Шүкір, айтысымыз кенже қалмақ емес

Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Жыр алыбы — Жамбыл» атты мектеп оқушыларының арасындағы республикалық жас ақындар айтысы жақында тағы да өтті. Бұл жолы да Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаштың Мәдениет үйінде керемет бір айтысқа куәгер болдық. Республиканың барлық өңірлерінен келген жас ақындар көсіле шауып, сөз өнерінің мәйегін бере білгені көңілдерден шықты.
«Алатау» газетінің бас редакторы, көптеген айтыстардың же-ңімпазы, айтыскер ақындардың ұстазы Айтақын Мұхамедиұлы бастаған қазылар құрамында ақын, «Ильхам» сыйлығының лауреаты Дәулетбек Байтұрсынұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қажыбекұлы, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі Күмісжан Байжан, «Елназар» журналының редакторы, ақын Ерғазы Манапұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жыршы-термеші Жылбек Тоқтасынов болды.


Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Шалтабаев Дастан Тұрарбекұлы айтысты ашып берді. Жас ақындар Жамбыл Жабаев мұрасын жырлаумен қатар рухани жаңғыру, тәуелсіздікті нығайту, ұлтжандылық пен отансүйгіштік, болашақ тақырыптарына көбірек тоқталды. Ұзаққа созылған айтыстардан соң бас жүлдені Алматы облысы, Алакөл ауданынан келген 11-сынып оқушысы Ақжібек РАХАТБЕК жеңіп алды. Жүлделі 1-ші орынды Ақтөбе облысынан келген 11-сынып оқушысы Нұрбол ЖАУЫНБАЕВ, 2-ші орындарды Алматы облысы, Жамбыл ауданының 8-сынып оқушысы Айым АСЫЛБЕКҚЫЗЫ мен Қарағанды қаласынан келген 9-сынып оқушысы Абзал МАКАШЕВ иеленді. 3-ші орын алған Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданынан келген 9-сынып оқушысы Мадиасқар ҚАНЖАРҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданынан келген 10-сынып оқушысы Райымбек ӨТЕПОВ, Қызылорда облысының Арал ауданынан келген 11-сынып оқушысы Бексұлтан ОРЫНБАСАР, Павлодар облысынан келген 9-сынып оқушысы Азамат БАЗАРБАЙ да өз шеберліктерімен көрермендерді тәнті етті. Жүлдегер ақындар арнайы дипломмен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Республикалық дүбірлі доданы Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Омарова Майгүл Тілеутайқызы қорытындылады.
Жас ақындардың айтысынан өсіп келе жатқан жас буынның ішінде болашақта биік шыңдардан көрінер таланттар барын байқадық. Сөз өнерін қадыр тұтқан ел бар кезде намыс туын биік көтерер, суырылып шығар ардақты ақындардың да болатыны сөзсіз.

Мейіржан СЕРАЛЫ, Талдықорған қаласы
білім-инновация лицейінің
11-сынып оқушысы

(23)