Амандық Баталов: Облыс аумағында 2 аудан ашылды

Жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың халықтың алдындағы есепті кездесуі өтті. Осы кездесуде өңір басшысы биылғы жылғы жарияланған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» туралы Жолдауының талаптарын орындау үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндап, өткен жылғы қол жеткізген табыстар жайлы жиналған жұртшылықты хабардар етті.

527 млрд. теңге
инвестиция тартылған

— 2017 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері толығымен орындалды, — деді өзінің баянсөзінде Амандық Баталов, — экономика саласы бойынша өсім 2.7 пайызға, жеке кіріс 24 пайызға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға төмендеді. Өткен жылы 527 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, республика бойынша төртінші орынға шықтық. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд. теңгені құрап, 2,9 пайызға өскенін көрсетті. Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы ықпалымен өңдеу секторының өнім шығаруы екі есеге артып, алатын үлес салмағы 85 пайызды құрады. Жүгері өнімін өңдеу жолға қойылып, алғаш рет майбұршақты өңдеу қолға алынды.
Индустрияландыру картасы шеңберінде инвестиция көлемі 319 млрд. теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылып, 8,7 мың жұмыс орындары ашылды. Тек өткен жылы ғана «Алматы шыны» зауаты және Қарасай ауданында металл құрастырылымдарын шығаратын машина жасау зауаты, Еңбекшіқазақ ауданында «Нұрлы құс» фабрикасы, Қаратал ауданында ет комбинаты іске қосылды.

Өнеркәсіп өндіріс көлемі 1 трлн. теңгеге жеткізіледі

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыру талаптарын орындау үшін 40 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын инновациялық технологияны, цифрландыруды енгізу мақсатымен өндірістерін автоматтандыруды жоспарлап отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

Облыс өнім көлемі бойынша бірінші орынға шықты

Облыс ауылшаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі бойынша республикада бірінші орынға шықты. Жалпы өнім көлемі өткен жылы 648 млрд. теңгені құрады. Бұл ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің өте үлкен қажырлы еңбегін көрсетеді. Бір жылдың ішінде ауылшаруашылығы алқабы 15 мың гектарға ұлғайып, облыс бойынша 948 мың гектарға жетті. 1,3 млн. тонна астық, 293 мың тонна майлы дақылдар, 1,8 тонна картоп, жеміс және көкөніс өндірілді.
Тек қана қант қызылшасын өсіру алқабы 9 мың гектарға ұлғайып, өткен жылы 363 мың тонна тәтті түбір жиналып, 31 мың тонна таза құмшекер алынған.
Елбасының ауылшаруашылығы өндірістік кешенінде еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім экспортын 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту туралы міндетін орындау мақсатында облыста өңдеу кәсіпорындарын орналастыру картасы әзірленді.
Отыз жеті кәсіпорынды ашу және жаңғырту, ет және сүт өнімдерін, консервіленген көкөніс пен жеміс, уыт, крахмал өнімдерін ұлғайту есебінен экспорт көлемін 90 млн. АҚШ долларына дейін жеткізу көзделуде.

Биылғы жылы 100 жаңа шағын кәсіпорын ашылады

Қазіргі кезде облыста 248 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған 110 мың шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет 1 трлн. теңгеге жеткен, жылына бюджетке 75 млрд. теңге салық түседі.
Жергілікті бюджетке түсетін салықты 45 пайызға ұлғайтып, қосымша 12 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

«Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» бағдарламалары орындалуда

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша соңғы үш жыл ішінде өңірге 77,3 млрд. теңге бөлініп, жобаланған 84 жобаның 73-і жүзеге асырылды. Өткен жылы 29 мектеп пайдалануға берілді.
Газбен жабдықтау мәселесі шешіледі
Облыс бойынша газбен жабдықтау деңгейі 26,2% құрайды (123 елді мекен газдандырылған), қазіргі уақытта газдандыру жұмыстары 11 ауданда жүргізілуде.
Алматы-Талдықорган магистральды газ құбырының құрылысы аяқталды. Талдықорған қаласында бірінші кезегін іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінді.
«Рухани жаңғыру» бойынша 8 мың іс-шара өткізілді.
2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 8 мың іс-шара ұйымдастырылып, 1 млн. астам адам қамтылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батыр бабалар» музейі салынды. Тұңғыш Президент — Ұлт көшбасшысының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде іске асырылатын 218 жобаның 90 жобасы аяқталды немесе 6,6 млрд. теңге игерілді.
Түйін сөз: Облыс әкімі Амандық Баталов есепті кездесу соңында жиынға келген тұрғындардан түскен елуден астам сұрақтарға жауап берді. Оның ішінде тұрғын үй, жол, ауызсу,өнім өңдейтін жаңа нысандар салу, мүгедектер қоғамына көлік бөлу, ғимараттарды жөндеу, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету және басқа толып жатқан мәселелер бар. Сонымен қатар облыс аумағында жаңа екі аудан ашылады. Бұл негізінен шалғай аудандарда тұратын халықтың өтініші бойынша жүзеге асырылмақшы. Барлық түскен сұрақтар бойынша алдағы уақытта тиісті шаралар белгіленеді.

Нұрила Бектемірова

(12)