Мединститутты қазақыландырған Арғынның еңбегі неге еленбейді?

Біле-білсек, тарих шежіресінің парақтарына тереңірек үңілсек, қазақтың ұлағатты Алаш ардақтыларының түбіне қарадүрсін білімсіздіктердің надандығы жеткені белгілі, бірақ өкінішке орай біз айбынды арыстарымыздан «қапыда» айырылып қалсақ та, әлі күнге дейін мұндай «бағасы берілмеген» қателіктерден, ұсақталғандығымыздан тиісті қорытынды шығара алмаған секілдіміз?!
Біз бүгін сөз еткелі отырған мәселеміз, басты кейіпкеріміздің елеусіз қалуы туралы бүгін сөз еткелі отырмыз. Ол Алматы медицина университетінде
орын алған болатын.

Ұлттық үлес салмағы 3-5 пайыздан 65 пайызға дейін

Менің «қазақ медицинасының бастауында тұрған тұлғаның елеусіз қалуы ойландырады» деген шағын мақалам 2014 жылдың желтоқсан айында «Алматы ақшамы» газетінің бетінде жарық көрген еді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Бүгін қайта оралып отырмын.
1962 жылдан 1969 жылға дейін Алматы медицина институтының проректоры қызметін атқарған, сол кездегі Қазақ КССР ғылым академиясының «Құрметті академигі», медицина ғылымының докторы, профессор Арғын Сүлейменов туралы жазылған еді. Ол проректор қызметін атқарған осы жылдарда, Алматының медицина институтында жұмыс істейтін қазақ ұлтының үлес салмағы 3-5 (бес) пайыздан 65 (алпыс бес) пайызға дейін өскен. Соңында, 1969 жылы Арғын ағаның үстінен түскен «домалақ» арыз хаттың кесірінен Мәскеуден тікелей тексеруге келген комиссияның нәтижесінде лауазымды қызметінен қудаланып, өзінің таза білімінің арқасында институттың хирургия кафедрасын басқарады.
Қысқасы, ұлтжандылықтың ұлы мұратын көрсеткен, өмірінде 5 доктор, 12 кандидат дайындаған тұлғаға қала әкімшілігінен көше атын сұрап, хабарласқан едік. Әкімдіктегілер ол үшін өзі қызмет атқарған медицина институтынан жазбаша түрде «Өтініш хат әкелуді талап етті. Осыған байланысты мен Алматы мидицина университетінің басшылығына барып, сол кісінің нұсқауымен университеттің «Ағалар кеңесіне жолықтым. Обалы не, «Ағалар кеңесінің» Төрағасы мені ашық-жарқын көңілмен қарсы алды. Сөз арасында Арғын ағаны білетінін, ол кісінің жақсы адам болғанын айтып қалды. Сөйлесіп отырып Арғын Сүлейменовтың маған қаншалықты жақын екендігін де сұрастырып жатты. Мен ол кісіні мүлдем танымайтындығымды айттым. Алайда маған ол кісінің ұлтжандылығы мен өзінің ұлтына деген риясыз қамқорлығының қатты ұнағанын жеткіздім. Қазір Қазақстан республикасындағы барлық емханалардағы қаракөз ақ халаттылар үшін, ұлтына жаны ашитын мыңдаған қазаққа көмектескен тарихи тұлғаларға қарыздармыз.
«Мұндай ресми шараларды жалғыз мен шешпеймін ғой» — деп, университеттің «Ағалар кеңесінің» Төрағасы менімен келісетінін сыпайы түрде жеткізді.
Кейін, апта сайын хабарын біліп тұрдым, бір айдан астам уақыт ішінде «Ағалар кеңесінің» де жауабын алдым.
Бірақ университеттің бұл мәселені ұзақ талқылаған «Ағалар кеңесінің» көшенің орнына мидицина университетінде белінен «бюст» орнатылсын деген шешімі көңілге қаяу түсіргендей болды.

