Әмина

Ол көмірлі Қарағанды өлкесінде, 11 балалы үлкен отбасында дүниеге келді. Әкесі Дауылбек тау-кен өндірісінде бұрғылаушы-мастер, анасы Күлпараш сатушы болып еңбек еткен. Орта мектепті бітірген кезде Әмина, бәлкім, әкесінің өмір жолын ұнатқандығы шығар, өнеркәсіпті ордадағы қазақ қыздары аса көп үйір емес Қарағанды политехникалық институтындағы оқуды таңдаған. Институттың құрылыс факультетінде «Строительство» мамандығы бойынша оқып, құрылыс пәндерінің оқытушы инженері болып шыққан.
Ал бала кезден өзі де, үйдегі үйелмелі-сүйелмелі жас балалардың бәрі де атасы мен әжесінің тәрбиесін алып, олардың сүйіспеншілігінің балын татып, айдай ашық көңілдерінің шуағына бөленіп өсті. Сондықтан болар, әңгімеміздің басы да сол үлкен кісілер жайында болды.
«Атам Мұхамедия молда кісі еді. Адалдық, иман-дылық, әдептілік жайында немерелерінің құлағына құйып отыратын. Ал Айша әжем қазақтың салт-дәстүрі туралы тамаша оқиғаларды тартымды әңгімелейтін. Оның көңілінде халқымыздың әдет-ғұрпын естерінде сақтап жүрсе деген игі тілек жатқанын о кезде білмеппіз. Балалық қой. Біз әжемнің әңгімесін қызыға тыңдайтынбыз. Ана тілімізге, тарихымызға, дінімізге құрмет сезімімді оятқан сол атам мен әжем десем, қателесе қоймаспын. Олай дейтінім, сол кездегі жүйеге байланысты ата-анамыз бізді қатарынан қалмасын, адам болсын деп, орыс орта мектебіне оқуға берген», — дейді Әмина Дауылбекқызы балалық шағын еске алып.
Әмина болашақ жары Сапар Қанағатовпен студенттік шақта танысады. Орта бойлы, ақ сары өңді, үлкен қара көздері шоқтай жайнаған әдемі жігіт Әминаға бірден ұнағаны рас. Сапар мен Әмина өмір, адам, қоғам, тағы басқа нәрселер жөнінде ой толғай қалса, пікірлері бір жерден шығып жататын.
Шыны керек, Сапар екеуі қатар келе жатқанда кей бойжеткендердің өздеріне қызыға қарап қалғандарын байқайтын Әмина. Соншама қыздардың ішінен ол Әминаны таңдады. Екеуі бой жағынан ғана емес ақыл, көрік, білім жағынан да бір-біріне сай болатын. Сапар да он балалы отбасында өскен ата-анасының тұңғыш перзенті еді.
Екі жас үшінші курста оқып жүргенде үйленді. Ұлдарының оқуын бітірмей жатып ертерек үйленуі жауапкершілік жүгін ауырлата түскеніне қарамастан, отағасы Қанағат та, отанасы Әдемхан да реніш білдірен жоқ, қайта жас келінді құшақ жая қарсы алды.
Әмина да кішкентайынан ата-анасынан дарыған ізеттілігі, кішіпейілдігі арқасында салғаннан ата-енесінің көңілінен шығып, жаңа ортаға балдай батып, судай сіңіп жүре берді.
Келесі оқу жылы Сапар мен Әминаның тұңғыштары Еркебұлан дүниеге келді. Дүниеге бес ұл, бес қыз әкелген Әдемхан отының алды, суының тұнығы-тұңғыш келіні Әминаны қыздарындай жақсы көрді. Бірінші күннен жүрегінің жылуын төгіп, мәпелеп аялады. Әмина да, Сапар да оқуларын ойдағыдай тәмамдады.
Алматыға енді екеуі де жоғары білімді маман болып оралды. Әмина Алматы облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасына бас маманы болып жұмысқа орналасты. Сапар Алматы қаласында «Алматы пищестрой» құрылыс мекемесінде прораб, содан соң инженер болып жұмыс істеді. Жас мамандарға Талғар қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді.
Өмір айдынында қос аққудай қатар жүзген жас жұбайлардың өзара сыйластықтары, үлкен-кішіге деген ыстық ілтипаттары, қызметтегі жетістіктері Қанағат пен Әдемханның көңілдерін марқайтып, қуанышқа бөлейтін.
