Әуезовтің батасын алған Жарасбай

Кең-байтақ Қызылжар топырағынан талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, батырлар, ақын-жыраулар шыққан. Десек те олардың қарасы онша қалың емес. Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырда ақын Жарасбай Нұрқан да бар. Ол көзі тірісінде оқырмандарға «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала» және тағы басқа да жыр жинақтарын сыйлады. Ақын ағамыздың артына қалдырған мұрасы да соншалықты мол екен. Бертінде ақынның жары Қазина жеңгеміздің құрастыруымен жарық көрген «Қызылжар», «Көкжиек», «Замана үні» жинақтары осыны айғақтайды. 

Шалғай-дағы ша-ғын ауылда өмір есігін ашып, қызмет баспалдақтарымен Астана төріне кө-терілген, қаламгерлік қарымымен бүкіл елге танылған Жарасбай Әнәсұлының жүріп өткен жолы тағылымды. Оның орта мектепті «Алтын медальмен» тамамдап, «Мұхтар Әуезов лекция оқиды екен» дегенді естіп, құжаттарын Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне тапсыруының өзі болайын деп тұрған баланың ісі емес пе?!
Өзінің айтуына қарағанда, Жарасбай ағамызға ақындық анасының ақ сүтімен дарыған. Тағдырдың жазуымен анасынан 4-5 жасында жетім қалған ол атасы мен әжесінің бауырында өсіп, жасынан зерек болып, тырнақалды өлеңдерін мектеп қабырғасында жүргенде жаза бастайды. Ал студент кезінде «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде өлеңдері үзбей жарияланып тұрғанын білеміз.
Менің Жәкеңнің шығармашылығымен таныстығым сол жылдары басталған еді. Басында оның жырларына назар аударуыма екеуміздің аттас болғанымыз да әсер еткен шығар-ау. Кейін оның өлеңдері қарапайым да ырғақты, көркем бояулары, қою жырлары теңеулерінің әсемдігімен, ұйқастарының шеберлігімен ерекше баурады.
Иә, өмір жолы оны адастырған жоқ. Өзі журналистерге берген бір сұхбатында айтқандай, Мұхтар Әуезов сияқты ғұламамен араласу бақытына ие болды. «Ақындық талабың мен талантың бар екен. Көп оқы, өмірді таны, сонда ғана жақсы ақын боласың», — деген ұлы жазушының ұлағатын өмір бойы жадынан шығарған емес. Университетті үздік бітірді. Жанашыр ұстаздары: «Алматыда қал, ғылыммен айналыс», — деп ақыл қосқанмен, туған ауылына оралып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Ол қандай қызметте жүрсе де шығар-машылықтан қол үзбеді, жүрек таңдауын өзге салаға айырбастай алмады. «Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын». Бұл — Жәкеңнің өз сөзі.
1965 жылы белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаров шақыруымен «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасты. Оның әр алуан тақырыпта жазған мақалалары жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның ара жігін ажыратып, салмақты сөздің саралануына, әділдіктің үстем құруына салған даңғыл жолдай еді. Көп жылдар облыстық басылымда, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде журналистік қызмет атқарды. Атқара жүріп қаламынан адам таңдай қағатын тың дүниелер, мәйекті мақалалар тудыра білді. 1981 жылдан бастап баспагерлікке ауысып, «Өнер» және «Жазушы» баспаларында аға редактор болды.
Оның публицистикалық шығармалары, очерктері мен суреттемелері, арнау, дастандары мен толғаулары, әзіл-сықақ шымшымалары және де балаларға арнап жазған туындылары да талғамы биік оқырманның көңілінен шыққанын айту ләзім.
Біз Жәкеңмен бертін кездестік. Елге келген бір сапарында туған ауылы Көктерекке жолсерік болып бірге барудың сәті түсті. Көп әңгімелестік. Сыртта жүрсе де, туған өңіріндегі жағдайға қанық екен. Содан кейін біз жиі болмаса да хабарласып тұрдық. Жәкең туған тіліміздің нағыз жанашыры еді. Сол тілдің жайын айтамын деп билікке ұнамай қалған кезі де болған. «Тіл ұстарту» деген өлеңінің біраз дүрбелең туғызды. Сонда билікке ұнамаған мына жолдар екен:
— Балам еркін білмейді бабам тілін,
Нансаң, соған жүрегім тілім-тілім.
«Әке» деуге аузы қиналғанда
Ұнатпай да қаламын ұлым түрін.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында ақын Жарасбай Нұрқанның «Нұрлы терезе» деген жинағы жарық көрді. Алақандай ғана кітап, бірақ іші жылы жырға, нұрлы сырға толы.
2012 жылы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешенінде тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Азаттықтың азапты жолы» атты көрменің және «37 жыл. Ерте солған гүлдер» бейне-баянының, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «ALASH – ALZHIR» екі томдық кітабының тұсаукесерлері өтті.
Осы шараның ең әсерлі сәті Жарасбай Нұрқанның сөзіне композитор Ерсайын Нарымбаев жазған «37 жыл. Ерте солған гүлдер» әнінің тұсаукесері болды десем, артық айтқаным емес. Ән әуені жиналғандарды бірден өзіне еліктіріп, қатты толқытты, тебірентті. «Ерте солған гүлдер» 37-ші жылдың қасіретке толы дүрбелеңіндегі әр адамның көңіліндегі айықпайтын мұң мен шерге толы күйін дөп басқан.
Осы кездесуде Жәкеңді мен жаңа бір қырынан танығандай болдым. Бұл шығарма ақынның бүкіл болмыс-бітімінің, өмірлік ұстанымының айнасы іспетті.
Бізде ақын көп. Бірақ солардың бәрінің жырлары халық айтып жүретін әндерге айналмайды. Ал Жәкеңнің «Туған аймақ» өлеңіне белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов ән жазған. Бұл ән халыққа Роза Рымбаеваның орындауында жетті. Кейін Жарасбай Нұрқанның өлеңдеріне Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Әшірхан Телғозиев, Алмабек Мейірбеков, Қадыр Адамбалинов, Жоламан Тұрсынбаев, Қасен Қожа-Ахмет, Гүлмайдан Сүндетова, Ақынай Шомытов, Болат Құсайынов, Қалқаман Жүнісбеков ән жазды.
Жаңа ғасырдың он бірінші жылында мәңгілік сапарға аттанған оның артында өлмейтін сөзі, өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпірі, гауһардай жарқыраған өлең-жырлары, асыл сөздері қалды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Солтүстік Қазақстан облыстық
филиалының директоры

(20)