Айлап сабылтқан хаттың сарсаңы

Оңтүстік астана Алматыда «Борзава, Казакова, Боткина, Павлодарская, тіпті Мочалова…» деген басқа тілдегі көшелер толып жатса да, Тәуелсіздігіміздің арқасында әкімдіктен алаштың бір Арысына көп көшенің бірін сұрауға талап етпегендері менің жүрегіме қатты батты?!
Ерте кезде Арғын Сүлейменовтей ұлтжанды ағамыздан дәріс алған бір шәкірті, енді бірі інісі болған осы «Ағалар кеңесінің» қазіргі бұл шешімін, қалай «ұсақталып» бара жатқанымыздың бір көрінісі демеске шара бар ма, айтыңыздаршы?!
Мен Алматы медицина универ-ситетінің «Ағалар кеңесінің» шешімінен кейін, «бір парақ қағаз үшін» осы университеттің басшылығының алдына, айтылған дәлелдеулеріммен тікелей қайта шықтым. Ол кісі менің уәждерімді мұқият тыңдап болған соң «Сіз, осы маған айтқандарыңызды қайтадан қағазға түсіріп, жіберсеңіз, содан кейін біз бір шешім қабылдайтын боламыз» — деген соң, мен бір-екі аптаның ішінде хатты әкеп бердім.
Менің жазғанымды оқып көрген университеттің Басшылығы: «сіздің мына жазғаныңыз Алматы қаласының әкіміне қалай қызмет етіп, өмір сүру керектігін үйреткендей екен, аса қатты емес, кішкене жұмсақтау етіп жазу керек еді», — деген өзінің пікірін білдірді. Ол өз қызметкерін шақыртып алып, осы «хатты» қала әкіміне «осылай дайындаңыз», — деп өз ойын айтты. Сөйтіп, мені «хабарласып тұрыңыз», — деп шығарып салды.
Мен бір айдай уақыт өткен соң қайта бардым. Сөйтсем лауазымды қызметтегі бұл кісі де, тіпті тапсырған адамы да, менің бұл тілегімді орындамақ түгілі ұмытып та кетіпті. Сонда бұл өткен тарихымызға деген немқұрайдылық па, жоқ әлде, өткен тарихи тұлғаларға деген немкеттілік пе?!
Әрине, мені көргеннен кейін университеттің басшылығы жазған хатымның табылмай қалғанына қапаланып, менен ұялып, тәрбие көрген тектіліктен болар кешірім сұрап, енді осы алдында жазылған хатымды кішкене «жұмсартып», өзімнің қайта жазып әкелуімді өтінді.
Сөйтіп мен қайта жазып, бастыртып апардым. Осындай өзінің туған халқына адал қызмет еткен тарихи тұлғалардың соңынан іздеу салатын тек «туғандары» ғана болу керек пе?
Меніңше, мұндай адамдардың артынан ізденетін «туғаны» болмаса да, атаусыз қалуы мүмкін емес.
Миллиондаған қазақтың мүддесі үшін «олжа» салған, сол үшін табанды түрде қызмет еткен адамның елеусіз, ескерусіз қалуы, атпал азаматтар үшін сын дегім келеді.
