Абайды жауға бермеген

Созақ баласы
Жабалдың ерлігі

Әр тасы шежіреге айналған қарт Қаратаудың қойнауында дүниеге келген Жабал қазақтың соңғы биі атанған атасы Шойынбет бидің жары Сиякүл әжесінен ертегі-жыр тыңдап өссе, алты жасында әріп танып, жеті жасында әжесіне жыр-дастандарды оқып бере бастап, осылайша ұлттық құндылыққа ауызданып өсті. Шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтың өз орындауындағы күйлерін тыңдап өссе, ал Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов «Би атамның ұрпағы» деп еркелетсе, қазақ әңгіме жанрының су төгілмес жорғасы Тәкен Әлімқұлов «талабың зор, тіл байлығың мол екен» деп өмірінің соңына дейін жазушылыққа баулыса, атақты әдебиет сыншысы Төлеген Тоқбергенов алғашқы әңгімесін «түзеп-күзеп» «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, қамқорлық жасапты. Айтулы абайтанушы-ғалым, қоғам қайраткері Мекемтас Мырзахметұлы шәкіртін: «ол студент кезінде-ақ айтар ойын дәлелді әрі түсінікті айтуымен маған ұнады», — деп бағалайды.
Бір кезде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті, шәкірті М.Мырзахметұлының талантын байқап академик Қ.Жұмалиев Абайды зерттеуге қалай күштеп қосса, М.Мырзахметұлы да Жабал Шойынбетті солай күштеп Абайдың қарасөзін зерттеуге салған. Абай мұрасының Шығысқа қатысын зерттеуіме негіз етемін деп М.Мырзахметұлы кандидаттық, докторлық диссертация қорғауында қандай қиыншылыққа, қарсылыққа тап болса, шәкірті Ж.Шойынбет те Абай қарасөздерінен кандидаттық диссертациясын жазып дайындау және қорғау кезінде Абайдың Шығысы мен ұстанған өзінің дінін айтамын деп тап сондай қарсылыққа тап болады, күрескерлік жолда ұстазын үлгі етеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Аққолтық ауылының Ш.Уәлиханов мектебінде Жабалға сабақ бергенімде ынта-ықыласына сүйсінуші едім, қазіргі күні Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры ретіндегі өзім тікелей және жанама куә болған күрескерлігін сөз етпекшімін.

Бірінші қарсылық — бірінші ерлік: «Абай кришнайт емес!»

