Көлсайда тау көшіп жатыр

Алматы облысында бірнеше күннен бері тау көшіп жатыр. «Опырылған жер Көлсай өзенінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Топырақ өзеннің арнасын жауып тастауы мүмкін. Ал өзен жаңа арнамен ағуы да ықтимал. Қазір өзеннен екі куб су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өткізілетін су көлемі 30 кубқа жетеді. Топырақ массасы өзен суы арқылы шайылады. Бірақ бұл өзен түбінде кішкентай бөліктердің пайда болуына ықпал етіп, сағасының шайылуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін», — деді ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев Алматы облыс әкімі Амандық Баталов өткізген шұғыл жиында.


Сарапшылардың пікірін тыңдай келе Амандық Баталов тапсырмалар берді.
— Ең алдымен өзеннің түбін тереңдету үшін өзен сағасына шынжыр табанды экскаваторлар қолдану керек. Егер тау массасы өзенді жауып тастаса, суды сарқып алу немесе сифондық əдіс арқылы морена көліне су құю тəсілін қолдану керек. 8 сəуірде бұл жерде жер сілкінісі болған, оның артынан қалың жауын жауды. Мұнда тектоникалық жарылу сызығы бар. Осының бəрі жинақтала келе, қалыптасып отырған жағдайды туғызуы мүмкін. Қазір тау бөктерлеріне, əсіресе елді мекендер маңына мұқият зерттеу жасау керек, — деді өңір басшысы Амандық Баталов.
Сонымен қатар облыс əкімі электр желілерінің айналма жолын жəне геологиялық жағдайларды ескере отырып жол салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қазір оқиға орнына барлық қажетті техника жұмылдырылған, тау массасының қозғалысы сағат сайын бақыланып отыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ облыс əкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кейбір БАҚ-та жарияланған Саты ауылына апаратын жол жабылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жол жабылған жоқ, ашық. Тау массасының қозғалуы «Көлсай көлдері» Ұлттық саябағы кардоны маңында орын алған.
Қазіргі кезде Кеген ауданының төтенше жағдай жөніндегі штабы Саты елді мекенінде күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырған. Ол жерде Алматы облысының төтенше жағдай департаментінің шұғыл тобы, жергілікті атқарушы органдарының және ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері таудың көшкіні бағытын бақылауда. Топырақ көшкінін тоқтату үшін барлық техника құралдары жұмылдырылған. Сонымен қатар тікұшақпен көшкен тау бағыты бақылануда.

Нұрила Бектемірова

(49)