Қайта жазылған хатты кеңседегі қызметкеріне беріп жатып, маған тағы біраз «жұмсарту» керектігін айтты. Біз бұл талапты сол арада орындадық. Университет басшылығы бұл жазылған хатқа сол жерде қол қойып берді де, кеңседегі қызметкеріне қалалық әкімдікке тіркеп, жіберуін тапсырды.
Алайда бұл «аманат» әлі де болса өзінің «бақытты күнін» күтіп жатыр. Себебі қалалық әкімдіктен бұл тілек 2018 жылдың көлемінде орындалуы мүмкін деген жауап алған едік.
Мен «Ағалар кеңесінің» шешімінен кейін осы университеттің мұрағатына соғып, қалалық әкімдіктің талап еткен барлық құжаттарын алдым. Сөз арасында университеттің «Ағалар кеңесінің» неге мұндай шешім қабылдағанын да сұрадым. Орыс тілді мұрағат директоры, университеттің «Ағалар кеңесін» Арғын Сүлейменовті жақсы кісі деп мақтағанымен, «ол уақытта бұл кісі секілді медицина ғылымының докторы профессорлар көп еді», — деген екіұштылау, немкеттілеу жауап берді. Қысқасы орыс тілді болғандықтан болар А. Сүлейменовті сондайлық білмейтігін білдірді.
«Шымкенттен Жәнібек Жұмаділдаев-ты, Қызылордадан Қалдан Төлеуовты, Нарынқолдан Жамбыл Сағатбаевты, Қарағандыдан Аман Нұрмақовты, Жамбылдан Меліс Рақметовты тағысын тағы мыңдаған студент жастарды білім соқпағына түсіріп, ғылым даңғылына жол ашқан осындай ардақтымызды неге құрметтей алмай жатырмыз?» — деп едім.
«Неге құрметтей алмай жатырмыз? Барлық құжаттарын мұрағатқа қойып, құрметтеп жатырмыз. Алайда Қалдан Төлеуовтың бұл жерде Арғын Сүлейменовке қандай қатысы бар? Ол Ресейде оқыды ғой?» — деп маған орысша қарсы сұрақ қойды. Соған қарағанда ол кісі өзіне таныс емес Шымкенттегі Ж. Жұмаділдаевқа Арғын ағаның екі жылда екі рет хат жазып, Татарстанның Қазан қаласында қазақтың медицина институтының «мақсатты аспирантурасының» ашылғанын хабарлап, соған баруын сұраған, сөйтіп жас жігіттің өмірін 180 (жүз сексен) градусқа бұрған да, Қ. Төлеуовты Қызылорда қаласынан Ресейдің Пермь қаласына жіберіп, шет жақтан білімін алсын деп, соған жағдай жасаған да, университеттің қазіргі «құрметті профессоры» атағын иеленген А. Нұрмақовты алғашқы аспиранты етіп алған да, тағы басқа көптеген студенттерге талай «қамқорлықтың» үлгісін көрсеткен де осы Арғын Сүлейменовтей ағамыз болатын.
Университеттің мұрағат директоры, медицина ғылымының докторы, профессор орыс тілді ханым да, шамасы «Арғын аға есімінің» негізін түсінбегенін білдік.

