АҚШ Ресейдің 60 дипломатын елден аластады

Reuters басылымы: «АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияда БТБ-ның бұрынғы полковнигі Сергей Скрипальдің улануына байланысты ресейлік 60 депутатты елден шығаруға шешім қабылдады. Елден шығарылғандардың арасында БҰҰ жанындағы миссияны орындау үшін жүрген 12 «ресейлік барлау офицері» бар. Сонымен қатар Сиэтлдегі Ресей консульдығы жабылады. Ақ үй мұны сүңгуір қайық және Boeing компаниясының базасы осы мекемеге жақын болғандықтан жабамыз деп түсіндірді», — деп хабарлайды.

ТАСС агенттігі болса: «АҚШ әкімшілігінің ресми өкілі журналистермен телефон арқылы өткізген брифинг барысында Вашингтон «Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту үшін ынтымақтастық жасауға дайын. Тек бұл ресейлік үкімет өз әрекетін өзгерткеннен кейін ғана мүмкін болатынын» айтты. Сонымен қатар АҚШ-тағы Ресей елшісі Анатолий Антонов Ақ үйдің шешімінен хабардар екенін жеткізді», — деп мәлімдейді. Ақ үй Біріккен Корольдіктің Скрипальді улаған заттардың бөлігін Ресейге жібермеу туралы шешімін қолдады. АҚШ тарапы удың үлгілерін Ресейге берсе, оның шынымен қайдан шыққанын анықтауға кедергі келтіреді деп есептейді. Дипломаттарды шығару туралы шешімді растап, бас консулдықтың 30-ы наурызда жабылатынын мәлімдеген АҚШ-тағы Ресей елшісі А.Антонов: «АҚШ өзі «дымы қалмаған» ресей-америкалық қарым-қатынастың шегіне жетіп отыр. Енді бұған Мәскеудің де нақты жауабы болуы керек», — деп ескертті. Еске салсақ, Сергей Скрипаль мен оның қызы 4 наурыз күні Солсбери көшесінде ес-түссіз жатқан күйінде табылған. Кейінірек, олардың өте күшті затпен уланғаны белгілі болған. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй бұл іске Ресейді ресми түрде айыптаса, Мәскеу бұл айыптауды жоққа шығарып, «жалған деректер саусақтан сорып алынған» деген уәжді алға тартуда. Бұл мәлімдемені Риа Новостиге берген сұхбатында «Новичок» әзірлеушілерінің бірі Леонид Ринк: «Басты тергеу басқармасының экс-полковнигі Сергей Скрипальді британиялық мамандардың өздері-ақ оп-оңай улауы мүмкін. Себебі британиялықтар А234 затына теңестіретін «Новичок» химиялық қару жүйесін әзірлеу технологиясы тек кәсіби мамандарға қолжетімді. Оны кейін кез келген химиялық корпорация жасай алады», — деп отыр. Тереза Мэйдің мәлімдемесіне қолында еш айғақты дерегі жоқ болса да, Ақ үй басшысы да құлай сеніп, қатаң шараға баруға шешім қабылдаса, соны күтіп отырған оның жандайшаптары ЕО-ға кіретін 15 ел де осындай шешім қабылдап үлгіріпті. Олар да өз елдерінен Ресей дипломаттарын қумақшы, бірақ, АҚШ-тағыдай жаппай емес, бірді-екілеп. Есесіне, сол ЕО-ға мүше тағы 12 ел бұл шешімді қолдаудан бас тартқан. Соған қарағанда, АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейге қысымды күшейтіп, оны әбден тұқыртуды алдарына басты мақсат етіп қойып отырғандай. Құрбандыққа шалынған тоқты да жаны шығарда тұяғын бір серпитіндей, бұл әрекеттердің Ресей тарапынан жауапсыз қалмасы анық.

Ермек Назым

(25)