«БИЛ» шәкірттері көңілді күлкі сыйлады

Сәуірдің 7 жұлдызында Астанадағы «Қаз медия» орталығының концерт залында «Білім-инновация» лицейлерінің (бұрынғы ҚТЛ) арасында алғаш рет көңілді тапқырлар лигасының финалдық ойыны өтті. Кезекті өнер кешіне аймақтардан үздік шыққан 7 мектептің командалары, яғни, Семей, Алматы, Қызылорда, Жезқазған, Кентау, Орал және Есік қалаларындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының өнерлі жастары қатынасты.

«Көңілді тапқырлар лигасының негізгі мақсаты — бәсекелестік арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен сыни ойлау дағдыларын дамыту және дүниетаным, сыни, креативті көзқарастары мен рухани құндылықтарын өрістетін дағдыларды жетілдіру», —дейді шараны ұйымдастырушылар.
Аталмыш оқу орны қазірге дейін «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын өткізуді дәстүрге айналдырып келгені жұрттың есінде. Ал биылғы жылы олар әзілге де мойын бұрған екен. 8-11-сынып оқушылары қатысқан финалдық кезеңнің тақырыбы «XXII ғасыр жастары» деп аталды. Халықаралық олимпиадада білім жағынан топ жарып жүрген лицей оқушылары әзіл-сықақ кешіне жоғары дайындықпен келіп, өнерден де құр алақан емес екендіктерін дәлелдеді. Жас өрендердің сайысын тамашалауға арнайы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен шақырылған екен.


Республикалық сайыстың қорытындысы бойынша, Семей қаласының өрендері Sbil Gates командасы топ жарып, ауыспалы кубок пен қаржылай 400 мың теңге сыйлыққа ие болды. Екінші орын Жезқазғанның «Нағыз қазақтарына» бұйырса, үшінші орынға ару қыздардан құралған Алматының «Алқыз» құрама командасы лайық деп танылды.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, аталмыш кеште жиналған қаражат «Білім-инновация» лицейінің түлегі, Назарбаев университетінің студенті Азизат Гильмееваның еміне жіберіледі екен. Сондай-ақ кеш барысында ауыр дертті жеңіп шыққан Астана «Білім-инновация» лицейінің түлегі Сүлейман Демирел университетінің студенті Диас Осман өзінің алғысын білдіріп, емінен артылған қаражатты Азизаттың анасына табыс етті. Осы тұста тағы да «Жарқын болашақ» олимпиадасы еске түседі. 2008 жылдан бері қарай Халықаралық KATEV қоғамдық қорының тікелей қолдауымен жыл сайын өткізіліп, талай талантты жастың бағын ашып еді. Республиканың түкпір-түкпірінен іріктеліп шыққан жеңімпаздарға ЖОО-ның білім гранттарын тағайындауы «дәстүрге» айналдырумен қоса, гранттар санын жылдан-жылға арттырған болатын. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып өткізілген «Халықаралық тіл және мәдениет фестивалі» әлемнің 25 елінен лицейлердің түлектерін Қазақстанға әкеліп, қазақша ән салдырған еді. Сол білім бәйгелеріне Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Алтай Республикасы секілді көршілес елдерде өмір кешіп жатқан қандастарымыздың балаларына да қатысуға мүмкіндік беріп олардың Атажұртта білім алуына демеушілік танытқаны бар. Осындай игі шаралардың басы-қасында жүретін «Білім-инновация» лицейлері, осы жолы өз көрермендеріне күлкі силап, біліммен қоса, өнер саласынан да оза шаба алатын мүмкіндіктерін көрсетіп қайтты. Өнерлі жастардың келешегі тіпті де жарқын болғай деген тілекпен сахнаны қимай бізде қоштастық.

Ерқазы Сейтқали

(15)