Көшпенділердің күндізбесі бүкіл әлем халықтарына тараған

Адамзат бұл ғаламшарға табанын тигізгелі бері өзінің төрт құбылысын бақылап, зерттеумен келеді. Аса шебер Алланың ғылымымен жаратылған дүние әрине оларға жұмбақ еді. Сол үшін олар айналасын бақылап, тану әрекеттерін ешқашан тоқтатқан жоқ.
Жыл басын көктем
деп ұйғарған

Адамзат өз айналасын танығаннан бастап оларды уақыт өлшемі толғандырып келді. Табиғат әлемінде таңның атуы, күннің батуы, шөптің көктеуі, сарғайып қуаруы, адамның туылуы және қартайып қайтыс болуы сынды құбылыстар болып жатады. Сол үшін адамзат бір нәрсенің ақырын жылжып жатқанын сезді, зерттей келе оның уақыт екенін білді. Сосын ол уақытты өздерінің алғашқы танымдары бойынша өлшемдерге салып, оған бірлік атаулар тауып тұрмыстарында қолданды. Ең әуелі таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақытты бір күн деп, күн батқаннан таң атқанға дейінгі уақытты бір түн деп белгіледі. Сосын таң-сәрі, таң, таңертең, түс, күн еңкейген шақ, ымырт, ақшам, кеш, түн ортасы сияқты қысқа уақыттарды белгіледі. Одан аспандағы айды бақылап оның он бес күн жарық, он бес күн қараңғы болатынын және оның қайталана беретінін біліп, он беске он бесті қосып отыз күнді тұрақтандырып, сол уақытты бір ай деп атасты, содан ары қарай күллі табиғат дүркіреп жаңарып, көк шығатын мезгілді көктем деп оның үш ай болатынын, бүкіл тіршіліктің қол аяғын жазып жадырап қалатын мезгілді жаз деп, оның үш ай болатынын, астық орылып, қозы қырқылып күзеу әрекеті жүргізілетін мезгілді күз деп, оның үш ай болатынын, қар жауып, мұз қатып, аяз қысатын мезгілді қыс деп, оның үш ай болатынын білді, сөйтіп төрт маусымды анықтады. Сосын бір көктемнен келесі көктемге дейінгі уақытты бір жыл деп шешіп, жыл басын көктем деп белгіледі. Бір жылда он екі айдың болатынын да білді. Азия халықтарының көктемді жаңа жылдың басы деп тойлайтыны да содан қалыптасқан салт-дәстүр.
Біздің ата-бабаларымыз тым ертеден-ақ табиғат өзгерістерін бақылап, сондай өзгерістердің қалайда уақытқа бағынышты екенін жақсы білген. Сол себепті ерте замандағы дүние танымдары бойынша әрбір уақыт мезгілдерді танып оны тұрақтандырып түсін түстеп, атын атай білді. Олар төрт маусымның және он екі айдың жылдар бойы қайта айналып келіп тұратын аралығын анық білген, сөйтіп біртіндеп ұлттық күнтізбе жасай алған.
Жыл атаулары туралы бүкіл адамзат көп ізденгенге ұқсайды. Жылдарды санмен санау әдеті қалыптаспай тұрғанда адамдар жылды қалай белгілеп, өткен заманды, келген жасты қалай білу туралы ойлана келіп, алдымен Азия халықтары мүшел бойынша жыл есептеу әдісін тапқан көрінеді. Ал оны ең алғаш қолданысқа түсірген кім дейтін мәселе әлі күнге дейін талас-тартыс үстінде келе жатыр. Алайда қазақ халқының өте ертеден-ақ жыл санау тарихы болғанын бәріміз жақсы білеміз әрі білуге тиіспіз. Себебі күнтізбе жасау адамзат өркениетінің маңызды құрамдас бөлігі. Адамзаттың уақыт пен кеңістікті тануы оның бірден бір ерекше қасиеті, ол қасиетті кім ерте бойына сіңірсе сол мәдениеттің табалдырығын ерте аттаған болады. Біздің ежелгі ата-бабаларымыз сонау қола дәуірінен бұрын жыл санай білген. Біз оны күні бүгінге дейін тұрмыста пайдаланып жүрміз. Бұл он екі мүшел бойынша жыл санау. Олай болса он екі мүшел қашан, қайда, қалай пайда болды дейтін мәселеге біраз тоқталып көрейік.