Сөйткен Сапар небәрі 29 жасында ойламаған жерден мерт болды. Аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан жас ғұмыр оның жақындарын қатты есеңгіретіп кетті. Жарының соңында үш баламен қалған Әмина өң мен түстің арасында, ұйқылы-ояу жүргендей хал кешті. Сапарын ойлағанда іші қан жылайды. Қайғымен қан жұтқан күндер мен түндер өтіп жатты. Уақыт-емші, бәрін де ұмыттырады дегенді Әмина көп естіген. Бірақ есту бір басқа да, бастан кешу бір басқа екен. Еңсесін көтеріп, қызметіне қайта кіріскенімен, Сапары есінен де, түсінен де шықпайтын. Сапарын ұмыта алған жоқ. Ұмытпайды да. Жар бейнесі көңілінен өшкен емес. Сапардың бар кезіндегідей, ата-ене мейіріміне жылынып, үбірлі-шүбірлі берекелі үлкен отбасының қамқорлығына бөленіп жүре берді. Үш баланы да мектеп жасына дейін енесі Әдемхан бағып, Әминаны қызметінен қалдырмады.
Уақыт деген жүйрік қой. Содан бері де 27 жыл зымырап өте шығыпты.
Әмина бүгіндері оң-солын таныған тындырымды да байсалды қызметкер, ізетті келін, мейірімді ана. Сапарына шын берілген адал жар. Ата-енесі мен балаларына қамқоршы. Ата-енесінің алдын қиып өткен емес. (Атасы Қанағаттың мәңгілік ме-кеніне аттанғанына 3-4 жыл). Ол кісілерді келін болғандықтан ғана емес, өзі алғашқы күннен шын жақсы көргендіктен құрметтеп сыйлайды. Ене жақсылығын көп көргендіктен, өз жақсы-лығын ол кісіден аямайды. Енесіне ет жүрегі елжіреп тұрады. «Өмірдегі бір бақытым-енем!» деп ағынан жарылады. Ал аққөңіл, аңқылдақ Әдемхан болса, отының алды суының тұнығы Әминасының басынан құс ұшырмай отырады.
Әмина өз тарапынан «сыйға-сый, сыраға бал» дегендей келін боп түскен әулеттегі барша туыстарымен қоян-қолтық араласады, ешқайсысының көңілін қалдырмауға тырысады. Өйткені олар Сапардың Әминасын төбелеріне көтере әспеттеуден жазған емес. Қайын ағасы Дәукеннің отбасымен, қайнылары мен абысындары Маман-Тоты, Әкпар-Сәуле, Жомарт-Толқындармен, қайын сіңлілері Айсұлу, Айман, Шолпан, Гүлмира, Эльмиралармен сый-құрметтері жарасқан ынтымақтары сырт көзді қызықтырардай дәрежеде десек, артық айтқандық емес. Қарағандыда үлкен супермаркеттің директоры боп қызмет істейтін Маман да, Көкшетау қаласында мектепте ұстаздық ететін Әкпар да, Алматыда кәсіпкерлікпен айналысатын Дәукен де, басқалары да қазіргі уақытта Талдықорғанда қызмет істеп жатқан Әминаға жиі қоңырау шалып, хал-жағдайын біліп тұруды өздеріне міндет санайды.
Халқымыз: «Орнында бар оңалар» деген ғой. Сапар жарық дүниемен ерте қоштасқанымен, артында қалған перзенттері оның орнын жоқтатпайды. Еркебұлан Алматы Энергетика институтын бітіріп, «Алматы телеком» мекемесінде қызмет істейді. Жасұлан У.А. Жолдасбеков атындағы «Экономика және құқық» академиясын бітірген. Қазір Астана қаласында кәсіпкер. Қызы Ботагөз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар» факультетін және Еуразия университетінің магистратурасын бітіріп, қазір Астанада қызмет істейді. Еркебұлан да, Жасұлан да отбасылы. Еркебұлан мен Әселдің екі ұл, бір қызы, ал Жасұлан мен Сәуленің екі ұлы бар.
Әмина Төребаева алғашқы қызмет еткен облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының жабылуына байланысты, 1998 жылдан Алматы облыстық Білім басқармасына қызметке ауысты. 2003 жылдан бері техникалық және кәсіптік бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Бөлімнің қарамағында 73 оқу орны бар. Әмина Төребаева қазіргі уақытта аса маңызды шаруалардың бірі болып отырған, орта буын мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау ісі бойынша осы оқу орындарын басқарып, дамылсыз еңбек етіп жүр. Игілігі сол, Әминаның көп жылғы тиянақты еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Ол 1998 жылы «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталса, 2004 жылы Ә.Төребаеваға Қазақстан Республикасының білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» атағы беріліп, Төс белгісі омырауына қадалды.
Қызметтегі баға, отбасындағы сый-құрмет әлдебіреулердің тегіннен тегін үлестіре салатын нәрсесі емес. Мұның астарында үлкен еңбекқорлық, үлкен адамгершілік, үлкен адалдық, әйелге тән үлкен шыдамдылық жатыр деп білеміз. Иә, Әмина Дауылбекқызы Төребаеваның бойында осы қасиеттердің бәрі бар.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

(13)