Ресейге салған санкциялар салқынынан құтылуға бола ма?

Ресейдің жанында тек Қазақстан, Сирия және Венесуэла қалды. «Бүкіл әлем Ресейден теріс айналып жатқанда онымен тығыз қарым-қатынас орнатудың жөні бар ма?»— деуге келсек, бұл жерде қатты ойлануға тура келеді. Себебі Батыс елдері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекетке санкция салуы әбден мүмкін. Осы мәселеге орай өз пікірін ортаға салған мамандар пікіріне үңілсек.

Біреудің шашбауын көтерем деп ұрынып қалмайық

Экономист, а.ш ғылымдарының кандидаты Таң Қасқаев:
«Ондай жағдай болмай-ақ қойсын, бола қалса, Қазақстан ондай ауыр сынға төтеп бере алмай, күрт сынуы мүмкін. Егер біз «түйенің танығаны — жапырақ» дегендей, ештеңені ойланбастан бас-көз жоқ Ресейдің соңынан еріп, оның шашбауын көтеруден аса алмасақ, Ресейге тісі қайраулы АҚШ бастаған Батыс елдерінің Қазақстанға да санкция салуы мүмкін. Онда біз ғана емес, әлгі ЕЭО-ға мүше елдердің бәрі экономикалық қыспаққа түседі. Қазақстан мұндай жәйттердің арғы жағында нендей түйткілдер күтіп тұрғанына алдын ала болжам жасап, оның алдын алудың жолдарын қарастыруы қажет. Біз кейде жас баладай арқадан қағып, алдарқатқанға сеніп қаламыз. Соның дәлелі — Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып кіргеніміз. Ол әуел баста құрылғанда бізге солтүстіктегі көршіміз: «Бұл тек екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін одақ, онда саясатқа жол берілмейді. Тиісінше елдің егемендігіне де ешқандай зиян келмейді, ол екіжақты келісім шартында айқын көрсетілген», — деп сендірген болатын. Сарапшылар осы сендіруді алға тартып, сырттан Ресейге қандай санкция салынса да, экономикалық қарым-қатынас жалғаса беруге тиіс деп санаған. Шынайы өмірде бәрі керісінше болып шыққанына енді ғана көз жеткізіп отырмыз. Ол одақта тек Ресейдің ғана мүддесі қорғалып, басқаларына үстемдік жүргізіліп жатқаны жасырын емес. Ол туралы аз айтылып, аз жазылып та жүрген жоқ. Соңғы жылдары Ресей мен Қазақстанның импорт пен экспорттағы сауда айналымы тәп-тәуір көтерілгенін жоққа шығаруға болмайды. Оған ең алдымен Ресейдің компанияларына санкция салынуы айтарлықтай ықпал етті. Басқа нарықтарға жолы жабылған Ресей амалсыздан жаңа нарықтарды іздей бастады. Оған ең тиімді әрі ең жақын нарық — құдайы көршісі Қазақстан екені кәміл. Ресей экономикасы Қазақстанға жылына 1 млрд. доллардың үстінде инвестиция құяды. Ресейлік компаниялардың Қазақстанға келіп жұмыс істеуінен біз біршама пайдаға қарық болдық. Өйткені елімізде жаңа жұмыс орындары пайда болып, елге инвестиция, жаңа технология келді. Десе де әредік-әредік: «Қазақстандағы ресейлік компанияларда Қазақстан азаматтары жұмыс істемейді»,— деген бейресми деректердің қылаң беріп қалатыны бар. Қазақ мұндайда: «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды»,— деп сенімін секемге жеңдіретін. Сол себепті Қазақстан үкіметі ресейлік компанияларға қаталдау қарауы керек сынды. Өйтпейінше, қолдағы барымыздан айырылып, кешегі күнімізге зар болып қалуымыз әбден мүмкін»,— дейді.

