Өкіметке жат элементтер қырғыны

Ұлтшыл, алашордашыл, жапон тыңшысы деп сотталғандар

Қазақстанда Кеңес өкіметі толық жеңіске жетіп, билікті өз қолдарына алған соң, ауыл халқын 2-3 бөліп, орталарына жік салып, бірін кедей, бірін орта шаруа, ал енді бірін бай-кулак деп, бір-біріне айдап салып, билік жүргізді.
Кедей шаруалардың басын біріктіріп, «Қосшы» деген одақ құрып, оған большевиктік үкіметті мойындайтын, айтқанына мақұл деп бас изейтіндер бір бөлек болды да, үкіметтің халықты жік-жікке бөліп, бір-біріне айдап салуына қарсы болғандарды ұлтшыл, байдың құйыршығы, зиянды элемент, атқамінер деп айыптап, «Қосшы» одағына жолатпай, жіктеудің соңы сол азаматтардың кейіннен бай-кулак боп кәмпескеге ілініп жер аударылуына, ал біраз бөлігінің ұлтшыл, алашордашыл, жапон тыңшысы деп сотталып, атылып кетуіне әкелді. Мұрағаттардан сол кездегі саяси жағдайды білу қажет болса құжаттарды көтерсеңіз жетіп жатыр. Мысалы, бір ғана Әулиеата уезінде «Қосшы» одағынан аластатылып айыпталғандар жеткілікті. Қарабақыр болысында үштіктің (Таудинов, Далиев, Тұрлыбай және Ағыбаев) шешімімен 10 адамды жат элемент деп одақтан шығарып, болыстықтың мүшелігінен шығарып, болыстық сайлауға араластырмай, шеттеткендер болды. Осы болыстықта Қалдыбек Таяқов, Наурызбай Байтерековті ұрлықшы, іріткі салушы деп соттатып жіберген. Тек 1925 жылы Әулиеата уезінен «Қосшы» одағынан шығарылып, айыпталғандар мол болды. Ақбұлым ауылынан Әбдімәлік Шенгенбай — байдың құйыршығы және зиянкес, Жаманка ауылынан Бокнотов Жүрін, Ердонаев Садық — бірі бай, бірі саудагер, №7 ауылдан Мұхаметқұлов Бейсенбай — барымташы, Елібаев Омар — байдың құйыршығы, Мұртазаев Өмірзақ, Иманқұлов Пернебек, Қалабаев Мырзахан, Юсупалиев Түкбай — зиянкестер, зиянды элементтер, №4 ауылдан — 21 адам бай-кулак, атқамінер деп айыпталады. Олардың ішінде Даулетов Жорабек, Туғанбаев Омар, Тілендиев Байғазы, Бердібаев Шынасыл, Айтбаев Мөңкебай, Орынбасов Қожай, Қалдыбеков Барлыбай және басқалары.
№6 ауылдан Томашев Карну, Қолдаров Асан, Салқымбаев Қожа, Ибраимов Баялды, барлығы 10 адам. №5 ауылдан Құратаев Жапы, Исақов Иманқұл, Телғараев Жұманқұл, Тауасаров Шайтанқұл барлығы 11 адам. №3 ауылдан Баймұратов Қалбай, №1 ауылдан Жұмабаев Мұхамед — атқамінер деп айыпталған. Сонымен қатар ішкі істер комиссариатының арнайы тізіміне ілігіп, бақылауда болғандар: Байсунов Алтай — барымташы, Диханбаев Сапарбай — бұзық адам, Қосшыбаев Жабағалы — бай, Саурыков Жантай — бай, Алесов Байлыбай — бай, Бағысбаев Наурызбай — бай, атқамінер деп айыпталып, бақылауға алынғандар. Осы құжатты дайындаған ішкі істер халық комиссариатының өкілі Добыров, аудандық партия комитетінің хатшысы Батраков. Мұрағаттағы құжаттарды қарап отырғанда жүрегің ауырады. 1932-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық кезінде қазақтың тең жартысы қырылып қалғаны белгілі. Ауызға саларға бір түйір нан таппай, иттің етін, одан қалса балаларының етін жеуге дейін барған кезде колхоздар мен совхоздардың қоймасында бидай мен арпа және басқа да азық-түліктер лықа толып тұрса, колхоз-совхоздарда мал басы жерге симай тұрғанын оқығанда, жүрегің қалай ауырмасын. Сөзім дәлелді болу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында сақтаулы тұрған мына құжатты айтса да жеткілікті.

Қазақты аштан қырған кім?

Әулиеата ауданының қысқаша экономикалық жағдайы 1933 жылдың 19-27 қараша айындағы тексерудің қорытындысы.