Арғын Сүлейменов қандай тұлға еді?

Арғын Сүлейменов ағамыз өткен ғасырдың 60-шы жылдардың ортасында, Кеңес үкіметінің осы саясатына қарсы шығып, «жасырын түрде» елеулі еңбек етті. Арғын ағаның көрегенділігі сонша, сол кездің өзінде-ақ Олжас Сүлейменовтің «кім екенін танып», бірінші болып қарсы шығып, «сен Олжас Сүлейменов болсаң, мен Арғын Сүлейменовпін», — деп бірінші болып кеңсесінен қуып шыққан да осы Арғын Сүлейменов ағамыз болатын.
Мен бұл мәліметті Арғын Сүлейменовтің «екінші» аспиранты, медицина ғылымының кандидаты, доцент жамбылдық Меліс Рақметовтен естіген едім. Ол өзінің ұстазының қайраткерлігі мен білімін жоғары бағалап, ол кісі үкімет түгілі мемелекетті басқара алатындай денгейдегі адам екенін дәлелдеп, Арғын Сүлейменов ағамызды «тар шеңберде қалған — Тұлға!» — деп суреттеген еді.
Мен Арғын ағаны зерттеп жүрген кезімде, бір орыс азаматына жолықтым. Сол уақытта, ол да Арғын Сүлейменовтің «адамды тани білетін көрегенділігін» мақтанышпен атап өткен еді.
Арғын аға сол орыс жігітін шақырып алып, «өзің ойлан, сенің келешегің «хирургияда» емес, «тіс дәрігерінде» деген екен. Мен ол кезде «хирург» болған керемет», — деп қызығып жүрген едім. Бірақ ол кісі менің неге икемді екенімді, нені қалайтынымды сол кездің өзінде-ақ білген секілді. Егер мен сол уақытта «хирург» болып қалған болсам нашар хирург болар едім, себебі мен ол жұмыстан жалығып кететінімді енді ғана білдім», — деп өзінің ол кісіге деген шынайы ризашылығын білдірген еді.
Менің осы жазғандарыма дәлел ретінде «халық жауы» болған Алаш Арыстары мен «ашаршылық» туралы мына бір естелікті еске түсіргім келеді.
Арғын Сүлейменов ағамыз естелігінің бір тұсына 1931-1932 жылдары «Ноғайсібір» қаласында жас студент кезінде, бір қазақ жігітінің базардан бәлішті ұрлап кетіп, жұрттың бәрі жабылып ұрып жатса да аузынан нанды тастамай жұлып жеп жатқанын, «бұған енді кім кінәлі?» — деп осындай бір сұмдық көріністі өз көзімен көргенін «өкінішпен» білдірген.
Павлодар облысының аймағындағы қазақ халқынан шыққан тұңғыш «Фельдшер» қызметін атқарған, кейін «халық жауы» атанған өзінің әкесінің де тым болмаса сүйегінің қайда қалғанын таппағанын да тебірене жазады.
Біздің Арғын ағаны осылай өз «дәрежесінде» құрметтей алмай жатқанымыз, бұл да тіл білмегендіктен, тілдің қасиетін, тілдің құдіретін түсінбегендіктен, адамды қадірлеп шынайы «бағалауға» жете алмай жатқандықтарымыздың өзі осылай «ұсақталып» кеткеніміздің тағы да бір белгісі дер едім.
Арғын ағаның бұл ғұмырнамасы ұлтжандылықтың ұлы «мұраты» мен оның «азабы» қандай екенін де, адам тағдырының күнгейі мен теріскейін ақыл таразысынан көп өткізе білгендіктен, замана шындығына сәйкес өскелең ұрпақ өнеге тұтатын тұстары да көп еді. Соның бірі ретінде айтарым, Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамған сол кезеңнің өзінде медицина ғылымының докторы Естөре Оразақовпен бірге таза қазақ тілінде дәріс беретін «топ ашып», сабақты ресми түрде жүргізуге рұқсат алғанның өзі неге тұрады?
Қазір, Тәуелсіз қазақ елінің өзінде Алматының медицина университетінде қазақ ұлты үшін осындай іс-әрекеттер, қазақ ұлты үшін осындай игі бастамалар неге жоқ?
Мен де өзімді осы жарты ғасыр бойы «қазақ» халқының мүддесі үшін ат салысып келе жатқандықтан қазақтың бір «жоқтаушысындай» сезінетін едім, бірақ Арғын ағаны білгеннен бері олай ойлаудан да сап тиылып, тіпті бұлай ойлаудың да ерсі екенін түсіндім. Себебі біздің бәріміз қазір ақиқатын айтқанда, «қағаз» жүзінде, «сөз» түрінде мақтаныш ретінде патриот секілдіміз.
Мүмкін, енді, үкіметтің өзі ұсынған «Рухани жаңғырудың» аясында ұмтылатын шығармыз, тіпті көркейетін де шығармыз, ылайым солай болсын дегім келеді.
Алайда біздің гүлденуіміз үшін ең бірінші «ірілік» керек, сонан соң бір-бірін силаған, құрметіне ту бие сойған ежелгі ата-бабаларымыз секілді, бір-бірімізді көзіміздің қарашығындай «бағалай» білуіміз керек.
Бұл әрине, біле білгенге «құрмет» қана емес, сонымен қатар сүйекке таңба салмаған таза бауырмалдық пен абыройын жерге төкпеген шынайы қамқорлық екенін де баса айтқым келеді.
— Нағыз қаламгер қоғамның тамыршысы! Туған халқын кеселден, кесепаттан сақтаушысы, зұлмат қасіреттен қорғаушысы, — деп білер едім.
Менің де бар айтпағым осы. Ал қалалық әкімшілік осындай Тұлғаға бір көше қимағаны көңіліме қайта-қайта қаяу сала берді. Сіз қандай сезімдесіз?

Асқар Сәрсенбай,
Жазушы-әлеуметтанушы

(12)