Ғұндардың он екі мүшелі жыл санауы

Барлық өркениеттердің тарихы түгелімен мифтерден бастау алғанын тілге тиек етер болсақ, онда он екі мүшел де көптеген мифтік аңыздарды өзінің бастауы етеді. Мысалы, қазақта «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» дейтін мифтік аңыз бар, онда жануарлар жыл басы болуға таласып тұрғанда, тышқан түйенің аңғалдығын пайдаланып оның құлағына шығып алып, келе жатқан жылды бәрінен бұрын көріп жыл басы болып алады. Ал Қытайдағы чияң (қиян) деген ұлттың аңызында жануарлар жыл басы болуға таласып, бірін-бірі даудан жеңе алмаған соң өзеннен бұрын өтсе сол жыл басы болуға келіседі. Жануарлар жапа-тармағай суға түсіп арғы жағаға ұмтылады, сол тұста тышқан сиырдың құйрығына жабысып алып жағаға таяғанда сиырдың құйрығының ұшын қатты тістеп алады, тышқанның өткір тісі жанына батқан сиыр құйрығын қатты сілкиді, сол мезетте тышқан құйрықтың қатты серпінімен ыршып жағаға шығып жыл басы болып кетеді. Ал қытай аңызында он екі жануар мүшел жыл болып белгіленген соң олар жыл басы болуға таласады. Сонда тышқан барлығына есе бермей: «мен дәумін, мен жыл басы боламын», — деп кеуде қағады. Оған қарқылдап күлген сиыр мен жылқы: «сенің дәумін дейтіндей түрің қайсы?» — дейді. Бір қулықты ішіне түйген тышқан: «ондай болса адамдар арасынан өтейік олар қайсымызды дәу десе сонымыз жыл басы болайық», — дейді. Бұл шартқа жылқы мен сиыр бірден көне кетеді. Адамдар арасынан жылқы, сиыр, қой, тышқан тізіліп жүреді. Адамдар сиырды көріп: «ойпырым-ай, мына сиырдың жуанын-ай», — дейді. Жылқыны көріп: «ойпырым-ай, мына жылқының биігін ай», — дейді. Қойды көріп: «ойпырым-ай, мына қойдың семізін-ай», — дейді. Ал тышқанды көргенде: «ойпырым-ай, мына тышқан неткен дәу еді», — деп шуласады. Сөйтіп аузы буылған жылқы мен сиыр тышқанның жыл басы болуына амалсыздан келіскен екен дейді. Бұлардың бәрі ертеден келе жатқан қиял-ғажайып ертегілер.
Ерте замандардағы тарихи деректерге жүгінер болсақ он екі жануар бойынша жыл санауды ең алғаш Түн тауын ( бүгінгі Қытайдағы Инн Шань тауы, Күлтегін жырында Түн тауы деп аталған, мақалада байырғы атауымен атағанды жөн санадық) мекендеген ғұн тайпалары (ғұн, шүң ну, ежелгі этнос. Көптеген басылымдарда хұн, гунну, синну деп алынып жүр, гунну, синну дегендердің бәрі шүң нудың дұрыс оқылмауынан келіп шыққан, Қытай тарихнамаларында ең алғаш ғұн болып таңбаланған, сондықтан біз ғұн деген атауды дұрыс деп санаймыз). Григорян жыл санауынан бұрынғы II ғасырда жарыққа шығарған. Оған дәлел Түн тауындағы жартастарға қашап салынған он екі мүшел петроглифы (қосымша суретке қараңыз).
Осы петроглифті тапқан Қытайдың әйгілі ғалымы, археолог Гай Шаньлин: «Бұл осыдан екі мың жыл бұрын осы жерде өмір сүрген ғұн тайпаларының туындысы», — деп анықтаған болатын. Сол көшпенді ғұн тайпаларының жануарларды белгі ету арқылы жыл санау әдістері кейін бүкіл әлемге тарады.

