Балам, көзің соқыр болып қалмасын!

Ой, заман-ай десейші! Институтта оқып жүріп үйге көзілдірік киіп келгенде әкем: «Балам-ау, сенде көзден айрылайын дегенсің бе?» — дегенде шошып кеттім. «Аға (атамның құшағында болған соң әкемді «аға» дейтінмін), көзілдірік көзді түзететін көрінеді, сен құсап алақанымды қалқалап тұрғанша көзімді түзетіп алайын», — дедім. Міне, сол көзілдірікті кигеніме елу жылдан асып барады. Маған мектепте жүргенде кию керек еді. Көзілдірік кигенді ол кезде өзіме бірдеңесі жетпей тұрған адамға санадым. Қайда барасың, мектеп өзімен, институтта көзілдіріксіз оқу маған мүмкін емес еді.
Әйтеуір, балаларымда да, немерелерімде де көзілдірік кигендері жоқ. Бірақ қазіргі теледидардан бастап компьютер, толып кеткен смартфон мен планшеттерді, оларға шұқшиып отырған балаларды көргенде бұлардың ертеңі не болар екен деген ой мазалайды. Мазалап қана қоймай, желкесінен ұстап қалада көшеге, ауылда далаға шығарып жібергің келіп тұрады. Біздікі мүмкін тұқым қуалағандық (атамның да, әкемнің де көз жанарлары нашар болатын) болар, ал, мына балалар өздеріне өздері істеп отыр ғой. Бірақ бұларда да кінә жоқ. Қазір компьютер, гаджетсіз өмір жоқ сияқты.
Міне, ағайын, заман өзгерді. Аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кетпегендердің өзі қазір компьютер мен ұялы телефонға, бір сөзбен айтқанда гаджеттерге үйір. Қызық көріп, оларды осыған үйретіп жүрген де өзіміз емес пе деген ой келеді. Балаларды интернет өнімдері өзіне тартқанымен оның пайдасынан зияны көп екенін екінің бірі біле бермейді. Мәселен, ғалымдардың, мамандардың айтуынша бос уақытын тек гаджеттермен өткізетін балалардың көру қабілетінің нашарлауына, тілінің дамуына, сабақ үлгерімінің төмендеуіне, жүйкенің жұқаруына, әлеуметтік бейімделмеуіне, әртүрлі ауруларға шалдығуына себепкер болады екен.
Қазақша айтқаныңнан орысша айтқаныңды тезірек түсінетін немерелеріме: «Глядя на вас, я думаю, что, живи дедушка Крылов сейчас, он написал бы басню «Мартышка и смартфон», — деймін. (Крыловтың «Мартышка и очки» деген мысалы бар ғой. С.Х.).
Республика денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша электрондық гаджеттердің оқушыларға әсері әлі толық зерттелмеген. Қазақстанда әрбір оныншы баланың көру қабілеті төмендеген. Әрбір бесінші бала миопиямен (алыстан көрмеушілік) зардап шегуде. Уақыт талабына сай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында білім беру саласында да цифрландыру мәселесі алға қойылады. Сонда қазіргіден де көбірек компьютер, ноутбук, электронды гаджеттермен жұмыс істеуге тура келеді.
Бұл көтеріліп отырған мәселе бір күннің немесе бір отбасының шешетін мәселесі емес. Оны көпшілік болып, ғалымдар, ұстаздар, тәрбиешілер, жалпы балалар мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдар болып ойластыру қажет. Әсіресе қала балаларының табиғат, жан-жануарлармен ара-қатынасы алшақ. Осыны да ойластыру қажет.
Ертеңімізді ойласақ әрбір ата-ана гаджеттердің пайдасымен қатар зиянының мол екенін ескеруіміз керек.
Француз философы, жазушысы Жан-Жак Руссо кезінде: «Балаң ақылды, әрі есті болсын десең, дені сау, мықты етіп өсір. Ол жұмыс істесін, әрекеттенсін, жүгірсін, айқайласын, тынымсыз қимыл үстінде болсын», — десе, жазушы және педагог Антон Макаренко: «Біздің балалар — біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие — болашақтағы қайғымыз, бұл — біздің көз жасымыз, бұл — басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз», — дейді. Есті сөз әмәнда ескірмейді.

Совет Хамитұлы

(24)