Қуыршақтар бейнесінде «ана — жер ана» трагедиясы

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры көрнекті жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай, ағымдағы жылдың ақпан айының 27-28, наурыз айының 1-2 күндері аралығында сағат 17:00-де «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сахналанған «АНА — ЖЕР АНА» трагедиясының ПРЕМЬЕРАСЫН көрермен назарына ұсынбақ.


Олар сұм соғыстың жолында жастық шақтарын, асқақ армандарын, тулаған қызуы мен балауса ажарын берді. Құлаған қайың қайта көктеп, тапталған егін қайта жайқалып жер жазасы жазылса да, сол жолда құрбан болғандар қайтып келмеді…
Ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «АНА — ЖЕР АНА» трагедиясының кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының саxнасында көрерменге жол тартып, үн қатпақ. Ана — мәңгілік символы!


Адамзаттың Айтматовына айналған Шыңғыс Төреқұлұлының «АНА — ЖЕР АНА» трагедиясы еліміздің бірнеше драмалық театрларында сахналанып, әйгілі Әзірбайжан Мәмбетовтың режиссерлік қолтаңбасындағы нұсқасы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны баршамызға мәлім. Бүгінде арада қанша жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған классикалық шығармаға дарынды режиссер Дина Жұмабаева екінші тыныс сыйлап, жаңаша форматта режиссерлік, актерлік шешімін таба отырып, жазушының суреткерлік қырын өнер сүйер жанға өзгеше тұрғыдан сипаттамақ.
Театр ұжымы қадірлі өнер сүйер жанды, театр өнеріне деген сүйіспеншілігі зор, талғамы жоғары көрерменді жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әдемі күйге бөлеу үшін аталмыш премьераны тамашалауға шақырады!

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,
«Даму және көремендермен
байланыс» бөлімінің жетекшісі

(14)