Жыл санауды Қытайлар ғұндардан алған

Жануарларды белгі етіп жыл санау әдісін ежелгі қытайлар тапқан деген пікір көп айтылады, бірақ ол негізсіз. Қытайдың тарихы мен мәдениетінің тым ертеден басталатынына біздің күмәніміз жоқ, сөйтсе де барлығын қытай даналары тапты дегенге де келісе бермейміз. Қытайлардың жыл санау әдісін тым ертеде ойлап тапқаны рас, бірақ ол кездегі жыл санау әдісі өзгеше болатын, яғни жылдарды реттік сан есімді білдіретін иероглифтермен таңбаланған он екі бағандық есеп болатын. Жыл санаудың II ғасырында Қытайды бір тұтас елге айландырған Хань империясы қалыптасады, сол тұста олар терістігіндегі өзге елдермен қарым-қатынастар жасай бастайды. Солардың ішінде ғұн империясымен болған қарым-қатынастары көрнекті болды, екі жақ бір-бірлеріне елші жіберіп, қыз берісіп, қыз алысып құдандалы байланыстар қалыптастырды. Сонымен бірге мәдениеттердің алмасулары да болды. Соның бір белгісі хань елінің ғұндардың жануарлардың атымен жыл санау әдісін қабылдауы еді. Олар бұрынғы иероглифпен таңбаланған жыл санау әдістерін жануарларды белгі етіп жыл санау әдісімен қатар ұстанды. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Жануарларды белгі етіп жыл санау әдісін ғұндардан қабылдағаны туралы Қытайдың Чиң хандығы тұсындағы атақты тарихшысы және әдебиетшісі Жау И (1727—1814) өзінің әйгілі «Сатылы зерттеулер» атты шығармасының IV томында: «Бұрын солтүстікте деп басталатын жыл санау әдістері жоқ болатын, олар тек жануарларды белгі етіп жыл санайтын, кейін Хань Шуанди заманында (б.ж.б 52 жыл) солтүстік халықтар мен оңтүстік халықтар араласып кетті де, олардың жануарларды белгі етіп жыл санау әдісі орта жазыққа кеңінен таралған», — деп көрсеткен. Ал Қытайдың одан да бұрын жазылған жылнамаларында жоғарыдағы аталған көзқарасты тіпті де растайтын мәліметтер сақталған. Қытайдың Таң империясының тарихы баяндалған «Таңнамада»: «Ғырғыз елі он екі жануарды белгі етіп жыл санайды, яғни олардың барыс дегенімен тура келеді», — деп жазылған, осындағы ғырғыз ежелгі түркілердің құрамына кіретін тайпа. Тағы бір қытай тарихнамасы, «Соң тарихы. Тубо баянында»: «Туболардың көсемдері өткен істерді баяндағанда он екі мүшел бойынша жыл санау әдісімен баяндайды, қоян жылы ондай болды, жылқы жылы сондай болды», — деп жазылған. Бұл арада тубо теп отырғаны қытайдың батысындағы ұлттардың жалпылама атауы. Олардың ішінде түркілер де бар, бұл арада сол түркілердің өзі айтылып отыр. Түркілердің жануарларды белгі етіп жыл санау әдісі де өте ұзақтан басталады. Олардың мифтен гөрі шындыққа жанасатын бір аңызында былайша айтылады, ертеде түріктердің бір қағаны басынан өткерген істері мен жасаған жорықтарын есте сақтаудың жолын табуға тырысады. Бірақ қалай ойланса да оның бір жөнін таба алмай дал болады. Ақыры уәзірлерін жинап осы істі шешудің жолын қарастырады. Олар жануарларды өзеннен өткізіп қарсы жағаға өткеніне жыл атауын беруге келіседі. Қаған еліне аңға шығуға бұйрық беріп, даладағы аңдарды өзеннің иіріміне қарай айдатады. Иірімге келіп қамалған аңдардың кейбірі суға секіріп қарсы жағаға жүзе бастайды. Ең алдында жүзіп келе жатқан сиырдың үстіне шығып алған тышқан жағаға таяғанда сиырдан бұрын секіріп, бәрінен бұрын жағаға шығып кетеді. Ең соңынан доңыз өтеді, сөйтіп осы өзеннен өткен жануарлар бойынша түркілердің жыл қайыру есебі басталыпты. Он екі мүшел бойынша жыл санауды ертедегі ғұн және түркі сияқты көшпенділердің тауып таратқанын финляндиялық Э.Шауан, Ресейлік Г.П.Сердюченко, жапониялық Уйтянхың, қытайлық Яң Фушө сияқты шетелдік ғалымдар да өздерінің ғылыми еңбектерінде дәлелдеген.
Ежелгі түркі жазбаларында мүшел жыл есебін жақсы пайдаланғаны ерекше көзге түседі. Олардан бізге жеткен Орхон, Енисей ескерткіштерінде заманында болған оқиғалардың жыл уақыттарының бәрі де осы он екі мүшел жыл есебі бойынша берілген. Мысалы, Күлтегін құлпытасының солтүстік шығыс бетінде: «köl tegin koń yïlka yetti yegirmikä učdï. tokkuzunč āy yetti ottuzka yog ärtürtimiz. Barkïn bädizin bitig tāšïn bičin yïlka yettinč āy yetti ottuzka kop alkdïmïz. Аудармасы: Күлтегін қой жылының он жетінші күні қаза болды. Тоғызыншы айдың жиырма жетінші күні жерледік. Белгісін, бейітін, бітіктасын мешін жылының жетінші айының жиырма жетінші күні бітірдік», — деп жазылған. Одан кейінгі замандардағы ежелгі руна және соғды жазуларымен жазылған Дұнхуаң, Тұрпан жазбаларында да сол бұрынғы жыл санау әдістері қаз-қалпында сақталғанын ғалымдар байқаған. Мысалы, қазір түп нұсқасы Париждегі Франция мемлекеттік кітапханасының шығыс жазбалары бөлімінде сақтаулы тұрған Дұнхуаңнан табылған бір парақ соғды жазуымен жазылған көне түрікше мәтінде: «ït yïlïn yettinč ay-da yetti yegirmidä oγšaγu atlïγ sart kälti. Аудармасы: Ит жылы жетінші айдың он жетісі күні Оғшағұ атты сарт келді», — деп жазылған. Осы жоғарыда көрсетілгендер ежелгі түркілердің өзіндік ерекшелігі айқын таңбаланған күнтізбесі болғандығын айғақтайды.

