Руза, саған айтарым: «Көпшілікпен бірге бол!»

Руза Бейсенбайтегінің көпшілік орындарда, трамвай, автобус ішінде орыс тілімен қатар мемлекеттік тілдің қолданылуын талап етуі орынды. Бірақ бұл мәселені қорқыту, қоқан лоқы жасау, ұрысу-керісу, қиғылық салу, өзім білем дегендікке салынып өршелене ұмтылу,жалғыз күресу жолымен емес, басқа қоғамдық ұйымдармен ақылдаса отырып (облыстық “Қазақ тілі” қоғамы, тіл жанашырлары, тіл басқармасы), кеңесіп барып шешетін мәселе деп білемін. Жуырда Павлодар қаласына барғанда №10 трамвайға міндім. Трамвай жүргізушісі кіріп жатқандарға қазақ, орыс тілдерінде: «Трамвай Кутузов көшесімен жүреді. Трамвай едет по Кутузова», — деп хабарлады. Тілі өте жатық. Қазақ жүргізушісі екен. Кондуктор орыс әйелі екен. Әдейі ақырын ғана: «ПГУ-ге дейін бара ма?» — деп қазақша сұрадым. Кондуктор: «Еще далеко, объявим», — деп орысша жауап берді. Түсінгеніне риза болдым. «Неге қазақша айтпайсың», — деп кінә таққан жоқпын. Өткен жылы Екібастұз қалалық «Қазақ тілі» қоғамының бір топ мүшелері идеологиялық жағынан ескірген көше аттарын қазақша жаңа атаулармен атау туралы қала әкіміне ұсыныс жасадық. Әрине, бұл мәселені мәдениет бөлімімен ақылдасып алдық. Қараша айында көше аттарын өзгерту бойынша «Қайнар» мәдениет орталығында көпшілік тыңдалымы болды. Отырған жерім жаңа атауға қарсы шығып, ширығып отырған өзге ұлт өкілдері (әйелдер) екен: «Ты смотри. Уже открыто рассуждают. Кто такой Бауыржан Момышұлы?» — деп ашық қарсылық білдіре бастады. Содан соң шыдай алмай: «Девчата, мы в каком государстве живем.? В государстве РК. Подвиг Панфиловцев под Москвой наверно, знаете…», — деп қысқа болса да нұсқа түсінік айттым. Бұдан соң әлгілердің екпіндері сәл болса да саябырлады. «Вот Алию знаем, Маншука тоже», — деген әңгімелерге көшті.
Айтарым, қорқыту, үркіту, айғай арандатуға апарады. Қоғамдық ұйымдармен, тіл жанашырларымен кеңесу, келісу нәтиже береді. Меніңше, Руза облыстың ішкі жағдайларын білмейтін баспасөз өкілдерін пайдаланып, жалғыз өзі қаһарман болғысы келетін де сияқты. Жападан жалғыз шығып: «Бақауов Мемлекеттік тілді қорлатпа», — деуі тіпті жөнсіз. Мен Екібастұз қаласында 1989 жылдан бастап, сол кездегі ел басқарған, қызмет істеген ел ағалары Түсіпхан Қасымжанов, Көбен Төлепбергенов, Халел Хамметов, Зейнолла Махметов, Октябрят Ағжанов тағы басқа жүздеген тіл жанашырларымен бірге «Қазақ тілі» қоғамын (1989) құрдық. 1994 жылдан 2004 жылға дейін төрағалық қызмет атқардым. 2016 жылдан бастап қайта жалғастырып отырмын. Көше аттарын өзгертуде, мектеп, балабақшадағы проблемаларды т.б. «ҚР тілдер туралы» заңына сәйкес шешуге тырысамыз. 1991 жылы 23 маусымда «Азат» қозғалысын құрыппыз. Бүгін өз архивімді ақтарып отырып, осы деректі таптым. Ареке, сіздің дерегіңізде сәл жаңсақтық бар. Сіз облыстық «Азат» қозғалысы 1992 жылы құрылды депсіз. Облыстық қоғам бізден бұрын құрылды. Азаттың Екібастұз бөлімшесін құруда, жарғысын жасауда, бізге ағайынды Қалиевтар, аяулы замадасымыз Бикеш Дурманова көп көмек көрсетті. Олардың бізге жазған хаттары, ұсыныстары, бағыттары, біздің құрған жоспарымыз, іс-шаралар, Алматыға құрылтайға, Ермак ескерткішін алуға Ермак қаласына барғанымыз, қала ішінде мектеп, балабақша сал, газет ашу, «Ата-мұра» орталығын ашу туралы құжаттар, ұсыныстар сол күйінде сақтаулы. Осы тәуелсіздік тұсындағы азды-көпті жұмыстарымызды айта беруді өзім онша қаламадым. Бірақ айту, жазу керек екен. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақ оны мүлдем ұмытады екен. Жуырда, 1992 жылы ашылған №22 қазақ гимназия мектебі өздерінің 25 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. 25 жыл жеткен жетістіктерін әдемі, әсерлі, көрнекті, көрікті жеткізді. Бірақ тәуелсіз алған тұста ашылған алғашқы қазақ мектебін салғызған кімдер, қай ұйым, қандай адамдар екені, олардың ерлікке парапар қайсар мінездері, істері айтылмай қалды. Осы бір игілікті, қиын да күрделі қазақ мектебін салу жұмысын сол 1989, 1990, 1991 жылдардағы қалалық атқару комитетіне, қалалық партия комитетіне ұсынған, сол ұсынысты үнемі назарда ұстап, үш жылға таяу уақытта, әзер дегенде «Экибастузшахтастрой» комбинатына салдырттырған қалалық «Қазақ тілі» қоғамы, тіл жанашырлары, №2 мектептің мұғалімдер ұжымы болатын. Айтарым, «Руза, Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес». Көппен, көпшілікпен адамсың. Болат Бақауов сияқты ісіне, сөзіне берік, іскер, тиянақты, саясаткер басшыға кінә тағуыңыз мүлде орынсыз. Шын ұлтжанды адам болсаңыз көппен бірге болыңыз дегім келеді.

Жұмағали Қоғабай

(32)