Сиқыр кесапатының тартқызған азабымен қалай күресеміз?

Сиқыр, қарғыс, дуалау деген сөздерді естігенде жан дүниең түршігіп кетеді. Біздің редакциямызға келген жас жігіттің өресі биіктігіне тәнті болдық. Қоғамымызда етек алып отырған осы лас нәрселердің халқымызға тигізіп жатқан орасан зияны туралы ол біздің көңіл көзімізді ашты. Бұларды тоқтату жөнінде арнаулы заң қажеттігін жеткізді ол. Егер біреулер асылып немесе өзіне өзі қол салса «Суицид» деп ол қара өлімді жылы жауып қоя саламыз. Оның себеп-салдарына үңілмейміз. Қазір «Суицид» етек жайып кетті. Әлемде алдыңғы орындамыз. Нұрмұхаммед есімді азамат жоғарыдағы айтылған нәрселердің осы зұлматқа қатысы барын дәлелдеді. Сіз бұған не дейсіз, ағайын!

Иә, осындайда ауыр ойға қаласың. Бақсы атаулының «дұға» дегені далбаса көрінгенімен, өмірде әлгіндей мысалдар қаншама! Бір күні құрбым газет бетіне апта сайын «ұнататын жігітіңде өзіңе қаратып берем» деген тақылеттес хабарландыру беретін бір орыс әйеліне хабарласып, оның пәтеріне мені де ертіп барды. Орыс әйелі карта ашып, құрбыма: «Басыңда сені күйеуге шығармайтын шеңгел бар. Соны алу керек», — деді. Содан соң бір келіннің тойда киген фатасын, жаңғақтың қабығын және өрмекші ұстап әкелу керектігін айтты. Құрбым әлгілердің бәрін орындады. Тек өрмекшіні ұстауға жиіркенді. Сөйтіп, өрмекшіні әлгі әйелдің өзі ұстайтын болды. Содан құрбымның аяғын суға салып, балшы әйел басына фатаны кигізіп қойып, дұғасын оқыды. Өрмекшіні жаңғақтың қабығына қамап, оны бекітті де, құрбымның мойнына асып берді. «Үш күннен соң шешіп, үйіңнің жанындағы ағаш түбіне көмесің», — деді. Құрбым осылардың бәрін де жасады. Күйеуге жылдам тие қойған жоқ. Бірақ, шыны керек, дұғаның пайдасы тиді ме, әлде өзінің тағдыры солай ма, әйтеуір, кеш те болса, тұрмыс құрды.
Құрбыммен барған жолы мен ол әйелге: «Сіз жігіттердің басын айналдыра аласыз ба?» — деп сұрадым. Сонда ол әйел ағынан жарылып, басты айналдырудың екі түрі болатынын айтты. Бірі — жай ғана жігітті қарату амалдары. Екіншісі — нағыз дұғалау екен. «Мен дұғаламаймын. Ол — үлкен күнә. Жасаған адам да, дұғаланған адам да зардабын қатты тартатын болады. мойныма ондай күнәні арта алмаймын, — деді. Десе де, мен адамдарды бір-біріне қарату үшін жақындастыру амалдарын жасаймын». Ол амалдарды жасау, турасын айтқанда, адамның басын айналдыру үшін тек қана фотосурет жарамайтын болып шықты. Су немесе арақ та көмектеспейді. Жасалған дұға сіңімді болу үшін құнарлы тағамдар, мәселен, ет, шұжық апару керек екен. Және оны әлгі адам бір рет емес, екі рет емес, аптасына бірнеше рет жеп-ішуі керек. Сонда ол кісінің басы арбалады-мыс. Балгер осындай қызық айтты маған.
«Ал мына бір жайт бәрінен де сорақы. Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығатын бір әпкем бар. Жас кезінде жүріс жүріп, істемегені жоқ. Ойнастан бала да тапты, отбасылы еркекпен де жүрді, бәрін істеді. Кейін әлгі әпкем біреудің үйленбеген жалғыз ұлына тиді де кетті. Алтын асықтан күйеу тапса да, ол жүрсін, жеңілтектігін қоймады. «Күйеуім мені ешқашан да тастай алмайды» дейтінін естіп қалатынмын арасында. Бірақ мән беріп көрмеппін. Енді бірде ол: «Мен кезінде күйеуіме етеккірімді орысқа дұғалатып, борщқа қосып бергем. Мұның басы әбден айналған. Ешқашан да кете алмайды», деді. Содан бергі өмірлері көз алдымызда өтіп келеді емес пе, дұғалағаны да оңбады әлгілердің. Алдымен күйеуі обыр ауруына шалдықты. Одан үйлерін сатып, басқа үй ала алмай далада қалды. Кейін күйеуі аурудан айыққандай болған. Бірақ біржола емес. Ауру салдарынан жұмыстың да оңай түріне ауысып, жалақысы азайып қалған. Әпкемнің өзі қазір обыр ауруының 4-ші сатысында жүр. Аурумен арпалысып өмірі өтіп жатыр.
Бұрындары жұрттан «бір тал шашын жұлып әкетіп дұғалатқызыпты», «кебісінің ұлтарағын оқытыпты» дегенді құлағым шалып қалушы еді. Соның бәрі тегін емес шығар деп ойлаймын. Расында да, дұға дегеннің жасала қалса адам тағдырына әсер ететіні анық сияқты.
Бірде ағамның пәтерін әктеп жүріп, жылытқыш батареяның қуысынан әйел адамның қызыл түсті іш киіміне оралған тұз тауып алғанмын. Содан бері сол үйдегі жеңгемнің өмірі тұздан да ащы болып кетті. Жеңгем ұл туа алмаған, тек жалғыз қызы бар еді. Ағамды ұнатып жүрген бір келіншек Түркістан жаққа барып бір емшіге ем-дом жасатып, аяғы ауыр болып, ұл тапты. Оның алдында оның туған әпкесі де сол емшіге барып дұға жасатқызып, ұл тауып, біреудің күйеуін тартып алған. Ақыры ағам ұл тапқан осы әйелді алды да, алдыңғы әйелі әлдебір улы заттан жұмбақ күйде уланып қайтыс болды.
Әулие Мәшһүр Жүсіп атамыз кезінде өзінің Ақзейнеп деген келініне: «Сыған деген көшпенді халық бар. Сол халықтың жасаған дұғасы ешқашан қайтпайды», — деген екен. Сол сияқты, қазақтың көп емшісінің басқа діннің адамы салған дұғаны қайтаруға қауқарсыз екенін айтқанын талай естідім. Орыстар дұғаласа да сығандардан кем түспейді екен. Орыстың дұғасын орыс қайтара алады-мыс. Татар дұғаласа да, тарттыратын зардабы аз емес дейді. Өйткені татарлар да құранды жақсы меңгерген халық.
Қазір кейбір адамдар «емшіге барып бойымды тазартып жүрмін» деп жатады. Дұрыс та шығар. Адамды қоршаған биошеңберді қалпына келтірген де жөн ғой. дұға дегеннің тегін емес екенін жоғарыдағы мысалдардан аңғардық. Ал дұғаны қалай кетіруге болады? нақты жауап айту қиын. Десе де, қолыңызға құран кітапты алып, соны рухыңызға тірек етсеңіз, бойыңызды таза ұстасаңыз, одан бір нәтиже шығары анық.

Нұр Мухаммад Егенбайұлы

(53)