Қазақ совет философтарының зерттеулерін түгелге жуық оқып, зерттеп Абайдың мұсылмандығын жоққа шығаруға бағытталған ой-пікірлерден әбден мезі болып, іштей булығып жүргенде 1999 жылы Білім министрлігінің бекітуімен ұрпақ тәрбиесіне кесапатын тигізер, мүлде жат ағым Кришналардың «Өмірден өмір туындайды» деген кітабына негізделіп жазылған «адасқан қазақ» Досым Омаровтың Абайды кришнайт еткен «Абайтану» кітабы мектеп бағдарламасына енсе, М.Әуезовті кришнайт еткен тағы да осы Д.Омаровтың «Ұлылар үндестігі» атты докторлық диссертациясы Философия институтында қорғауға ұсынылды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осындай-ақ шығар, не істеу керек?», — деп тағы да ұстазына жүгінді. Ақылдаса келе ұстазы М.Мырзахметұлы аталған докторлық диссертацияға қарсы «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» (Түркістан газеті, 27.08.2009ж.), ал Ж.Шойынбет «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?» (Солдат, 28.12.1999ж.), «Ұлылар үндестігін кім қалай түсінеді?» (ХХІ век, 25.09.2000ж.), «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап» (Ана тілі, 05.12.2002ж.) т.б. мақалаларын жазып жат діннің қауіп-қатерін жан-жақты талдады.
Ақеділ Тойшанұлының «Абай кришнайт болса, басқамыз кім боламыз?» (Жас Алаш, 25.09.0199ж.), газет мақаласы «Академиктеріміз де ақшаға сатылған ба?», Дәурен Қуаттың «Миссионер уағыздайтын дін-апиын» (Жас Алаш, 07.08.1999ж.) мақалалары жарияланса, бұларды қолдап Әмірхан Меңдекенің «Жынның кітабы» (Қазақ әдебиеті, 03.09.1999ж.) мақаласы жарық көрді. Философия институтының директоры, академик Ә.Нысанбаевты ғылыми жетекшісі етіп алған Д.Омаровтың қолдаушысы академиктер мен профессорлар болды, олардың басымдығымен, ықпалының күштілігі сондай Абайды кришнайт еткен «Абайтану» пәні «Мектеп» баспасынан 12 мың таралыммен қайта шығарылып, мектептерге таратылды, айтар уәждері: «Екі басылымда да кришнаизм емес, жалпы адамзаттық деңгейдегі сан-салалы ілімдермен салыстырыла отырып, Абайдың әлем, жаратылыс, имандылық жөніндегі данышпандық көзқарасы, рухани дүниетанымы насихатталған. Бұл кітап ұлы тұлғаның философиялық пайымдауына қатысты дүние, ал жекелеген әдебиетшілер Абайды тек әдебиет шеңберінде қарастырғанды қалайтын сияқты. Ж.Шойынбет министрліктің атына өте ауыр сын айтып отыр…». Ал Ж.Шойынбет бұл кітапты жазушылардың да, оны қолдаушылардың да пікірі дұрыс еместігін тек газет бетінде ғана емес, «КТК», «Оңтүстік Астана», «Рахат» тағы басқа телеарналарда сөйлеп, абайтанушы-профессорлар А.Ісімақова, И.Халитова т.б. сұхбаттар ұйымдастырды. Әлі ешқандай ғылыми атағы жоқ сол кездегі талапкер абайтанушы алған бетінен қайтпай, талмай күресумен ақыры 2003 жылы Білім министрлігінің тарапынан «Д.Омаровтың «Абайтану» кітабын мектепте оқытуға болмайды» деген бұйрығына қол жеткізді. 31 телеарнадағы «Дода» бағдарламасында Алматы облысының Қарасай ауданының бір ауылында жан-жақтан жиналған кришнайттар үй-жай, жер телімін сатып алып орналасып, «фермерлікпен» яғни шаруашылықпен айналысамыз деп, ал шын мәнінде Кришнаны уағыздаумен, тіпті «Кришна құдайымыздың туған жері осы» деп тас-белгі қойғанын жанайқаймен дәлелдеп айтып, жат дінділердің ол жерден кетуіне мұрындық болды.

Екінші қарсылық — екінші ерлік:
Чарлз Уеллерді талқандау

«Абайды мұсылман етем» деп айқасып жүргенде, аспаннан жай түскендей сүттей ұйыған қазақ халқын, жері мен байлығын көзінің қарашығындай сақтаған сан мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар Ислам дініндегі қазақ ұлтын «Діндері үшеу — тәңіршілдік, христиандық және мұсылмандық» деп, «300 жыл бойы ұлттың мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған» деп протестант дінінің лидері мен миссионерлерін дайындайтын жоғары оқу орнын бітірген американдық Чарлз Уеллер философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімовтің ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқулық жазып жүрген Ғабит Тұрсынов бастаған аттарынан ат үркетін профессор-ғалымдар жалған ғалым, миссионерді қызғыштай қорғап Ж.Шойынбетті «кертартпа фанатик», «әсіреұлтшыл», «әпербақан көшбашысы» деп қараласа, ғалымсымақ-миссионер Ж.Шойынбетті «тіпті қайын жұртым Жапон халқына және Корея халқына тиетін сөз қосқан. Бұл жай екі адамның арасындағы жеке мәселе болып қалмай, халықаралық деңгейге көтеріліп кетті. Маған да, отбасыма да қауіп төндіру мүмкін» деп байбалам салып, «Жас қазақ» (02.06.2006ж.) газетіне мақала жазды. Протестант-миссионердің іс-әрекетін әшкерелеп абайтанушы ғалым «Бұл кітап кімге қажет, не үшін қажет?» (Түркістан, 28.10.2005ж.), «Шоқан Уәлихановтың қасиетті есімін әлдебір миссионердің қолжаулығы қылмайық» (Ана тілі, 16.03.2006), «Қазаққа төрелік айтатын сен кімсің?» (Заң газеті, 11.07.2006ж.), «Кімді кім ұялтты» (Қазақ үні, 12.10.2006ж.) мақалаларын жазды, телеарналарда сөйледі. Мұрат Қалматаев, Тұрсынбек Кәкішев, Қадір Мырза-Әли бастаған ұлт зиялыларының Ашық хаты республикалық он сегіз газетке басылып, қоғамға үлкен қозғау салды. Көп ұзамай-ақ Білім және ғылым министрінің диссертацияны кері қайтарылғандығы туралы жауабы мәлім болды.

