Қазақ қашан, қалай, қайдан пайда болды?

Қазақ қашан, қалай, қайдан пайда болды? – деп саралаған ғалым оның болашағына да зер салады.

Біз, бүгінгі таңда моральдік-рухани құлдырау «бар» деп айта аламыз. Ол, біріншіден, бұрын «ариф-метикалық» (шамамен бағдарланған) прогрессия өсетін болса, қазір «геометриялық» (шамамен бағдарланған) прогрессиямен өсу үстінде. Сондықтан да құлдырау ішінара, аймақ бойынша, бірте-бірте өршіп келеді.
Екіншіден, оның нақты өмірдегі мысалдарын көптеп келтіруге болады, мұны кез келген тұлғаның өмірлік уақыты бойынша да аңдауға болады: қылмыстардың санының артуынан, мұнафықтардың көбейе түсуінен, діни экстремизм мен терроризмнің кең қанат жаюынан, жанұялық қатынастардың іргесі сөгілуінен т.б. анық көруге болады. Қазіргі кез келген ересек адам өзінің балалық шағындағы қоғамдағы рухани құндылықтар мен есейген шағындағы құндылықтарды салыстырып қарап байқауына болады. Тіптен, оны жыл сайын құлдырап бара жатқан моральдік дағдарыстар арқылы да анықтай аламыз. Мысалы, кейінгі жылдары пайда болған шетелдерге бала сату, бір жыныстылардың некелерінің заңдастырылуы т.б.
Үшіншіден, құлдырауды діни, салт-дәстүрлік моральдік құндылықтармен салыстырып қарауға болады. Әрине, таза абсолютті ақиқат болуы мүмкін емес, дегенмен, салыстырмалы абсолютті ақиқаттар (таза салыстырмалы емес) бар: діни, моральдік, дәстүрлік, ата-бабаның жалғастырған жолы, өткенге деген құрмет т.б. этикалық, эстетикалық, логикалық ақиқаттарды басшылыққа алсақ, моральдік құндылықтарды бар деп айта аламыз. Мыңдаған жылдар бойғы қалыптасқан ұлттық моральдің іргетасы болатын әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің құлдырауы мұны анық көрсете алады. Жалпы алғанда, дүниежүзіндегі халықтың 90 пайызынан астамы дінге сенетін болса, неліктен жер бетінде жылына миллиондаған адамдар аштан өледі, неліктен олар дәрі-дәрмекке, азық-түлікке үнемі мұқтаж жағдайда қаза табады, неліктен адамзаттың үштен екісі тойып тамақ іше алмайды т.б. Сонда, қазіргі өркениетті адамзат қоғамындағы адам құқықтарын қорғайтын БҰҰ, Дін, адамзаттық мораль, заң, тәрбие (педагогика, этика ғылымдары) т.б. адамгершілікті реттеп отыратын әлеуметтік институттардың қызметтері туралы не айтуға болады?
Біздіңше, оның шаралары тұтастай қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтып, іргелі өзгерістер тудыруға алып келіп, өмір сүрудің жаңа бір, тың бағдарын қалыптастыруға жетелейтін сыңайлы. Сондықтан бұл ұлы өзгерісті АҚШ-тағы «Жыныстық төңкеріске», КСРО-дағы, Қытайдағы «Мәдени төңкеріске», Еуропадағы ХҮІІІ ғасырлардағы «Буржуазиялық төңкеріске» аналогиялық түрде заманауи кезеңдегі «Рухани-моральдік төңкеріс» деп атауды жөн көрдік.
Оразалы Сәбден ағамыз осындай құлдырауды жете зерделей келе, мынадай нақты қорытындыларға келеді де, «ХХІ ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы» атты өзіндік жаңа тың философиялық тұжырымдамасын ұсынады. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты — адамзаттық қауіпсіздікті қалай сақтап қала аламыз деген сауалдан туындаған. Ал міндеттері: адам мен ғарыштың, адам мен табиғаттың, адам мен қоғамның, адам мен адамның өзара үйлесімділігін қалай қамтамасыз ете аламыз деген сауалдарға өзіндік төлтумалылығы жеткілікті ойлармен негіздеп берген.
ХХІ ғасырдағы қазақ даласындағы, Ұлы Дала Елінің ұрпағы, болашақтанушы ойшыл Оразалы Сәбденнің үні адамзаттық акустикалық кеңістікке былайша таралады: өркениетті басқарудың және әлемдік үрдістерді реттеудің жаһандық жүйесінің қажеттілігі; жалпы ұлттар мен ұлыстардың планетарлық бірлігі; «Әлемдік үкімет идеясы», «Әлемдік Сот», «Қауіпсіздік Кеңесі», «Діни Одақ» т.б.
Ол өзіндік руханияттық ой-санасындағы түйткілді ойларды «ХХІ ғасырдағы ізгілікті қоғамның «Моральдік Кодексі» қандай болуы керек?» деген тұжырыммен тиянақтай келе, болашақ туралы «суперперспектива» жобасын бүкіл адамзатқа және тіршілік иелеріне паш етеді. Өйткені О. Сәбден дүниеге тек өзіндік жеке болмыспен емес, М. Шелердің эпицентрлік көзқарасымен қарай отыра, әлемнің ішкі қыр-сырын терең пайымдай алатын, «өзін өзгеден — өзгеден өзін» көре алатын көне Қытай данышпандарына ұқсайды. Сондықтан ғалымды тек жеке бас мүддесінен гөрі, «Өткен ата-баба аруағы — қазіргі заман кеңістігі — болашақ» секілді үш өлшемді уақыт қатты алаңдатқан сыңайлы. Шындығында, Оразалы Сәбден болашақты пессимистік бағытта емес, оптимистік рухта көре білудің жаңа үлгісін таба білді. Осындай тұлға тек теоретик қана емес, практик ретінде де өзінің болмысын «әлемдік болмысқа сәйкестендіре алған заманауи ғалым-көреген» деп айта аламыз. Себебі 72 монография мен 700-ге жуық ғылыми еңбек жазған Түркі ұрпағының, қазақ баласының өмір жолына шолу жасасақ, оның рухының «Қашан», «Қалай», «Қайдан» пайда болғандығына және «Қайда» баруды мақсат тұтатынына анық көз жеткізе аламыз. Мәселен, Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеп жүрген жас шағында физикалық мүмкіндігін жетілдіріп (ол еркін күрестен КСРО спорт шебері), онымен рухани болмысын үйлестіруді терең түйсінген Азамат философия, әлеуметтану, саясаттану, тарих, психология ғылымдарын қатар меңгеруді мақсат етіп, өзіндік білімін ғылыми интеграциялап, оларды экономикамен, математикамен, физикамен ұштастырудың өзіндік жаңа бір үлгісін тапты деп айта аламыз.
Оразалы Сәбденұлы, Сізді 70-жасқа толатын мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға береке-бірлік, ғылыми ізденістеріңізге сәттілік, табысты болғай деп тілейміз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстаздары: Л.Ә. Асқар, Б.М. Аташ
Ж. Ашуұлы, Халықаралық
Абай қорының директоры

(130)