Төрт мезгілдің пайда болуы (ертегі)

Қызылорда облысының Қазалы ауданы, Әйтеке-би кентіндегі №249 мектеп-лицейінің 1 «Е» сынып оқушысы Ақерке Байқонысқызы өз шығармашылығы туралы біздің сайтқа аз-кем сұхбат берген еді.

«Мен 4 жасымнан бастап өлең шығара бастадым. Бес жасымда жол ережесі сайысына қатыстым. Өзімнің шығарған ертегілерім де бар. Солардың біреуін сіздерге оқып берейін. Төрт мезгілдің пайда болуы туралы өз қиялымнан шығарған ертегім еді.

Ертеде Жер деген ата-ана болыпты, ол барлық тіршілік иелерін құшақтарына басып аялайды екен. Оның 4 қызы болыпты, төртеуінің мінезі төрт түрлі. Төртеуінің мінезі төрт түрлі болса да, олар бір-бірінен асқан сұлу екен. Бірінші қызы өте қатал, ашуланшақ. Ол ашуланса оған ешкім қарсы келе алмайтын болыпты. Сондықтан оны ел Қытымыр қыс деп атапты. Екінші қызы өте сұлу және ерке мінезді екен. Айналасына шуағын шашып, үнемі күліп жүрсе де көңіл күйі түсіп кетсе көзіне жас үйіріліп, жылай бастайды екен. Сондықтан оны Көрікті көктем деп атапты. (Көктемде көп жауын-шашын болатыны ерке қыздың көңіл күйімен байланыстырады біздің халық). Үшінші қызы өте көңілді жүретін, ешқашан мұңаймайтын, жайдары мінезді екен. Жан-жағына шуағын шашып, мейрімін төгіп жүретін болғандықтан, оны халық Жайдары жаз деп атапты. Төртінші қызы сүйкімді болуымен қатар, қолындағы барын айналасындағы адамдарға таратып бергенді жақсы көретін болыпты. Осы мезгілде адамдар молшылыққа кенеліп, өнімдерін жинайтын болған соң, Алтын күз деп атап кетіпті», – деп ертегіміз бітеді.

Анасының айтуынша, кішкентай кезінде қуыршақтарымен ойнап отырып, олармен жиі диалект құрады екен. Қызының бұл қылығына алаңдаған анасы тіпті психологка апаруға да әрекет жасапты. Алайда, қызының бұл қылығын кейін шығармашылыққа деген ықыласы екенін түсіндім дейді. Қазірде Ақерке қыз түрлі байқауларға қатысып, бағын сынап, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр.

Кішкентай ғана сәби жүрегімен болашақта шығармашылықтың шыңын бағындырғысы келетін өнерлі қызға біздің ұжым тек сәттілік тілейді!

Дайындаған: Айман Рамзия

(16)