Ғұндар мен түркілердің тотемі не?

Он екі мүшел бойынша жыл санау әдісі түркілерден Қытайға жетіп жалпыласқаннан кейін біртіндеп шетелдерге де тарала бастаған, ал бүкіл Азия елдерінде таралуына моңғол империясы себепші болды. XII ғасырда жарты әлемді билеген Шыңғыс хан түркілерден жазу мәдениетін қабылдаумен бірге он екі мүшел бойынша жыл есептеу әдісін де алған. Кейін оны моңғолдар өз ішінде таратумен бірге уысына алған барлық елдерге де енгізген, сөйтіп ежелгі түркілердің жыл санау әдістері Үндістан және батыстағы көп елдерге моңғол империясының ықпалымен XIII ғасырда қалыптасты.
Осы он екі мүшел бойынша жыл санаудың өзге елдерге таралуы да ғажап. Әр елдің жағдайына қарай өзіндік түстерге ие болды, мысалы, Вьетнамда қоян жоқ болғандықтан оның орнына мысықты алған, сөйтіп вьетнамдықтардың жыл санауы бойынша мысық жылы деген жыл бар, Жапондардың жыл санауы Қытаймен ұқсас, бірақ жапондар доңызды білдіретін иероглифін пайдаланса, қытайлар шошқаны білдіретін иероглифін пайдаланады, осындағы түз тағысы доңызды біздің және басқа да түркі халықтары пайдаланатыны белгілі, бұл ежелгі түрікілерден келе жатқан атау. Осы арада айта кететін тағы бір жайт ұлу ешқашанда қытайдың лұң айдаһар сөзінен келіп шыққан емес, ежелгі түркі тілінде ұлу су жәндігін білдіретін сөз болған. Осы күнде де ұлуды қолданып келеміз, суда да, құрлықта да ең ақырын қозғалатын жәндік, ал қытайлар болса айдаһарды тотем ететіндіктен лұң иероглифін ұлу сөзіне жақындастырып солай өзгертіп алған, бірақ шынайы өмірде айдаһар деген жануар жоқ. Ғұндар мен түркілер көз алдарында бар жануарларды пайдаланды, олардың да тотемі болған, мысалы, бұғы мен бөріні неге пайдаланбайды? Әрине түркілердің өзеннен жануарларды өткізуі туралы айтылған аңызының бір шындығы осыдан көрінеді. Үндістанда тіпті қызық, олар барыстың орнына арыстанды, ұлудың, жыланның және тауықтың орнына өздерінің діни аңыздарындағы мохулога, нага және алтын қанатты құсты алған. Тайланд елі де ұлудың орнына наганы алған, бұл олардың будда дініне байланыстыра отырып шығарғандары. Жоғарыда аталған елдерден басқа да көптеген ұлттар мен ұлыстар он екі мүшел бойынша жыл санау салттарын ұстанады.
Ежелгі ғұндардың және ертедегі көк түріктердің бүгінгі ұрпағы болып табылатын қазақ халқы он екі мүшел бойынша жыл санауды өте жақсы меңгерген және дамытқан. Мысалы, жыл қайыру, жыл топшылау, мүшел жасын шығару, жыл туралы аңыз-ертегілер, толып жатқан мақал-мәтелдер мен өлеңдер соның айғағы. Бұның өзі біздің өркениетіміздің өте арыда жатқанын білдіреді. Он екі мүшел деп жыл қайыруда біздің ата-бабаларымыздың да үлесі бар.

Қалбан Ынтыханұлы
деректанушы, аудармашы, баспагер

(64)