Ауданда 21 ауыл бар. Олар 14 ауылсоветке кіреді. Ауданда 21862 қазақ, 2706 орыс, 350 дүнген тұрады. Ауданда бес орыс колхозы, 16 қазақ колхозы бар. Колхозға біріккендердің ішінде 13300 адам еңбекке жарамды. 449 жеке бас шаруашылықтары бар. Ауданда 4 қой фермасы, онда 2724 қой, тауарлы сүт фирмасында 359 сауын сиыр, 700 тана, жылқы фермасында 970 жылқы және 177 тай-құлын бар. Билікөл ет совхозында 780 адам еңбек етеді, оның 385 қазақ, совхозда 8066 мүйізді ірі қара бар, оның 3185 сауын сиыр. Майтөбе ет совхозында 720 адам еңбек етеді, оның 640 қазақ. Совхозда 2131 сауын сиыры бар. Жылқы совхозында 4667 адам еңбек етеді, оның 3179 қазақ, совхозда 2812 асыл тұқымды жылқы бар. Аудандағы шарап зауытында 108 жұмысшы, спиртзаводта 38 адам, сыра заутында 32 адам еңбек етеді. Қалада бірінші сатылы 11 мектеп, екінші сатылы 6 мектепте 5137 оқушы оқиды. Аудандағы 62 мектепте 4138 оқушы бар. Қалада 1 педтехникум — онда 180 оқушы, оның 100-і қазақ, политехникумда — 180 оқушы, оның 17-сі қазақ, жылқы техникумында — 369 оқушы, оның 121-і қазақ, зооветтехникумында — 200 оқушы, оның 66-сы қазақ.
Егіс көлемі 1933 жылы өткен жылға қарағанда азайған, себебі жоспардың орындалмауы дейді. Ал еңбек ететін адамдардың аштықтан шыбын сияқты қырылғанынан емес, жоспардың орындалмауынан дейді. Аштық туралы бір сөз жоқ. Аудан басшылары ештеме болмағандай, адамдардың қырылғанын көрмегендей, жайбарақат, естеріне де алмайды. Тек егін жинаудан, мал басын өндіруден жоспардың орындалғаны керек. Адамдар өлсе өле берсін. Бәрібір. 1932 жылғы партия конференциясында пленумға мүше болып сайланған 21 адамның 1933 жылы 6-уы ғана қалған. 15 адамның қайда кеткені айтылмайды. Аудандық партия комитетінің пленум мүшесі Полатбеков — аудандық потребкооперация басшысы, аудан прокуроры Кайболдин, пленум мүшесі Бегишев үшеуі де сотталып кетеді. 1933 жылы аудандық партиялық бақылау комиссиясының шешімімен 159 адам зиянкес, жау элементі деп қуылып, сотталған, арасында колхоз, совхоз басшылары бар. Кінәлары жерді күрекпен саяз жыртқаннан егін шықпай қалған, егіндер кезінде жиналмаған. Қалай жиналсын, еңбек ететін адамдардың қырылып жатқанын сөз етпейді. Ашаршылықтан әбден күйзелген, балалары өлетін болған соң алдындағы отардан бір қозыны сойып, балалары мен әйеліне нәр болар деген үмітпен қазанға салып қайнатып жатқанда үй маңынан түтін шыққанын көрген бір белсенді колхоз бастығына хабарлап, милицияны ертіп шопанның үйіне келгенде қазанда пісіп жатқан етті көріп: «Оо, оңбаған, ұрлықшы, колхоздың малын сойып, жаудың ісін істеп отырғанын қарашы», — деп қазандағы етті итке тастайды. Әйелінің: «сорпасын қалдыршы айналайын, балаларыма нәр болсын», — деп жалынғанына қарамай жерге төгіп, шопанды ұстап алып кетеді. Сол ұл-қыз бен әйелдің келесі күні аштан өлгенін хабарлаған милицияның құжатын оқығанда есің ауып қалады. Қамбада ұн, бидай, өрісте мал жайылып жатқанда, халыққа бір түйір бидай бермей, қырылып жатқанын көріп отырған аудан басшылары, үкіметтегілер қалай ғана дәті шыдап отырған. Қазақтардың үндемей қырыла беруіне жол берген басшыларды жауапқа шақыратын бір адамның болмағанына жүрегің ауырады.

Сотталған, түрмеге жабылған… Неге, неге?!

