасымен болып қабыл,
Аурудың көңілін табар қуатты еді.
Шарпыға қысылғанда жол табатын,
Ағзамның орнындағы нәбиі еді.
Дін Ислам жолындағы талиптарға
Көңіліне сүйеу етер құрал еді.
Тәусипін қанша айтса да ада болмас,
Қалай да заманының құтпы еді…
(1937 жылдың тамыз айы. Өлең Тәжитдиннің жеке мұрағат құжаттары-нан алынды.)
Осы өлеңнің бірінші қатарында «Сәкең азиз еді» деген сөз бар. Араб тілінде «азиз» деген сөз Аллаһ Тағаланың тоқсан тоғыз атының бірі делінеді. Әрине, Тұрмағамбет ақын Садықты Аллаға теңеуді ойламаған. Бұл сөздің тура мағынасы «теңдесі жоқ, ең ұлы, құдіретті» деген ұғымдарды беретіні белгілі.
Онан әрі «Ғылымға он екі пән болған мәшһүр» деген тіркестегі он екі пән сөзінің мағынасы өз алдына бір төбе. Діни ғылымды игерушілердің ішінде он екі пәнді игергендер деп Құранды дін тарихын терең түсінген, оның мән-мағынасын, қасиетін білетін, тура ай-тылмаған идеялық ұғымдарын талдап, танып, түсіндіре алатын ғұламаларды айтады екен. Садық ахун Құран Кәрімнің мағынасын өте терең білген және соны өз өмірінде орнымен қолдана білген (ахун атағы діни жоғары білім алғандарға шатырхатпен бірге беріледі).
«Ұлықпандай заманына дәркәр еді». Бұл жерде «дәркәр» деген сөздің арабша мағынасы «қажет» деген ұғымға келеді екен. Сонда Садық ахунды заманына Ұлықпандай қажет десе де, дәрігер ретінде керек десе де түсінікті. Деректерге сүйенер болсақ, Садық ахун Көкалташ медресесінің 4 жылдық оқу бағдарламасын тәмамдағаннан кейін, осы медресенің жанындағы Иранның екі жылдық дәрігерлік білім беретін курсын бітірген. Сонан 1898 жылдан бастап, өз еліне келіп, дәрігерлік жұмыс атқарған. Ол төрт жүзден аса түрлі шөптерден дәрі жасап, адам емдеген. Емдеудің 5 түрін қолданған. Олар: бірінші — шөп-дәрілермен емдеу, екіншісі — қан алу (екі тәсілі бар: теріні тесіп, қан алу, екіншісі вена тамырын жарып қан алу), үшіншісі — қарпу (иглотерапия), төртінші — үзу (уқалау), бесіншісі — дұғамен емдеу. Ал бүгінде шығыс медицинасының мүмкіндіктері баршаға аян. Ендеше, Ибн Синаның ғылымын игерген Садық ахун аурудың барлық түрін емдей білген.
Онан әрі «Ағзамның орнындағы нәби еді» дегенде, «ағзам» деген сөз арабшада «ұлық» деген мағынаны білдіреді екен. Ал қазақшада «дене» дегенге келеді. Ал нәби — пайғамбардың сипатын білдіретін анықтауыш сөз делінеді. Ал жеке сөз ретінде мағынасы хабар жеткізуші. Енді осы сөзді пайғамбар образына қолданғанда пайғамбардың Аллаһ Тағаладан хабар жеткізуші деген ұғымға саяды. Сонда біз атаған екі сөздің арабша мағынасымен айтар болсақ, адам арасындағы ұлықтардың пайғамбарындай деп түсінуге болады. Орынсыз емес, ақындық пафос осылай көрініс берген.
Бір-екі дерек келтірейік. Бұрын ел жайлаудан қайтқанда қыстауларын сыпырып, жуа салып кіре беретін болған. Ал оны жаздай жайлаған зиянды, залалды жәндіктер түрлі аурулар тудыратынын Садық ахун біледі. Сол кезеңде ел ішінде оба, сүзек, құрт аурулары сияқты жұпалы індет көп болған. Осының алдын алу үшін, білімді емші профилактика жасаған. Елде өсетін сілтіні өртеп, соның түтінімен жәндіктерді жоюды көрсеткен. Мұны Сыр елі жаппай қолданған. Бұл «жаңалық» «отқа табыну» деген желеумен Бұхар әміріне жетіп, ол осы Қармақшы-Қазалы уезінің діни өкілі қызметін атқарушы Қалжан ахунды «өзге дінге жол бердің» деген айыппен айдап әкетеді. Сонда Садық ахун әмірге өзі барып, мән-жайды түсіндіріп, Қалжан ахунды ақтап алып, еліне алып қайтқан екен. Бұл — Садықтың балалары Әбжан мен Тәжитденнің аузынан талай айтылған нақты шындық.
Онан әрі «Тәусипін қанша айтса да ада болмас, Қалайда заманының құтпы еді» деген жолдарды түсініп көрелік. Тәусип — арабшада өсиет, ақыл деген мағынаны береді. Ал құтпы — ақылгөй, рухани басшы деген мағынаны білдіреді. Демек, Садық ахун ақыл-өсиет айтатын заманының рухани басшысы болған дегенді меңзейді.
Тұрмағамбет ақынның арнайы дұғасы да жазылған екен. Сонда:
«Мақсұмдар-Әбжан, Мақсұт,
Тәжитдин,
Сіздерге ақсақалдық құтты болсын!
Өздерің ілпі тәліп, тіпке қанық,
Тұрыңдар, халыққа істеп, пайдалансын!» деген сөздер бар. Бұл дұға тікелей қабыл болды десе болады. Үлкен баласы — Әбжан Қармақшы мен Қазалы аудандарында емшілігімен елге белгілі болған. Бір ғана мысал, соғысқа алып кетейін деп тұрғанда Тереңөзек аудандық әскери комиссары өзінің шешесін емдетіп, Әбжанды еңбек майданына алып, елде қалдырған көрінеді. Ал Тәжитдин күні кешеге дейін, бүкіл Қызылорда облысына аты мәлім болған дәрігер, тәуіп. Ол Кеңес үкіметі кезінде «Денсаулық сақтау қызметінің үздігі» медалін иемденген. Облыстық дәрігерлер консилиумына тұрақты мүше болған кісі. Бүгінде Садық ахунның ұрпақтарынан өрбіген кәсіби дәрігерлердің ұзын саны он бестен асады. Олардың ішінде үшеуі медицина ғылымдарының кандитаты.
Туғанына биыл 150 жыл толғалы отырған Садық ахунның өмірде қалдырған ізі осындай. Ахунның дүние салуы да ерекше. Көзі тірісінде Қармақшы төңірегіндегі мешіт жанынан өзіне қабір салдырып қойған. Соған орай өлерінде өсиет қалдырыпты. Шығыс медицинасын Сыр еліне осыдан бір ғасыр бұрын әкеліп, халқына қырық жылдай қызмет жасаған тәбип, Садық ахуынды әлі де зерттей түссек артық емес.
Ағайын елі өсиетті орындады. Бүгінде Садық ахун бейіті Ақжарма ауылының үстінен өтетін күре жолдың бойында үлкен бір рухтар ауылы болып жатыр.

Қосылған Әбжанұлы,
филология ғылымдарының
кандидаты,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті

(37)