Өз есебімізді түгелдей беруді үйренейік

Саясаттанушы Айдос Сарым:
«Қазақстан үкіметінен батыл қадамдарды талап ету орынсыз. Ресейге ашық қарсылық танытсақ, Донбасстағыдай жағдай бізде қайтала-нуы ғажап емес. Дұрысы — ұлттық мүддені алға қойып, көрші елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату. Өзіміздің тәуелсіз ел екенімізді, ой-санамыздың, парасатымыздың бар екенін дәлелдеуіміз керек. Ең бастысы — ұлттық мүддеміз бен стратегиялық мақсаттарымыздан айырылып қалмауы-мыз қажет. Бойымыздан биік секіреміз деп тыраштанбауымыз қажет. Сондықтан Ресейдің агрессиялы саясатын қолдап немесе «Ресейдікі дұрыс» деп жақтап шықпағанымыз да — сауатты ұстаным. Қытай, Ресей секілді екі алпауыт елдің ортасында отырмыз. Ол екеуіне де төтеп беруге қауқарымыз жетпейді, бірақ екеуінің арасындағы қайшылықтарды пайдаланып, өз есебімізді түгендей бергеніміз абзал. Бұл Абылай ханның кезіндегі саясатқа саяды. Қазақстан жақында Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған АҚШ пен одақтастарының Сирияға соққы жасауын айыптайтын қарарына қатысты дауыс беруде қалыс қалды. Отандық сарапшылар мұны еліміздің астарлы жүргізілген саясаты деп оң бағасын беріп отыр. Қазақстан өзінің дербес ел екенін көрсетті»,— деп бағалайтынын жеткізді.

Белгілі бір стратегиямызды қалыптастырайық

Саясаткер Әміржан Қосанов:
«Біз кейде олигархтық экономикаға негізделген, өз еліндегі оппозицияны құртқан кремльдік режимге деген көзқарасымыз бен 7500 ортақ шақырым шекарамыз бар, ортақ тарихымыз бар орыс халқымен қатынасқа көзқарасымызды шатастырып аламыз. Онда қазір 700 мың қазақ тұрып жатыр. Географиялық орналасуымыз бойынша біз бәрібір Ресеймен көрші болып қаламыз, қаласақ та, қаламасақ та басқа көрші таба алмаймыз. Онымен экономикалық қарым-қатынас жасағанда өз мүддемізді де ойлауымыз керек. Біз достықты одақтастыққа айналдырып жібердік. Еуразиялық одақ аймағындағы біздің экономикамыздың мүмкіндіктері шектеліп, отандық бизнеске салқыны тиді. Ресейлік уағыз-шылардың Қазақстан аумағындағы ықпалы, Ресей телеарналарындағы неоимпериялық саясатты насихаттайтын хабарлардың қазақтың төрінен күнделікті орын алуы — қауіпті құбылыс. Сөз жоқ, Ресеймен бірге болу біздің маңдайымызға жазған. Ресей — көршіміз, бірақ оның қолтығының астына кірмей, сыртқы саясатта өзіміздің дербес ұстанымымыз болуы қажет. Шындығына келсек, Батыс санкциялары тек Ресейге емес, онымен аралас-құралас Қазақстан секілді ортақ кәсіпорындары мен банктері бар елдердің баршасына кесірін тигізеді. Сондықтан Ресейге қарсы жарияланған батыс санкцияларына қатысты Қазақстанның белгілі бір стратегиясы болуы керек. Санкциялардың нұқсанын азайту үшін Батыс елдермен экономикалық байланысымызды арттыруымыз керек»,— деген пікірде. Білікті мамандар мен кәнігі саясаткерлер мен сарапшылар не десе де, айналып келгенде бірінші орында ел мүддесі, ұлт қауіпсіздігі тұруы керек екенін мойындауға тиіспіз. Тәуелсіздігі жоқ елді экономикасы әлеуетті, халқының саны көп кім көрінген қолжаулыққа айналдырады. Ондай қорлыққа тап болмаудың сара жолы — ішкі және сыртқы саясатта сындарлы бағыт ұстанып, елді қиын-қыстаудан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман-есен алып шығаудың тиімді жолын қарастыру болмақ.

Ермек Сахариев

(23)