1933 жылы егін орағы кезінде жиналған астықты сақтамадың деп қызылша совхозының, Сары-қасқа колхозының басшылары түгел дерлік зиянкестер, жаудың элементтері деп, бастауыш партия ұйымының хатшысы Сепкибаев, колхоз бастығы Қошметов, аудандық партия комитетінің уәкілі Баканов, қойма меңгерушісі Турункулов, колхоз комсомол ұйымының хатшысы Утегенов және басқалары партиядан шығарылып, сотталған. «За пятилетку» колхозының басшылары азық-түлікті ұрлағаны үшін түгелдей тағы да сотталыпты. Сельпоның қызметкері Жаманбаев екі әйел алған, зиянкес, ұрлықпен айналысқан десе, бригадир Оспанов ауылдағы елді жинап, үкіметке қарсы жасырын ұйым құрып, қарсылыққа шақырған, ең сорақысы осы ұйымға мүше болып аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы Исмаилов та кірген деп түгел айыпталып, сотталған. Аудандық Заготзерно мекемесінде өңкей зиянкестер, алаяқтар, жау элементтері жиналған деп түгел сотқа берілген. 1933 жылы «Көк өзек», «Свердлов» және Кеңес колхозында егін орағы сапасыз жүргізіліп, көп өнім далада қалған. Аудандық хатшы Сарсеков уәкіл Исмаиловпен келісіп, колхоздарға жоспарды төмендетіп бергені үшін екеуі де түрмеге жабылған. «Металлист» артелінің басқарма мүшесі Кузнецов астықты ысырап еткені үшін сотталса, қызылша-совхоздың директоры Васильевке қатаң сөгіс берілген. Ал сапасыз орылған егісте қалған масақты жинау үшін әйелдер бригадасы ұйымдастырылған, кейбірі бір уыс бидайды ышқырына тығып, үйіндегі балаларына апарып бермек болғандығы үшін тұтқындалған. Ал аудан прокуроры Қаратаев оларды босатып жібергені үшін өзі айыпталып, орнынан алынған. Кеңес үкіметінің жергілікті басшылары жәй колхозшылармен қатар билік басында жүрген біраз азаматтарды ұлтшыл деп айыптап, партиядан шығарып, соттаған. Солардың арасында прокурор Қайбардин, прокурор Қарашев сотта судья Гончаровқа: «Қазақтарды қудалап, жазықсыз айыптап, жұмыстан босатып, жауапқа тартуды тоқтату керек!» — деген сөзі үшін кінәлі болып сотталып кетеді. Сахстрой партия комитетінің хатшысы Сарыбаев завод құрылысына жауапты Лукьяненконы жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған, арақ ішумен айналысады деген айыппен партиядан шығарған. Аудандық партия комитеті Сарыбаевтің өзін ұлтшыл деп айыптап, партиядан шығарып, жұмыстан босатады.
Аудандық оқу бөлімінің бастығы Бельмұхамедов, горсоветтің төрағасы Умурзақов, аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы Полымбеков партиядан ұлтшыл деп шығарылып, сотталған. 1932 жылдан бастап, аудандағы көп істі «Троика» шешкен. 8 айдың ішінде 64 іс қарап, 54 адамның ісін прокуратураға тапсырған, 23 адамды партиядан шығарған. 1933 жылы 9 айда «Үштіктің» шешімімен 83 адам партиядан шығарылып, 23 адам сотталған, оның ішінде 19 адам жау элементі, үкіметке қарсы, 5 адам бай-кулак, 2 адам контреволюционер, екі әйел алған, ұлтшыл, алашордашыл, 36 адам моральдік жағынан азғындаған деген айыппен абақтыға жабылған. Осы үрдіс 1936-1937 жылдары шарықтау шегіне жетіп, халықтың бетке ұстар азаматтары ұлтшыл, алашордашыл, жапон тыңшысы, Рысқұловтың адамы деген айыппен атылды, жер аударылды. Қазақтың белгілі, атақты адамдарымен қатар, Әулиеата уездік алашорда комитетін басқарды деген айыппен Әзімхан Кенесарин, Дінмұхамед Әділов, Еркінбек Ақынбековтер және 7 комитет мүшесі атылып кетті. Сталин өлгеннен кейін ғана айыбы жоқ екен деп ақталып, есімдері елге қайтарылды. Тәуелсіздік алғаннан бері жоғалтқанымызды тауып, арыстарымызды ардақтаудамыз. Бұған да шүкіршілік. 1937 жылы халық жауы болып сотталған қазақтың бетке ұстар азаматтарының құрбан болғанына биыл 81 жыл толып отыр. Алаштың азаматтарының есімдерін ардақтап, еске алып, жастарға түсіндірсек, айтсақ, түрлі іс-шаралар өткізсек Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттердің орындалуына қосқан үлесіміз болар еді.

Москау Ноқрабеков

(24)