Ауыл мешіті 6 баласы бар анаға қалай көмектесті?

Адам баласы өмірге келгенде білім алып, жұрт қатарлы отбасы құрып, бала-шағалы болуын армандайды. Әрине осы арманға жету оңай емес екенін бәріміз білеміз. Қазіргі адам баласы 3 түрлі топқа бөлінеді. Бірінші топ олар қымбат автокөлік мініп, қабат-қабат үй салып, тіпті болмаса 2-3 тоқал алып жүргендер, олар жанында басқалар бар ма, жоқ па оған көңіл аудармайды. Өйткені өзі тоқ, уайымы жоқ, төменгі қатарлы адамдар адам емес сияқты. Екінші топ азды-көпті малы бар аз шаруамен күн көріп, алдыңғы топқа қалай жетемін деп армандаған адамдар. Сонда үшінші топ не істемек? Тұрақты жұмысы жоқ. Жұмыс болса жалақы басына тартса аяққа жетпейтін ескі көрпе сияқты. Әрине кедейлерге көмектесетін бай адамдар жоқ емес бар. Алладан, адамнан сауап-рақметін алып жүргендер деп Жантілеуов К., Жолдаспаев С., Маликов А., Абдулов М., Рамазанов М. сияқты азаматтарды атауға болады.
Біздің мемлекет өте бай мемлекет, соған қарамастан қарапайым халықтың тұрмысы сын көтермейді. Заң жобалары қабылданып халыққа жан-жақты көмек көрсету міндеттеледі. Бірақ сол заңдар орындалып жатыр ма? Қазақ халқы ежелден дін жолын, салт-дәстүрін қадірлеген. Сондықтан бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, ананы құрметтеу сияқты діни, имани ұғымдар ата-бабамызда қалыптасқан. Осы орайда мешітімізге 6 баланың анасы, алтын алқа иегері Балтабаева Алмагүл келіп, өз үйінің суық екенін, көмір алатын қаржысы жоқтығын айтып мешіттің бас имамы Шакенов Өсербай Абдрахманұлына өтінішін, мұң-мұқтажын жеткізген еді. Мешіттің ақсақалдар алқасы жиналып өтініш иесін ортаға алып, қалай көмек беру керектігін талқыға салды. Көпшілікпен ақылдасып көп балалы ананың отбасына екі тонна көмір, 10 мың теңге ақша беруді ұйғарды. Бұл қайырымдылық әрқашан мұсылман қауымға парыз сияқты. Дегенмен қайырымдылық бір күннің ісі емес жалғаса беру керек. Мешіт Алланың үйі болғандықтан әр уақыт көмек сұрап келушілер көп, алайда сол келген азаматтар бос кетпей көмек алып, ризашылығын білдіріп жатады.
1-Наурыз — алғыс айту күні, сол күнде нашар отбасыларына дастархан жайылып дұға оқылады. Жақында бас имам Шакенов Өсербайдың басшылығымен ауыл молдалары 3 күндік семинар-кеңеске жиналды. Ондағы басты мақсат жер-жерде болып жатқан лаңкестік жағдайлар елімізде болмауын дін басшылары, көпшілік болып жан-жақты үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жастарды дін исламға тарту, намаз оқып Аллаға құлшылық жасау. Бабамыз Айтеке би: «Бақыт деген құс, тақ деген түс, байлық деген мұз, мәңгілік қалатын өмірде қайырымдылық адал іс», — деген екен. Ендеше ағайын үлкеніміз-кішіміз, мансап-дәрежеге қарамай осы бабамыздың алтын сөзін өмірге жан-жақты пайдаланып бір Аллаға тағзым етейік. Аудан халқы 98% мұсылман болғандықтан жұма күні намазхандар мешітке сыймай кетеді. Жастар бас имам Шакенов Өсербайға Солтан Зейноллаұлының, Аслан Құлмұқан Бауыржанұлының уағыздарын тыңдап өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алады. Осындай игі істер бір ауданда емес елдімекендерде болып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Құрметті ағайын шариғат жолдарын бұлжытпай орындап ертеңгі күнді де еске алған жөн. Дін ислам қуатты болсын!

Дәуренбек Ғалымұлы,
СҚО, Уәлиханов ауданы, Кішкенекөл ауылы

(21)