Үшінші қарсылық — үшінші ерлік:
Жүкешевпен күрес

«Философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешевтің «Деловая неделя» газетіне 2007 жылдың 27 сәуірінде шыққан «Далбаса государственнего назначения или об аграрном языка постиндустриального общества» деген мақаласын оқығанда, жағамызды ұстадық. Бұдан баяғы «жабайыны жабайыға» айдап салу әдісінің жүзеге асқанын, қазақты қазақтың аяусыз қорлағанын көріп, қорландық, намыстандық», — дейді Ж.Шойынбет «Жүкешевтің бұл қай далбасасы?» мақаласында ( Қазақ үні 27.09.2007ж.), шындығында қорланбай қайтсін қазақ ауылын, қазақ тілін соншалықты жек көретін Қ.Жүкешевке тағы да академик-философ Ә.Нысанбаев жетекшілік жасап, докторлық диссертация қорғауға Философия институтының кеңесі шешім қабылдап жатса. Докторлық қорғаушы: «Если речь идет об Абае, рискуя снова показаться безбожником скажу: Абай — поэт, выдающийся, только по нашим меркам (а если смотреть с вершин мировой литературе, не окажется среди таковых). Он не можеть считаться философом… Философом его сделали мы, казахи, искуственно, из-за дефицита философии, и на основе его житейского назидания, изложеннего в стиле народной мудрости», — деп тепсінеді. Қолына қаруы қаламын алған абайтанушы-ғалым тура сол Қ.Жүкешев докторлық қорғамақшы күні 2007 жылдың 12 қазаны күні «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ» деген мақаласын жариялады. Сол күні ұлт пен тіл жанашырларын ертіп Философия институтына барды, нәтижесінде диссертация қорғалмай қалды. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл іске сол кездегі Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаев тез шара қолданып, іскерлік танытты.
Я, қарсылық жасауды миссионерлер ашық та, жасырын да, небір айла-тәсілмен жалғастыра беретін тәрізді, тек күресу керек. Күресу үшін шыдамдылық, білімділік, үлкен қажыр-қайрат керек, бұл мәселеде Ж.Шойынбет ұлттық құндылықтарға, аталар аманат-өсиетіне, даналардың даналығына арқа сүйеп, онымен Абайдың шығармаларын қайта-қайта салыстыра отырып қорытынды жасай білді. Тағы бір мысал, көркем дүниесін жастайынан оқып, жақсы жазушы екен деп мақтап жүрген әрі Абай мұраларын насихаттауда өзіне серіктес тұтып жүрген Халықаралық «Абай» клубының президенті Роллан Сейсенбаев табан астында өзін «Қазақ-стан-дық ахма-дийші-лердің лидерімін» деп жариялауы, кришнайт Д.Омаровты мақтап оның кітабына алғысөз жазуы, Шымкент қаласынан «Абай» клубының филиалын ашып, 11 000 таралыммен тарайтын 20-беттік «Абай» апталық газетін шығаруы дін бұзар, елге ылаң салатын пиғылы теріс миссионерлердің «адасқан қазақтарды» өз істеріне тартуынан туындап отырғанын, тереңдеп бара жатқан теріс әрекет екенін аңдап, бұның алдын алу үшін дін туралы заңға өзгеріс енгізіп қатаңдату қажеттігін түсінді. Сондықтан Премьер-министрдің, Президент әкімшілігі жетекшісінің, Мемлекеттік хатшының атына Ашық хат жолдады («Біз кімге сенеміз немесе Абай мен Шәкәрім қағидалары неге бұрмаланады?», Қазақ үні, 26.04.2008ж.), ол хатты мәжілісте депутат М.Бекжанов оқып, депутаттардың басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Өзінің әрбір іс-әрекетін үндемей жүріп жүзеге асыратын, еліне титтей де болса пайдамды тигізсем дегеннен басқа ойы жоқ, ұлтын жанындай сүйетін Абай арманын жүзеге асырсам деп талаптанған қарапайым Созақ баласы туралы айтарымыз әзірге осындай.

Аманжол Найманбай
Этнодизайнер – профессор

(41)